БАРШАҒА – ТЕГІН КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ

205

0

Елбасы тапсырмасымен осы жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл орайда ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілген болатын. Бағдарлама аясында  «кәсіптік біліктілікпен қамтамасыз ету» бойынша екі бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, колледждерде техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшы мамандарын даярлау және осы мамандарды қысқа мерзімді курстарда қайта даярлау. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет-конференцияда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Е.Қарабалаев баяндады.

Оның айтуынша, биылғы жылы жалпы мектеп бітірушілерді және өткен жылы мектеп бітіріп, кәсіптік біліммен қамтылмай қалған 4603 жасты аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс негізінде оқыту жоспарланып отыр. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 1515, ал жергілікті бюджет есебінен 3088 мектеп бітіруші техникалық және кәсіптік біліммен қамтылатын болады. Биылғы жылы жалпы мемлекеттік тапсырыстың көлемі 38,2 пайызды құраса,  жұмысшы мамандығы бойынша тапсырыс көлемі екі есеге артты. Демек әрбір мектеп бітірушінің тегін кәсіптік және техникалық білім алуына мүмкіндігі бар.

Өткен оқу жылының қорытындысымен мектеп бітірген 6452 жас түлектің 95 пайызы колледждер мен университеттерде кәсіптік білім алуға қол жеткізген. Биылғы жылы олардың қатары 6196 бітіруші, яғни 97 пайызға жетіп отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, биылғы орта білім алып шыққан  түлектердің 70 пайызы, яғни 4123-і ҰБТ сынағына қатысып, жоғары оқу орындарына түскен. Ал қалған 1810 бітіруші, сондай-ақ, шекті 50 балдан төмен алған 147 бітіруші және өткен оқу жылы кәсіптік біліммен қамтылмай қалған 355 бітіруші түлек, барлығы 2362 жас жоғарыда аталған бағдарлама аясында бірінші кезекте тегін кәсіптік-техникалық білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен бірге, Ресей Федерациясына 62 түлек, облыс әкімінің гранты бойынша 182 жас колледждер мен университеттерде білім  алуда.

Ал бағдарламаның қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарын 35 мамандық бойынша 19 оқу орны мен 2 оқу орталығы жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда аталған оқу орындары тарапынан дуальді оқытуға негізделген үш жақты келісім шарттар жасалып, облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен оқу бағдарламалары дайындалды. Нәтижесінде, жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы негізінде 1044 адам қысқа мерзімді оқыту курстары арқылы кәсіптік білім алуда. 

Ғазиза ӘБІЛДА.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз