БАТЫРЛАР МЕН ТАҒДЫРЛАР немесе Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың тағдыры туралы

349

0

1934 жылы КСРО Орталық атқа¬ру комитетінің қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы белгіленді. Бастапқы кезде бұл атақ ¬бойынша ешқандай ерекшелік белгісі қарас¬тырылмаған-ды. Марапаттау алғаш¬қыда КСРО Орталық атқа¬ру комитеті¬нің мақтау қағазымен шектелді. 
Кеңес Одағының Батыры атағы, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеп берілді. Бұл, ¬жалпы марапатталған адамдардың 91,2 ¬пайызын құрайды. Ұлы Отан соғысы жыл¬дарында барлығы 11 657 адам ең жоғары атаққа ие болды (олардың ішінде 3051 адамға өлгеннен соң берілді). Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғандардың 90-ы әйел азаматтар (олардың 49-на бұл атақ өлгеннен соң берілген) еді.
Жалпы, Кеңес Одағы ыдырағанға дейін теріс қылықтары үшін осы атақтан айырылған 72 адамды және Батыр атағын беру туралы 13 Қаулының негізсіз деп табылғандығын есептемегенде, 12 776 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Олардың ішінде бұл атаққа 154 адам екі мәрте (9 адам өлгеннен кейін), 3 адам үш мәрте, 2 адам төрт мәрте ие болған. Кеңес Одағы Батырларының ішінде 95 әйел бар. 44 адам шет мемлекеттердің азаматтары.
Қазақстандықтар арасынан алғашқы болып Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар – С.Гуденко мен С.Чуйков. Олар бұл атаққа 1938 жылы Хасан көлінде Жапониямен болған соғыста көрсеткен ерліктері үшін алған. Ал В.Булавский, Н.Т.Видяшев және М.Зубарев бұл атаққа 1939-1940 жылдары қыста кеңес-фин соғысындағы шайқаста көрсеткен ерліктері үшін ие болды. 
Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға жөнелтілді. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда әскер қатарына 300 мыңдай, ал соғыс кезінде 1 млн 200 мыңнан астам адам шақырылған. Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі – 1 орденмен, төртеуі – 2 орденмен, екеуі 3 орденмен марапатталды. 5 дивизия (Кеңес Одағының Батыры ¬    И. Пан¬филов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. 
497 қазақстандық (кейбір деректер бойынша 520) Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі (кейбір деректер бойынша 98) қазақ. ¬Батыр атағын алған қазақ қыздарының ішінде Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болды.
Ұшқыш М.Пономарев (1951), Н.Карацупа (1965), ұшқыш-ғарышкерлер В.Пацаев (1971), В.Шаталов (екі рет алған), сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров (1988). Ауған соғысында көзсіз ерлік жасап, көзге түскен ұшқыш Николай Майданов та (шын есімі Қайырболат Майданов) 1988 жылы осы атаққа ие болды.
1990 жылы көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан соң Кеңес Одағы Батырының құрметті атағы берілді. Сөйтіп әділдік 45 жыл өткен соң орнады. Бауыржан Момышұлы 1941 жылы аға лейтенант шенінде батальон басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан бес рет алып шықты. Соғысты Литва жерінде дивизия командирі болып, полковник шенінде аяқтады.
Бұларға қоса, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер Бақтыораз Бейсекбаевқа Ресей Федерациясының Батыры (1996), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы (1998), ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаевқа Ресей Фе¬де¬-рациясының Батыры (1994), Қазақстан Республи¬касының Халық Қаһарманы (1995) атақ¬тары берілді. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен  2004 жылы Халық Қаһарманы атағы берілді. Өзбектер кезінде иеленіп кеткен генерал-майор Сабыр Рахимов пен бөлімше командирі Рәсүл Есетов Батыр қазақтардың санына қосылды. 1946 жылы бұл атақ соғыста зеңбірек батареясының командирі болған Құдайберген Сұрағановқа берілгені белгілі болды.
Сонымен соңғы деректер бойынша, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақтардың саны бүгінде 103-ке жетіп отыр.
Батырлық та халықтың ұлылығын білдіреді. Біз әдетте қайсыбір ұлттың ұлылығын сол елдің экономикалық күш-қуатымен байланыстырып келсек, тағдыры ерлік шежіреге толы халықты да сол ұлы ұғыммен сабақтастырудың негізі бар деп ойлаймыз. Соңғы анықталған деректер бойынша бұрын Кеңес Одағы халқының құрамында жоғары атаққа ие болған ұлттарды сан жағынан ретімен былай орналастыруға болады:
Орыстар – 7998, украиндар – 2021, беларустар – 299, татарлар – 161, еврейлер – 107, қазақтар – 96, грузиндер – 90, армяндар – 89, өзбектер – 67, мордвалар – 63, чуваштар – 45, азербайжандар – 43, башқұрттар – 38, осетиндер – 33, марийлер – 18, түркімендер – 16, литвалықтар – 15, тәжіктер – 15, латыштар – 12, қырғыздар – 12, комилер –10, удмурттар – 10, эстондар – 9, карелдер – 8, бурят және моңғолдар – 8, кабардиндер – 8, адыгейлер – 6, абхаздар – 4, якуттар  – 3, молдавандар – 2, тувалық – 1.
Кейінгі анықталған деректер бойынша Кеңес Одағының Батырлар санын бірнеше қырым татарлары мен чечендер толықтырып отыр. Қазақтар Батырлар қатарында бұрынғы Кеңес Одағы ұлттарының ішінде 6-шы орын алады. Бұл нені білдіреді? Кең далада еркін ғұмыр кешіп, жауына қарсы жан аямай соғысқан кешегі Ұлы даланың бүгінгі ұрпағы серттеріне адал болды. Елін, жерін қорғаған азаматтар «арым жанымның садақасы” деп соғысты. Қиын-қыстау сәттерде жауынан қаймықпай, ерліктің сан мәрте үлгісін танытты.
Сталиннің билік құрған тұсында Кеңес Одағы Батырына ұсыну кезінде көптеген жаң¬сақтықтарға жол берілді. Әсіресе, қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген халықтар мен этнос өкілдері арасында жоғары құрметті атақтарға ұсынуға тыйым салынған нұсқаулар болды. Олардың бір¬қатары қалмақтарға, қырым татарларына, кеңестік немістерге қатысты еді. Бұл ұлттардың өкілдері марапаттау кезінде толтырылатын парақшаларда өз ұлтын жасыруға мәжбүр болды. Батырлар қатарында еврей ұлты¬ның өкілдеріне қатысты да осыны айтар едік. Олардың көпшілігі өздерінің қандай ұлтқа жататынын жасырып, тектерінен саналы түрде бас тартты. Тіпті, Сталин соғыс жылдары Польшаның эмиграциядағы үкімет мүшелерімен болған кездесуде өзінің сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотовтың (оның шыққан тегі еврей) көзінше: «Еврейлер толыққанды солдат емес, …иә олар нашар солдаттар”, – деп айтып салды.
Сталиннің ауызша айтқандарының өзі нұсқау¬ға пара-пар болатын. Сол заматта майдандағы әскери саяси қызметтегі еврей өкілдеріне, майдандық газеттегі еврейлерге деген көзқарас өзгерді. Олар шеттетілді, лайықты ерлік істері қасақана еленбеді.
Батыр атағын алғандардың арасында неміс тұтқынында, кейін НКВД абақтыларында ұзақ жыл отырып, кейбір жағдайларда із-түссіз жоғалып кеткендер де болды. Солардың бірі кеңес ұшқышы Яков Антонов еді. Фин соғысында, Отан соғысының алғашқы жылдарында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Антонов 1942 жылдың тамыз айында Кавказ аспанында атып түсіріліп, тұтқынға түсті. Тіпті оның сол сәттегі болмысын неміс кинооператорлары бейнетаспаға түсіріп, фашист ұшқыштарымен емен-жарқын әңгімелесіп отырғанын күллі әлемге таратып жіберген еді. «Міне, көрдіңіздер ме, сталиндік қыранның неміс ұшқыштары арасында отыр¬ғанын. Немістер өзінің лайықты жауларына да осылайша құрмет көрсете біледі”, делінген еді осы бейне түсірілімге берілген түсініктемеде. Я.Антоновтың кейінгі тағдыры бүгінге дейін беймәлім.
Тарихтан белгілі, 1942 жылы неміс тұт¬қынына түскен армия қолбасшысы Андрей Власов гитлершілдердің қолдауымен Қызыл әскерлерге қарсы орыстың азат ету құрамасын құрған болатын. Бірақ, бұл құрама Қызыл Армияға қарсы күресіп жарытпады. Дегенмен, мына факт біртүрлі таңданыс туғызады. 1943 жылдың қыркүйек айында айрықша ерлік үлгісін көрсеткені үшін ұшқыш Семен Бычков Кремльде Сталиннің қолынан Кеңестер Одағы Батырының «Алтын жұлдызын” алған еді. Арада үш ай өткенде ол кезекті тапсырманы орындау кезінде неміс тұтқынына түсті. Тұтқында болғанда Власовтың идеологиялық алдау-арбауына түскен ол немістерге қызмет жасауға ұйғарым жасады. Дәл осындай жағдай Кеңес Одағының Батыры Бронислав Антилевскийдің де басынан өтті. 
Ж.ӘЛМАХАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз