БАСПАНА – ҚОЛ ЖЕТПЕС АРМАН ЕМЕС

117

0

Жақында Алматы қаласында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен Қазақстан Баспасөз клубының ұйымдастыруымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі: тетіктер, артықшылықтар, сараптау» тақырыбында республикалық және өңірлік БАҚ-тарға арналған семинар өтті. 

 «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы. Елімізде аталған банк 15 жылға жуық уақыт жұмыс істейді. Ұзақ мерзімді салымдар нарығында 1-орында тұр. Осы уақыт ішінде тұрғындардың салым көлемі, ұзақмерзімді салымдардағы банк үлесі, банктің депозиттік портфелінің көлемі, келісім-шарттар саны артып келеді. Банк салымшылар қаражатын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне орналастырып, тұрғын үй заемын ұсыну арқылы азаматтардың баспаналы болуына жұмыс істеп келеді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басты артықшылығы  – тұрақтылығы және клиенттің ыңғайына жұмыс істеуге дағдылануы. Алға қойған мақсаттарының қатарында мықты, тұрақты бренд қалыптастыру, жүйеге қатысушылар үлесін, ипотекалық кредит нарығындағы банк үлесін арттыру бар. Сондай-ақ, клиенттерге қызмет көрсету операцияларының 50 пайызын онлайн тәртібіне көшіру көзделіп отыр.

Зерттеулерге қарағанда, тұрғындардың баспанамен  қамтылу көрсеткіші әлі де төмен деңгейде. Дегенмен, тұрғын үй құрылысы нарығының даму қарқыны жоғары. Пайдалануға берілген пәтер саны, тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі жылдан жылға артуда.

Адам «үй болмай, күй болмасын» ұғынған кезде осы жауапты жұмысты қолға алмас бұрын сенімді банк іздейтіні анық. Мұндайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басты артықшылықтары көзге көрінеді. Біріншіден, бұл – мемлекеттік банк, екіншіден, салымдарға кепілдік беру қоры, үшіншіден, еліміздегі ең жоғары рейтингі  бірден назар аудартады. Жылдық 3,5 пайыздан бастап жеңілдігі бар кредитті екі банктің бірі ұсына бермейтіні тағы  бар. Өткен жылы банк активтері алдыңғы жылмен салыстырғанда 31 пайызға өскен. Депозиттік база мен кредиттік портфельдің пропорционалды өсімі күтілуде.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы секциясында банктің Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Диас Рахымхан жүйенің тұрақтылығы мен модельдерін терминдер мен анықтамалар арқылы түсіндіріп берді. Бүгінде банк ең тиімді шарттармен несиелендірудің тұрғын үй заемы, аралық заем, алдын ала заем деп аталатын 3 түрін ұсынып отыр. Несиелендіру мерзімі 6 жылдан 25 жылға дейін.

Спикер өз сараптамасында банк клиентінің портретін ұсынды. Ең көп қойылатын сауалдарға нақты жауап берді. Банк клиентінің басты мақсаты – әрине баспаналы болу. Оның орташа айлық табысы тұрғын үй заемы үшін 136 мың теңге, аралық заем үшін 207 мың теңге, алдын-ала заем үшін 145 мың теңге. Заемға төленетін ай сайынғы төлем тұрғын үй заемы үшін 42 мың теңге, аралық заем үшін 80 мың теңге, алдын ала заем үшін 56 мың теңге.   Қазір 162 мыңнан астам заем үй алуға, жөндеуге, құрылысқа және жер алуға берілген.

Одан әрі «Баспана» тарифтік бағдарламасының шарттары мен тетіктері, несиелер, олардың тұрғын үй қарызы, аралық қарыз, бастапқы қарыз сияқты түрлеріне терең талдау жасалды. Банк қатысатын «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламалар, жеке құрылыс салушылармен ынтымақтасу туралы банктің департамент директорының орынбасары Меруерт Көпбаева айтып берді. 

Еліміздің қаржы нарығында 15 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан «Тұрғын үй құрылыс банкінің» тиімді шарттары туралы жұртшылықтың түгелдей хабардар болуына, өміріндегі жауапты қадамды осы банкпен бірге жасауына не кедергі? Бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе, қазақша басылымдар жинақтаушы жүйе туралы оқырманға не түсіндіре алмай жүр? Банктің менеджерлері осы сұрақтарды егжей-тегжейлі зерттеген.

Жалпы әлемдік тұрғын үй  жинақтаушы  жүйесінің 2 жарым ғасырға жуық тарихы бар. Көптеген батыс елдері орташа табыс табатын халқын осы жүйе арқылы баспанамен қамтып отыр. Ал бізде жинақтаушы жүйе жұмыс істегенмен, үйсіз адамдар әлі де көп. Орташа жалақысы мен тұрақты жұмысы бар адамдардың жинақтаушы жүйеге үміт артпай, пәтерден пәтерге көшіп жүруі ойланатын жағдай.

Қаржы тақырыбы – қазақ журналистикасы үшін әлі де күрделі тақырып. Себебі, экономика қазақ тілді емес. Модераторлар, спикерлер көбіне орыс тілінде сөйлейді. Бұл қазақ журналистерінің тақырыпты терең меңгеруіне кедергісін келтіруде. Сондықтан осы семинарда «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есали және «Бизнес&Власть» газетінің бас редакторы Екатерина Корабаева тұрғын үй жинақтары мен қарыздар туралы жазудың тәсілдемелері туралы тәжірибелерімен бөлісті. Топқа бөлінген қатысушылар тапсырмамен жұмыс жасап, оқырманға барынша түсінікті ақпарат беру жолдарын талқылады.

Семинар соңында банктің жарнама және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Зәуре Масғұтова қатысушыларға алғысын жеткізіп, сертификат тапсырды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 

Қызылорда-Алматы-Қызылорда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз