БАҚ-ДӘУЛЕТ ҚОНҒАН ШАҢЫРАҚ

175

0

БАҚ-ДӘУЛЕТ ҚОНҒАН ШАҢЫРАҚ«Отбасы – шағын мемлекет» дейді біздің дана халқымыз. Шындығында шаңырақ көтерген соң, оның жылдар өте келе орнықты отбасына айналуы оңай шаруа емес. Ол үшін жан жарасымынан бөлек, адал еңбек, маңдай тер, биік мақсат пен зор шыдамдылық қажет. Соның бір нәтижесі – ұғымтал ұрпақ өсіріп, ұясынан ұшырып, ел қатарына қосу. 
Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылында туып-өскен Ғаниевтер отбасы да осындай, адал еңбекпен абыройға бөленген, шұғылалы шаңырақтың бірі. Отағасы Парахат Ғаниев ағамыз бүгінде 80 жастың төбесін көрген қазыналы қария. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында еңсесі түскен елге ес болып, шаруашылықтың сан саласында еңбек еткен тыл ардагері. Ал шаңырақтың шуағындай жарқын жүзді, жайдары мінезді Тынышкүл апамыз өмірге сегіз бала әкелген батыр ана, «Алтын алқа» иегері. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық конкурсында Ғаниевтер отбасы І орынды иеленді. Бұл жеңіс шаттық ұялаған шаңырақтың абырой беделін арттыра түскендей…
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары жекешелендіру саясаты жүргізілгені белгілі. Осы жылдары отбасымен ойласа келе, кәсіпкерлік бағытына бет бұрған Ғаниевтер мал шаруашылығымен айналысуға ден қойды. Ауылдың тыныс-тіршілігі етене таныс, сондықтан алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Қызылқұмның төсінде қой шаруашылығын өркендетуді қолға алды. Жыл сайын әр аналықтан алынған төл басын аман сақтап, бірінші кезекте мал басын көбейтуге мән берді. Бертін келе, шаруашылық аясына төрт түліктің басын тоғыстырып, олардан күнделікті тұрмысқа қажетті тағам өнімдерін өндіруді, өңдеуді іске асыра бастады. 
Әуелгіде ауыл деңгейінде адал еңбектерімен ел аузына іліккен шаруа қожалығы кейін ауданға, аймаққа әйгілі болып, абырой биігінен көрінді. Айталық, бүгінде әкеден балаға жеткен «Манас» шаруа қожалығының тізгінін қолына алған Ұлықбек Матаевтың иелігінде 785 бас уақ мал, 35 бас түйе, 45 бас жылқы, 85 бас мүйізді ірі қара малы бар.
«Бейнет түбі – зейнет» дегендей, шаруа қожалығының негізін қалауға көп еңбек сіңірген Тынышкүл Қанатшаева апамыз 1991 жылы Қазақстан Компартиясының ХХҮІІ съезіне, 1993 жылы республикалық әйелдер съезіне делегат болып қатысты. Бірнеше жыл облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болып, елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты. Ал 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың аналарды қабылдау салтанатына қатысты. 
Шаңыраққа шуағын төгіп, өркенін өсірумен қатар, шаруа тізгінін шырқ үйіріп, адал еңбектің абыройына бөленген Тынышкүл апа аудандық, аймақтық деңгейдегі мадақ, марапаттан кенде емес. Сондай-ақ «Жалағаш ауданының құрметті азаматы», «Халықтар достығы медалінің» иегері. 
 Иә, бүгінде саялы бәйтеректей өркен жайған Парахат ағамыз бен Тынышкүл апамыз отызға тарта немересін өсіріп, жеткізіп, жиырмадан астам шөбересінің қолынан су ішкен бақытты жандар. Олардың отбасылық бақытының сыры – адал еңбек пен ұлттық ұстанымға сай тәлім-тәрбиеде жатыр. Олай болса, мерейлі отбасының өнегелі жолы өскелең ұрпаққа тағылым болары даусыз! 
                                                                          Ғазиза ӘБІЛДА.            
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз