БАС ҚАЛАДА БИЗНЕС ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?

48

0

БАС ҚАЛАДА БИЗНЕС ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?Сырдың бас қаласы –
Қызылорда көркейіп келеді. Ал болашақта шаһар Сырдарияның сол жағалауында да
қанат жаймақ. Қаланың өмірі мен тіршілігі баянды болуы үшін тұрғын үйлер мен
әлеуметтік маңызы бар нысандармен қоса, сауда-іскерлік инфрақұрылымды жөнімен
жоспарлау керек. Осы ретте, біз аталмыш саланың танымал әрі білгір маманы,
Colliers Kazakhstan компаниясының атқарушы директоры Баян Қуатовамен
әңгімелескен едік.

– Баян Ералықызы,
коммерциялық жылжымайтын мүлік саласы тұрғысынан сол жағалауды игеру жобасына,
жалпы Қызылорда қаласының болашағына қандай баға бересіз?

– Ең алдымен, коммерциялық
жылжымайтын мүлік нарығына шетелдік инвесторларды тартудың маңыздылығын
түсініп, тыңғылықты істер атқарып жатқан облыс басшылығына ризашылығымды
білдіргім келеді. Яғни, инвесторларды Қызылорда нарығына қызықтыратын шара –
«Байқоңыр» инвест-форумын ұйымдастырып, мүмкіндікке жол ашып отыр.

Коммерциялық жылжымайтын
мүлік нарығына бизнес-орталықтар, зауыттар, түрлі кәсіпорын ғимараттары, шағын
және орта бизнес нысандары және тағы басқалар жатады. Бұл нарық қай уақытта да
табысты болып саналады. Тек сұраныс пен ұсыныс бір-біріне сай келуі керек.
Қазақстан бойынша коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында Алматы мен Астана
қалалары көш бастап тұр. Олармен басқа аймақтар бәсекеге түсе алады деп айту
әлі ертерек. Дегенмен, барлық аймақта ұмтылыс бар. Жаңа нысандар, ғимараттар
көптеп салынуда. Әсіресе, Қызылорда қаласында. Оның үстіне, сол жағалауды игеру
жобасы бас­талды. Жақында Қызылорда қаласында өткен «Байқоңыр» инвестициялық
форумына дайындық кезінде біздің компания облыс орталығының коммерциялық
жылжымайтын мүлік нарығына егжей-тегжейлі зерттеу жүргізген болатын. Соның
қорытындысына сүйене отырып, қалада сапалы сауда, кеңсе ғимараттары санаулы-ақ
немесе шектеулі деп сеніммен айта аламыз. Десек те, осы сектордың болашағы зор.
Меніңше, облыс­та қолға алынған жаңа жобаның аясында коммерциялық жылжымайтын
мүлік нарығы жанданады.

БАС ҚАЛАДА БИЗНЕС ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?– Сонда Қызылордада кеңсе
ғимараттарына сұраныс жоғары ғой. Бізде осы нарықтың қазіргі ахуалы қандай?

– Қазіргі таңда шаһардағы
кеңсе ғимараттарының басым бөлігі жеке мекемелердің, ірі өнеркәсіп пен өндіріс
компанияларға тиесілі. Өзіміздің зерттеуге сүйенсек, қалада халықаралық
стандартқа сай келетін, оның талаптарына жауап беретін сапалы кеңселер тапшы.
Бүгінде үш бірдей бизнес орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Қолданысқа берілген
кезде қаладағы кеңселердің көлемі шамамен 22 мың шаршы метрге артады. Аймақтың
экономикасы мен бизнесі қарқынды өсіп келеді. Мәселен, облыстың ЖӨӨ жалпы
көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 40 пайызды құрайды. Сондай-ақ, шағын және
орта бизнестің өсуі байқалады. 1 қазандағы көрсеткіш бойынша Қызылорда
қаласында 5 733 заңды тұлға жұмыс істейтіндігі анықталды. Мұның барлығы
кеңселерге деген сұранысты жоғарылатады және оның дамуына түрткі болады.

Сол жағалауды игеру жобасына
назар салсақ, жаңа қаладағы мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар кеңселердің
көлемі – 50,5 мың шаршы метр болмақ, ал сауда-саттыққа арналған кеңселердің
көлемі 102 мың шаршы метрді құрайды.

– Ал саудаға арналған
жылжымайтын мүлік туралы не айтасыз?

– Қалада сауда «стрит-ритейл»
(«көше сау­дасы») үлгісінде жүріп жатыр. Яғни, тұрғын үйлердің бірінші
қабатында орналасқан дүкендер көп. Ал сауда орталықтары мен супермаркеттер өте
аз. Тек жалғыз ғана – жалпы көлемі 12 мың шаршы метр болатын «Жібек жолы»
сауда-сауық орталығын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, бүгінде «Арай»
сауда-сауық орталығының құрылысы жоспарланып отыр. Оның көлемі – 40 мың шаршы
метр.

Облыс орталығында
«стрит-ритейл» санының көбеюі қуантарлық құбылыс. Бұл ежелгі Ұлы Жібек жолының
бойындағы тарихи қалада сауда орындарына деген сұраныс үлкен екенін көрсетеді.
Жалпы, Қазақстанда «стрит-ритейлден» сауда орталықтарына көшу тенденциясы
байқалады. Мәселен, Алматыда соңғы жылдары түрлі үлгіде бой көтерген жаңа сауда
орталықтары мен супермаркеттер пайда болды. Ал стихиялы нарықтың саны азайып
кетті.

Сол жағалау құрылысына келер
болсақ, мұнда 21,5 мың шаршы метр орын сауда орталықтарына бөлінген. Бұдан
бөлек, жаңа қалада шығыс базары мен жәрмеңке өтетін нысанның құрылысы салынбақ.

– Жаңа қонақ үйлер тағы
салына ма? Оған сұраныс бола ма?

– Әлбетте. Қазіргі таңда
қалада көлемі мен деңгейі әртүрлі 38 қонақ үйі бар. Барлығы – 500 нөмір. Бұл
аздық етеді. Өйткені, сұранысты қанағаттандырмайды. Санайғақты сөйлетсек,
биылғы жылдың алты айында Қызылорда қаласына шамамен 20 мыңдай турист келген.
Жалпы, жылдан жылға туристердің ағыны артып отыр. Сондықтан, облыс орталығына
орта класты 3 және 4 жұлдызды қонақ үйлер салынуы керек. Ал сол жағалауды игеру
жобасында оған 3,4 гектар
жер белгіленіпті.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Д.Сейітжанұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз