Батырбек – Европа чемпионы

58

0

Шілденің 7-8 аралығында Кипр елінде жасөспірімдер арасында таэквондодан Еурапа чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 18 мемлеккеттен 1000-ға жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынасты. Дүбірлі додада жерлесіміз Батырбек Зейнолла топ жарып, Еуропа чемпионы атанды.
Сыр елінің саңлағы алғашқы сайыста түкиялық спортшыны ұпай саны бойынша бағындырса, келесі қарсыласын да бірнеше айла-тәсілдермен қапы қалдырды. Ал финалда тағы бір түркиялық өренді мойындатқан ол жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпы аталған сайысқа еліміз бойынша 21, ал Сыр өңірінен 3 спортшы қатысқан болатын. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған аймақ спортшыларының барлығы да жүлделі орындардан көрінді.
– Мен үздік үштіктен көрінуді мақсат етсем де, мыңға жуық спортшының ішінен топ жарамын деп ойлаған емеспін. Бірақ бойымдағы жігер мен арманым осындай жеңіске жетеледі. Өзге елде көк байрағымыздың желбіреуіне үлес қосқаным үшін мақтанамын. Бұл жеңіс тек дайындық пен еңбектің арқасында келді. Байрақты бәсекеде топ жаруыма бапкерімнің қосқан үлесі зор. Болашақта мұнан да үлкен додаларда топ жарып, артқан сенімді ақтауға тырысамын, – дейді Батырбек Мақсұтұлы.
Сыр спортшысы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша білім алуда. Оның аталған спорт түрімен айналысқанына 5 жыл толып отыр. Жатықтырушысы Самат Шаудырбаев та шәкіртінің алдағы талай тартысты додаларда топ жаратынына үміт артады. Еуропа жеңімпазын ертең Қызылорда теміржол вокзалынан жанкүйерлері салтанатты түрде күтіп алады. Сыр саңлағын айтулы жеңісімен барша қызылордалықтардың атынан құттықтаймыз.
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз