БАТА – БАЯНДАМА, ТІЛЕК ТОСТ ЕМЕС

255

0

БАТА – БАЯНДАМА, ТІЛЕК ТОСТ ЕМЕСҚонақтамыз. Үйлену тойы. Ет желініп, шай ішіліп болды. Бас табақ иелерінің бата беретін реті. Жасы алпыстың о жақ-бұ жағындағы төрт-бес кісі бір-біріне ысырып сала берді. Сол жерде «сен айт» та, «сен айт» болды. Біреуін ақыры көндірді-ау. Қонақтар қолдарын жайып күтіп отыр. Әлгі атамыз «ал мына екі жас бақытты болсын!» деп бастап, аяғында інісінің үрім-бұтағын түгендеп кетпесі бар ма?! Жұрт жалықты ғой деймін, әбден тыпыршыды. Қатарда қалжыңбас жігіт ағасы бар екен, сол «мынаның әумині қай жерінде?» деп қойып қал¬ды. Абыржып қалған ас қайырушы ата бата  соңын қысқа қайырып, отырғандар «үһ» десті. 
Өткен жолы қалада көп¬қабатты үйдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Игі жақсылар мен әкім-қаралар көптеп жиналды. Сценарийге сәйкес соңында есімін көпшілік білетін ағамыз бата беруі тиіс-ті. Тәп-тәуір бастап келе жатты да саясаттан әңгімені соқты. Пәлен жыл бастық болған кісі батаны баяндамаға айналдырып жіберіп, неге алақан жайып тұрғанымызды ұмытып қала жаздағанымыз бар. Мұндай келеңсіз жағдайлар ара-тұра кездеседі. Бата – баяндамаға, тілек тостқа айналған кезде «әй, ағалар-ай!» дегеннен басқа сөз таппайсың. 
Қызылорда қаласында тұратын батагөй ақсақал Абызбай Махамбетов ізгі тілектен, игі ниеттен туған сөз-мұраның мән-мағынасы мен қадір-қасиетіне терең бойлай бермейтін қатарластарын көргенде қынжы-латынын айтады. Жасы 80-нен асқан Абызбай ата – облыстық мәдениет басқармасы және ардагерлер кеңесі ұйымдастырған «Ақ бата» байқауының жеңімпазы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 
– Кеңес өкіметі кезінде көптеген салт-дәстүрімізге тыйым салынып, олармен тек тәуелсіздік алған соң ғана қауыштық. Соның бірі – бата. Кейде үлкендерден бата сұрасаң, аузына сөз түспей, жан-жағына жалтақтай береді. Адам өмірінің қарттық кезеңі зор салмақ пен жауапкершілік жүктейді. Барған жерінде «үлкен екенмін» деп кеудесін ке-ріп, төсін ұрып, не болса соны айта беру дұрыс емес. Аузына ата сақалы түссе де кей замандастарымыз батаның қадір-қасиетін, мән-мағынасына терең бой¬лай бермейді. «Парасатсыз кәріден сақтасын, Дұшпанның кәрінен сақ¬тасын!» деген осыдан шық¬са керек, – дейді бата¬гөй ақсақал. 
Әдебиет зерттеушісі Серік Негимов батаны Құранның «Фатиха» сүресімен байланыстырады. Араб тіліндегі «фатеке» сөзі ақ тілек, ақ ниет білдіру деген мағынаны білдіреді екен. Бата берудің өз жөні мен жолы бар. Қонақтар арасында оны үлкен адам немесе көптің рұқсатымен жас та болса бас боларлық адам береді. Ер адам отырғанда әйел ас қайырмайды. Мерейіңді өсіретін осынау аталы сөз қазақ үшін құнды. Соны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алдыңғы буын парасат биігінен түспесе екен. Әйтпесе, «енді не дейміз?!» деп қалбалақтап тұрған қариядан не қайыр?

Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз