Байқоңырда газ құбырының құрылысы басталды

49

0

Байқоңырда газ құбырының құрылысы басталды23-24 қараша күндері Сыр өңіріне ҚР Премьер-министрінің бірінші
орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған топ жұмыс сапарымен келді. Екі күндік
сапардың алғашқы күнінде Б.Сағынтаевтың назарына Байқоңыр қаласы мен оның
іргесіндегі Төретам кенті және Ақай ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандар
жұмысы ұсынылды. Сонымен қатар, мәртебелі мейман «Байқоңыр” автоматтандырылған
газ тарату станциясының жұмысымен танысты.

ҚР
Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған топ жексенбі
күні түс ауа Қармақшы ауданының Ақай ауылдық округі мен Төретам кентінде болды.
Мәртебелі мейман алдымен Ақай ауылдық дәрігерлік амбулаториясына аялдады.
Жаңадан салынған нысан осы аптаның сенбісі күні пайдалануға берілген. Бір
ауысымда 50 келуші қабылдай алатын селолық дәрігерлік амбулатория осы заманғы
медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қармақшы ауданының бас
дәрігері Бақытжан Нысанбаевтың айтуынша, нысан облыс бюджеті қаржысына
салынған. Мердігер компания «Азия Даму”
ЖШС ғимараты 6 ай ішінде салып, ақайлықтардың игілігіне ұсыныпты. Кеше ғана
қолданысқа берілген нысан жұмысымен танысқан мәртебелі мейман назарына келесі
кезекте Төретам кентінде жаңадан ашылған 280 орындық «Гауһартас” балабақшасы
ұсынылды. Мұнан кейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев
Байқоңыр қаласындағы көпсалалы аурухана бойынша проблемалық мәселелерімен
танысты.

Осы күні
кешкілік Байқоңыр қаласының маңында «Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральдық газ
құбырынан «Байқоңыр” АТТС-на газ жеткізетін жоғары қысымды бұрма газ құбырының
құрылысы ресми түрде іске қосылды.

Айта
кетейік, «Байқоңыр” автоматтандырылған газ тарату станциясы «Қызылорда
облысының 5 елді мекенін газдандыру” инвестициялық жобасын іске асыру
шеңберінде салынып жатқан тұңғыш нысан.

Бұл жобаның
тұсаукесер рәсіміне қа­тысқан Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары
Б.Сағынтаевқа «Қаз­Транс­ГазАймақ” АҚ бас директоры Ибулла Сердиев компанияның
Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру жұмысы басталғанын жеткізді.

Нақты
кезеңде облыстағы елді мекендер тұрғындарын газбен жабдықтау үшін оларды
«Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистралды газ құбырына қосу, яғни аймақты газдандыру
бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.

Жалпы
ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистралды газ құбыры
Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан
өтеді. Айта кетерлігі, ауқымды жобаның І кезеңі былтыр аяқталды. Жаңа
магистраль бойынша тасымалданатын газды енді жергілікті тұрғындар да кеңінен
пайдалана алады. Ол үшін аталған магистралді құбырдың бойындағы 500-ден астам
елді мекеннің тұрғындарына газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар
«ҚазТрансГаз” компаниясы алдымен автоматтандырылған газ тарату стансаларын
(АГТС) орнатып, бұған қоса ауыл-кварталішілік газ құбырлары желісін жүргізу
жұмыстарын бастады.

Байқоңырда газ құбырының құрылысы басталды«ҚазТрансГазАймақ”
АҚ бас директоры Серді Ибулла Жұмағұлұлы көрнекі тақта арқылы облыс аумағында
атқарылатын жұмыстарды баян етті. Оның айтуынша, Қызылорда облысының әкімдігі
мен «ҚазТрансГазАймақ” АҚ арасында жасалған әріптестік меморандум аясында
биылғы жылы 23 млрд. теңге қаражат бөлінген. Инвестициялық жобаға сәйкес
алдымен 4 аудан орталығы (Арал, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері) және
Байқоңыр қаласы маңында барлығы 5 АГТС салынады. Жұлдызды қалашық іргесіндегі
АГТС-тан Төретам кентіне дейін 14 шақырымдық
жоғары қысымды газ құбыры және 70 шақырым қалаішілік газ құбыры
жүргізіледі.

Айта
кетейік, бұл жұмыстар жоғарыда аталған 4 аудан орталығында да қатар атқарылмақ.
Жобаның жалпы құны – 23 млрд. теңге. Жоба Қызылорда өңірін газдандырудың бас
сызбасы аясында жүзеге асады.

АГТС және ауыл-қалаішілік газ құбырларын
жүргізу жұмыстары 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Жалпы алдағы 3 жыл
ішінде облыс аумағына осындай 18 АГТС салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа осы
жобаны іске асыру барысында 1439 шақырым газ құбырын, 81 бірлік газ тарату
пунктін, 258 шкафты пункт салу көзделіп отыр. Осы жұмыстар ойдағыдай жүзеге
асқан кезде облыс халқының 70 пайызы, яғни, 190 мыңнан астам тұрғын табиғи
газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал алдағы
2015 жылдан бастап «Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистралды газ құбырының МТЗ
бойымен 10 млрд. текше метр газ тасымалданады.

Осы жерде «ҚазТрансГазАймақ” АҚ бас
директоры Ибулла Сердиев Қызылорда облысында 1 текше метр газдың құны
тасымалдау құнымен қосқанда 11 теңгеден сәл ғана асатынын жеткізді. Бұл
республикадағы көгілдір отынның игілігін көріп отырған 9 аймақтың ішіндегі ең
төменгі баға. «ҚазТрансГазАймақ” АҚ-ның қызметкерлер мен мамандарына
Б.Сағынтаев Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмалар туралы айтып
өтті. Сонымен бірге, Премьер-министрдің
бірінші орынбасары Б.Сағынтаев Қызылорда
облысының халықаралық қаржы ұйымдарын тартудан өзге өңірлер ішінде алда келе жатқанын атап өтті. Мәселен,
облыста 8 жобаны жүзеге асыруға
Евразиялық қайта құру және даму банкісімен 61 млрд. теңге қаржы
тартылса, САРАТС-ІІ кезеңін жүзеге асыруға алдағы 5 жылға 23 млрд. теңге қаржы
бөлінетін болады. «ҚТГ-Аймақ” жұмысшыларына сәттілік тілеген мәртебелі
меймандар осы күні «Байқоңыр” ғарыш
айлағынан көк төсіне самғаған зымыранның ұшу сәтін тамашалады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз