БАСТЫ БАҒЫТ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

84

0

БАСТЫ БАҒЫТ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКӨңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Усаиннің қатысуымен брифинг өтті. Онда басқарма басшысы Елбасы биылғы Жолдауында ел дамуына қарқын беретін жаңа бағдарлама ұсынғанын, бұл бағдарлама экономиканың тұрақты өсуіне серпін беріп, инновацияның мүмкіндігін кеңейтіп, бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсетінін атады.
– Еліміздің алдағы мақсаты – 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына ену. Бұл орайда біз жаңа жаһандық болмыс талаптарын қабылдауға тиіспіз. Себебі, әлемде төртінші өнеркәсіптік революция бас¬талды. Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанды үшінші жаңғырту міндетін алдымызға қойып отыр. Оны іске асыру үшін осы күрделі кезеңде еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алатын экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру қажет, – деді М.Усаин. 
Баспасөз өкілдерін сала жұмысынан хабардар еткен М.Усаин облыс аумағы бойынша тұрғындарды ауызсумен, газбен, электр қуатымен, жылумен қамту мәселесі және көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарының барысы жайлы баяндады. Айталық, бүгінде аймақта 260 елді мекеннің 194-і, яғни 74 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұл елді мекен тұрғындарының 95 пайызын қамтиды. Сондай-ақ, 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен ауызсу жүйесін жаңғыртуға 5 жобаның құрылысы басталған. Нәтижесінде, 280 мыңнан астам тұрғынның ауыз сумен қамтылу мәселесі шешімін табады.
Осы жылы аталған бағдарлама аясында 36 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар арқылы 335 шақырым ауызсу құбыры және 7,7 шақырым кәріз су жүйесі жаңғыртылатын болады. Алдағы уақытта Европалық даму банкімен бірлесіп, «Қызылорда қаласының сумен қамту жүйелерін салу және жаңғырту жобасы» аясында қаланың ауыз су және кәріз жүйелерінің электрондық картасы әзірленіп, биллинг жүйесін енгізуге жұмыстар жасалып, 23 КНС-ке жаңғырту жұмыстарын жүргізу жобасы әзірленген.     
Өңірді газбен қамту саласы бойынша өткен жылы қала аумағындағы шыны зауытын газдандыруға байланысты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар-ламасымен, 14,7 шақырым газ құбыры салынса, Талсуат елді мекеніндегі 3 әлеуметтік нысанға 25,7 шақырым газ құбыры тартылып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде АГТС орнатумен қоса, «Бейнеу – Шымкент» магистральды  газ құбырына бұрма-газ құбырының құрылысы» жобасына 2017 жылға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Жосалы, Жалағаш, Сырдария аудандарын газдандыру жобасы әзірленіп, «ҚазТрансГаз» АҚ-мен және республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті жұмыстар жасалып жатыр.
Тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамту – аса жауапты мәселелердің бірі. Бұл бағытта Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы бірқатар елді мекен бойынша қажетті жобалар және  «Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын электр көзімен қамтудың 1-ші кезеңі» жобасының жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Ал жылумен қамту мәселесі бойынша айтар болсақ, есепті кезеңде білім саласындағы – 464, мәдениет және спорт саласындағы – 377, денсаулық саласындағы 336 нысанға және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 647 көпқабатты тұрғын үй тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. 
– Өздеріңізге белгілі, қаладағы жылу құбыр¬ларының әбден тозығы жеткен. Сол себепті 2015-2016 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасымен 21 жобаға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 14,4 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылды. Сонымен бірге, «Қызылорда қаласының жылу жүйелерін салу және жаңғырту»  жобасымен өткен жылы 4,1 шақырым жылу жүйесі жаңартылып, 2 газтурбиналық қон¬дырғы жөндеуден өткізілді. «Қазалы жылу орта¬лығы» газға көшірілді. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі бірқатар мектеп, балабақша және Жаңақорған кентіндегі 5 мектептің жылу қазандығын газға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді басқарма басшысы.
Көпқабатты тұрғын үйлерге байланысты айтар болсақ, 2011 жылы 800 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу қажет болса, бүгінде олардың 160-ы жөндеуден өтіп, алдағы  уақытта  640 үйге күрделі  жөндеу қажет екені нақтыланып отыр. 
Брифинг соңында М.Усаин журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз