БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖАҢА БАСТАМАСЫ

60

0

 

БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ  ЖАҢА БАСТАМАСЫ«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» деп
аталатын жаңа бағдарламасы алғашқы қадамын Сыр өңірінен бастап отыр. Бағдарлама
аясында облыс орталығында 40 мың шаршы метрді құрайтын 12 көпқабатты тұрғын үй
салынатын болады. Жаңа бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру мақсатында жексенбі
күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ
басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов меморандумға қол қойды.

Осы келісім негізінде қаладағы «Сырдария» шағын
ауданынан 100 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланса, қалған 500
пәтерді құрайтын 10 көпқабатты тұрғын үй жаңадан бой көтеретін «Арай-3» мөлтек
ауданынан салынатын болады. Жалпы алғанда, бұл жыл көлемінде «Өз үйім»
бағдарламасы арқылы 600 қызылордалық баспаналы болады деген сөз.

Басқосуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде
тұрғындарды баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға
тоқталып, қарқынды жұмыстың биыл да
жалғасын табатынын жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі тұр­ғындарды баспанамен қамту
тұрғысында кешенді бағдар­ламалар аясында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Елбасы
тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамытуды оңтайландыру ретінде «Нұрлы жол»
бағдарламасы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуде. Қызылорда қаласының
тұрғындары аталған бағдарлама игілігін айрықша сезініп отыр деп айта аламыз.
Бүгін біз тоғыз 450 пәтерлі үйдің
құрылысын бастадық. Тек жылдың басында 19 көпқабатты үйдің құрылысы басталғалы
отыр. 268 мыңнан астам тұрғыны бар Қызылорда қаласында жыл сайын халықты
баспанамен қамтамасыз ету мақсатында салынған тұрғын үйдің көлемі артып келеді.
Былтырдың өзінде салаға тартылған инвестиция көлемі 22 млрд теңгені құрап,
тұрғын үй құрылысы 8 есеге өсті. Биыл да бұл көрсеткіш кем болмайды. Бүгін
міне, жаңа бағдарлама біздің өңірден бас­тау алып отыр. Сондықтан «Тұрғын үй
құрылыс жинақ банкінің» басшылығына алғыс айтқым келеді. Осы шаралардың барлығы
Сыр өңірінде тұрғын­дардың әлеуметтік жағынан қам­тамасыз етілуіне, жаңа жұмыс
орындарының ашылуына, салық қазанын толық­ты­руда және құрышқолды құры­лысшыларымыздың
еңбегін дамытуда оң ықпалын тигізбек, – деп облыс әкімі Қ.Көшербаев жаңа
бағдарламаға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ
басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов сөз алып, жылы лебізін білдірді.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тұрғын үй
салу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік үш аймақтың ішінде. «Өз үйім»
бағдарламасын Сыр өңірінен бастауымыздың да өзіндік себебі бар. Жергілікті
басшылар құрылыс жүргізу үшін қажетті инфрақұрылымды дайындап, барлық жағдайды
жасап отыр. Біз өз тарапымыздан үйлердің сапасын ұдайы бақылауда ұстайтын
боламыз,– деді А.Жұмағұлов.

Шара соңында облыс басшысы мердігер мекемеге
құрылыстың сапасына мән беруді тапсырды. Айта кету керек, биыл екі мыңнан астам
сырбойылық баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз