БАҚЫЛАУ КҮНДЕЛІКТІ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

48

0

 

 

БАҚЫЛАУ  КҮНДЕЛІКТІ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІСКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен азықтүлік және азықтүлік емес тауарларының нарықтағы бағаларын тұрақтандыру және нарықты молайту жөніндегі штабының кезекті отырысы өтті. Онда күн тәртібіне байланысты облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов берілген тапсырмалардың орындалуы жайлы хабарлама жасады.

 

Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығына мониторинг жүргізу, бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу, нарықты толтырып отыру, күнделікті бақылауға алынғанын атап өтті. Жалпы алғанда облыста жағдай тұрақты, бағалардың негізсіз өсуі орын алған жоқ. Бағалардың өсуі жұмыртқа, сарымай, өсімдік майы және қант секілді өзімізде өндірілмейтін азық-түлік түрлерінде байқалды. Бағаларды негізсіз көтермеу жөнінде 15 ірі сауда орнымен меморандум жасалды. «Байқоңыр» ӘКК-нің «Мирас» сауда орталығымен жасаған меморандумы негізінде 1,1 млрд теңгеге 17 мың тонна азық-түлік тауарлары әкелініп, базар бағасынан 15-20 пайыз төмен сатылды. Облыста жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкелердің де тиімділігі мол болып отыр.

Азық-түлік емес тауарлар рыногына да мониторинг жүргізіліп келеді. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Нұрлан Пірімов бензин бағасын негізсіз өсірген бірнеше субъектілерге қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылып, оларға 8 млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын жеткізді. Департамент басшысы осы ретте коммуналық қызметке бағаның көтерілгені жайлы түсінік жұмыстарының кемшін соғып жатқанын мәлімдеді. Облыс әкімі осыған байланысты бірқатар басқармалар басшысына тапсырма берді. Тұрғындарға қарапайым түрде түсіндіру жұмыстары қолға алынғаны жөн. Сонымен бірге, әр қызмет үшін қағаздар легін көбейтпей, бәрін бір қағазға топтастыруды жолға қою туралы баса айтты.

Отырыста аудан әкімдері бағаны тұрақтандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Облыс басшысы негізгі тауарлар бағасын республикалық орташа бағадан асырмауға назар аударуды тапсырды. Ол үшін бізде мүмкіндіктер жеткілікті. Қырымбек Елеуұлы осы орайда, Сырдария ауданында әлеуметтік дүкендер арқылы аз қамтамасыз етілген отбасыларына көмек көрсету тәжірибесіне лайықты баға берді. Сонымен қатар, басқа аудандар мен Қызылорда қаласы Сырдария ауданынан үлгі алу қажеттігін атап өтті.

Отырысты қорытындылаған аймақ басшысы бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, кейбір тауарлар бағасы өсіп отырғанына назар аударды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін олардың мол қорын жасап, әлеуметтік дүкендер арқылы сатуды жүзеге асыра беру қажет. Ал бақылау күнделікті жасалып тұруы тиіс.

 

Ы.ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз