БАСТЫ МІНДЕТ – ӘЛ-АУҚАТТЫ АРТТЫРУ

52

0

БАСТЫ МІНДЕТ – ӘЛ-АУҚАТТЫ АРТТЫРУАптаның сейсенбі күні Мемлекет басшысы Алматы облысына сапармен барды. Аймақтың кәсіпкерлерімен кездесуде Елбасы облыста республика халқының жалпы санының 16 пайызы тұратындығына тоқталды.

 

– Сондықтан облысқа мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінеді. Өңірге айтарлықтай көлемде субсидиялар бөлінуде. Бұл өз нәтижесін беруде. Денсаулық саласының және басқа да салалардың дамуы нәтижесінде халықтың жалпы өмір жасының ұзақтығы 71 жылға жетті, – деді Қазақстан Президенті.

 

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жұмыстарының қарқыны жеткіліксіз екендігін атап өтті.

 

Сапар барысында Мемлекет басшысы қорғасын аккумулятор зауы­тында болып, кәсіпорын шығаратын өнімдер ассортиментімен танысты. Осыдан кейін кардиологиялық орталыққа барған Мемлекет басшысына өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуы, орталықтың қызметі, оның бірегей оталар жасауға мүмкіндік беретін техникалық жарақталуы жөнінде баяндалды.

 

Сапарының екінші күні, яғни кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы кандидатурасын облыстық мәслихат депутаттары мақұлдаған өңірдің жаңа басшысы Амандық Баталовты таныстырды. Мемлекет басшысы жаңа басшылыққа бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соңында Қазақстан Президенті барлық өңірлер үшін негізгі міндет тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық даму және халықтың әл-ауқатын арттыру болып саналатынын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз