«БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

70

0

«БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫБүгін Байқоңыр қаласында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің,  РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозиннің төрағалығымен және  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы өтті.   
Үкіметаралық комиссияның отырысында тараптардың «Байқоңыр» кешенінің қызметіндегі өзекті мәселелерді шешуіне мүмкіндік беретін, «Байқоңыр» кешеніндегі әрі қарайғы  ынтымақтастық Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды. Тараптар «Байқоңыр» ғарыш айлағының инфрақұрылымын дамытуға және қолдауға бағытталған біріккен іс шараларды қабылдауға, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құруға уағдаласты. 
Біздің алдымызда тұрған ортақ міндет-ғарыш саласындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты тереңдету және жалғастыру. Уақыт өте келе Байқоңыр зымыран ісі саласындағы мамандарды даярлайтын нағыз технополиске айналады,-деп атап өтті Д.Рогозин.  
«Байқоңыр» кешенінің тиімді қызметін ұйымдастыру жөніндегі бірлескен жұмыстар екі елдің ғарыш саласын дамытуға,  «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы  ғарыштық қызметтің әлемдік нарықтағы заманауи әрі бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалуға бағытталған,-деді А.Мамин. 
Сондай-ақ, жиында Байқоңыр қаласын бірлесіп дамытудың  2017-2025 жылдарға арналған Бағдарламасының жобасы пысықталды. Оның іске асуы жалға беру  жағдайында қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамыту арқылы жаңа әлеуметтік, мәдени, тұрғын үй және өндірістік нысандарды құруға, инвестиция және бизнес тартуға, қолжетімді баспана құрылысын салуға, шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етеді. Комиссия отырысында Байқоңыр қаласын дамытудың қазақстанстандық тараптан қаржыландырылу тәртібі бекітілді. Осылайша, қаланың дамуына қос тарап та қатысатын болды. Бұл инфрақұрылым нысандарын,  атап айтқанда, әбден тозығы жетіп ескірген жылу және су жүйелерін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қабылданған шешімдер қаланы табиғи газға қосу бойынша қолға алынған жұмыстардың аяқталуына да оң ықпал етпек. Жыл аяғына дейін тұрғын үйлердің алғашқы легін көгілдір отынға қосу,  газ тарифін төмендету жоспарланған. 
Сонымен қатар жиында «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметкерлеріне, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетудің, оның ішінде Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтарына Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес, ҚР денсаулық сақтау субъектілерінің  медициналық қызмет көрсету  тәртібі, сондай-ақ олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен дәрігерлік көмек алуы туралы екіжақты құжатты ағымдағы жылдың 3-тоқсанында қабылдауды жеделдету жөнінде шешім қабылданды. 
«Байқоңыр» кешенінің мәселелерін талқылау Астана қаласында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жалғасты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз