БАЙҚОҢЫРДАН ҮШІНШІ ҚАЗАҚ ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ

45

0

«Жер кіндігі» атанған
Байқоңырдан біздің үшінші ғарышкеріміз заңғар көкке көтерілмекші. Аспан мен жер
арасын жалғаған Байқоңырдан бұған дейін Тоқтар, Талғаттай қазақтың батыр ұлдары
самғап еді. Енді міне, елім деген тағы бір ұлан Айдын Айымбетов «Союз ТМА-18М»
ғарыш кемесімен ұшуға әзірлігін бастап кетті.

Естеріңізде болса,
ғарышкерлерді даярлау орталығының ведомствоаралық комиссия­сы қазақстандық
ғарышкер Айдын Айымбетовты британдық әнші Сара Брайтманның орнына Халықаралық
ғарыш стансасына ұшуға қатысушы ретінде бекіткен болатын. Ал жуырда оның екінші
борт инженері ретінде ғарыш экспедициясында ғылыми тәжірибелер жүргізетіндігі
белгілі болды.

«Союз ТМА-18М» ғарыш
кемесінің Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы 1 қыркүйекке жоспарланып отыр.
Айымбетовпен бір экипажда орбитаға ресейлік ғарышкер Сергей Волков пен
еуропалық астронавт Андреас Могенсен ұшады. Экипаж мүшелері ашық кеңістікте
тура 10 күн болады.

Айдын Айымбетов бұл сәтті аз
уақыт күткен жоқ. Дайындығын шыңдауға 12 жыл жұмсады. Журналистерге берген
сұхбатында «Ғарышқа өзіммен бірге елімнің туын және кенже қызымның ұсынған
ойыншығын алып барамын”, – деді ол.

«Ғарышкер Айдын Айымбетовтің
халықаралық ғарыш станциясында ұшуына Қазақстан 20 миллион доллар жаратады.
Бірақ, аталған сома «Роскосмосқа» әлі төленген жоқ. Зерттеуші-ғарышкерге
төленетін ақша Ресей тарапынан Байқоңырға бөлінетін жалға алғаны үшін берілетін
қаржыдан бөлінуі тиіс. Атап айтқанда, ресейлік тарап кепіл бере отырып, 2016
жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағы үшін жыл сайынғы жалға беру төлемі есебінен өтемақыны
пайдалануды ұсынды», – деп хабарлайды Қазғарыш агенттігі өкілдері.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз