Бала үшін тынығу лагерьлері жыл бойы жұмыс жасайды

133

0

Бала үшін тынығу лагерьлері жыл бойы жұмыс жасайдыДүйсенбіде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтіп, онда жыл бойы жұмыс жасайтын балалар лагерьлерінің қызметі талқыланды. 
Селекторлық режимде қала, аудан әкімдері, білім бөлім басшылары мен лагерь директорларының қатысуымен өткен мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов барлық аудан мен Қызылорда қаласындағы оқушылардың жазғы тынығу лагерлерін жыл бойы жұмыс жасайтын жағдайға келтіру мәселесінің маңыздылығына тоқталды.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың баяндамасы тыңдалды. 
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні Қармақшы мен Шиелі аудандарынан басқа аудандар мен Қызылорда қаласының аумағында 8 оқушылардың жазғы тынығу лагері мен сауықтыру және қосымша білім беру орталықтары жұмыс жасайды. Атап айтқанда, Арал ауданындағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы, Қазалыдағы «Шағала», Жалағаш ауданындағы «Ақтерек», Сырдариядағы «Жалын» және Қызылорда қаласындағы «Сырдария», «Арай-Санрайз» лагерьлері мен Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» тынығу лагері және облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығы бар. Облыстағы осы аталған демалыс орындары мен облыстан тыс аймақтардағы тынығу лагерьлерінде биылғы жылы 28276 бала жазғы демалысын өткізген. 
– Облыс әкімі тарапынан лагерьлерді жылдың үш айында ғана жұмыс істетіп, қалған тоғыз ай бойы бос тұрғызбай, жыл бойы оқушылардың әрі сауығып, әрі қосымша білім алуына мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырма берілген. 2013 жылы білім басқармасына қарасты типтік жобамен салынған, бір ауысымда 300 балаға дейін қабылдай алатын Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы жыл бойы жұмыс жасайтын жағдайға келтірілсе, Арал ауданындағы «Қамбаш» көлінің жағасында пансионат ретінде салынған, жыл бойына жұмыс жасайтын 150 орындық демалыс кешені 2014 жылы балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы ретінде пайдалануға берілді. Мұнан бөлек, Сырдария ау¬данындағы «Жалын» жазғы тынығу лагері толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, екі жылдан бері жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап келеді. Жаңақорған ауданындағы «Тау самалы» лагерінің аумағынан жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған, жыл бойына қызмет жасай алатын 80 орындық жаңа ғимарат 2015 жылы пайдалануға берілді, – деп атап өтті Бақытжан Сайлыбаев баяндамасында. 
Осы орайда басқарма басшысы ендігі мәселе қалған аудандар мен Қызылорда қаласындағы балалар лагерьлерін жыл бойы жұмыс жасау тәртібіне ауыстыру болып отырғанын айтты. 
Мәселен, Қармақшы ауданында 2006 жылдан бері қала сыртындағы бала¬лар тынығу лагері болмаса, Шиелі ауданындағы лагерь 2000 жылдан бастап Шиелі кентінің «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы санаториялық бала¬бақша ғимаратының бір бөлігінде орналасып келген. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты лагерь уақытша жұмысын тоқтатқан. Осы екі ауданның оқушылары жазғы демалысын басқа аудандардағы және республиканың басқа аймақтарындағы лагерьде өткізуде. Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы «Шағала» баларды сауықтыру-демалыс лагерінде барлығы 980 бала демалады, лагерь 2001 жылдан бері аудан балаларының тек жазғы демалысын ұйымдастыруымен айналысады. Бүгінгі күні сауықтыру лагерін жыл бойы жұмыс жасау жағдайына көшіру үшін 80 орындық екі жатын ғимаратының және оқу корпусы мен шағын бу қазандығының жоба-сметалық құжаттары жасалған. Жалағаш ауданындағы «Ақтерек» лагері күрделі жөндеуден өткен. Алайда, жылу жүйесін жүргізу жұмыстары екі жылдан бері тоқтап қалған. 
Селекторлық мәжіліс барысында аудан әкімдері мен тиісті сала қызметкерлерінің күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша хабарламалары тыңдалды. Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аталған мәселеге байланысты аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз