АҚЖАЙЫҚТА ШЫРҚАЛҒАН СЫР ӘНДЕРІ

147

0

Халық арасында «Сырға барып жыршымын деме!» деген сөз бар. Әсілі, бұл тәмсілдің ұғымы жыр елі атанған осы бір өлкеде өнерді өрге сүйреген талай алыптың өмір сүргенінде жатса керек. Аймақ өнерпаздары гастрольдік сапармен көршілес облыстарға шығып, мәдени байланысты жандандырып отырады. Сөзіміздің дәлелі ретінде облыстық филармония артистері Батыс Қазақстанға барып, ондағы көрермендерге Сырдың сәлемін жеткізгенін атап өтуге болады.
Филармония өнерпаздары «Томирис» би ансамблінің орындауындағы «Дала сазымен» сахна шымылдығын түрді. Онан соң «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Ү.Медеуова Ғ.Құрманғалиевтің «Елге сәлем», И.Елубаеваның «Ақмешіт аспаны» мен халық әні «Ақеркені» нақышына жеткізе орындады. Өз кезегінде сахнаға шыққан жас жырау З.Баймырза Тұрмағанбеттің «Толғауын», З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін» және халық әні «Әдеміні» шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шарада халық әндерін орындаған «Тұран» триосы оралдықтардың ыстық ықыласын иеленді. Сонымен қатар бағдарламада филармония әртістері Н.Нұраддинова, О.Нұралиев жұртшылықты өз өнерлеріне тәнті етті.
Екі өңірдің арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған шараны Ү.Медеуова Ә.Тыналиевтің «Ата дәстүр» әнімен қорытындылады.
Осылайша, Орал халқының ыстық ықыласына бөленген филармония өнерпаздары Сырдың ән сәлемін жеткізіп, арадағы рухани байланысты нығайтуға үлес қосты.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз