БАҚЫТЫН БІЛІМНЕН ТАПҚАН

264

0

БАҚЫТЫН БІЛІМНЕН ТАПҚАНТүрлі мамандық иелері туралы талай қалам тартып жүргеніммен, бұл жолы аздап толқығаным рас. Әрине, жүрексінгендіктен емес. Алатаудай айбарлы әке мен бар ғұмырын отбасына бағыштаған асыл ананың,  жалпақ жұртының үміт-сеніміне селкеу түсірмеген оқымыстыға риясыз сүйсінгенімді несіне бүркемелейін. Оған қоса маңдайы жарқырап исі қазақтың біліктілерінің арасынан топ жарып шыққан ғұламаның Сырдың түлегі, өзімнің бауырым екенін білгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Тебірене түсіп «Тіл-көзден аман бол. Жанқожа батыр бабамыздың аруағы қолдап жүрсін, ағатай!» деп іштей сан мәрте қайталадым.
«Қарапайымдылық  –  ұлыларға ортақ қасиет» дегенді ғұмыр бойы мұғалім болған марқұм әкемнен естігенім бар. Сырдың саңлақ перзентінің бірі, кеше ғана ҰҒА-ның академигі болып сайланған, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рысқұл Ойнаров жайлы да осылай бағамдасақ, артық болмас еді.
Алып бәйтеректің мәңгілік нәрді тамырынан алатыны әмбеге аян. Ендеше бүгінгі дана,  профессор Ой¬на¬ровтың тағылымды өмірі мен сағымға айналған балалық шағы, өс¬кен ортасы тұрғысында аз-кем сыр шертсек. Олар бір ұядан өрбіген алты ағайынды жандар. Бақ түстеніп,  ілім-білім қонған әулеттің перзенттерінің бойына кісілік емес кішіпейілділік, асқақтық емес адалдық,  адами ізгі қа¬сиеттер атаның қаны, ананың ақ сүтімен дарыған. Олай деуіміздің де себебі жеткілікті. Осынау іргелі шаңырақтың отағасы Арал, Қазалы өңіріне Байарыстанның ¬Ойнары деген атымен мәлім арда азамат болса, отанасы Сәнім жоғарыда атап өткеніміздей, бар ғұмырын шаңырағының бірлігіне арнаған, ауыл-аймаққа ибалы келін, қадірменді жеңге, аяулы абысын атанған нағыз қазақ әйеліне тән мейірбан пейілді жан еді. Болашақ қос профессор мен білікті мамандардың әкесі (Рысқұлдың інісі Асқар да Еуразия ұлттық университетінің «Жоғары математика» кафедрасында профессор) Ойнар көкеміз қарапайым колхозшыдан жоғарылап басқарма төра¬ғасының орынбасары, жылқы зауы¬тының директоры, партком хатшысы, басқарма төрағасы сынды жауапты да лауазымды қызметтер атқарыпты.
Басшылық қызметте жүргенімен, Ойнар көкеміз Алланың құдіретіне іштей бас иген адамның бірі болғанға ұқсайды. Онда тұрған не бар деп таңырқауыңыз да мүмкін, қадірлі оқырманым. Сәл сабыр етіңіз. Себебін түсіндіріп өтейін. «Дін – апиын» деген қағиданы ту көтерген кеңестік кезеңде дінге деген сенімді құпия ұстауға тура келгені аға буын өкілдеріне, менің замандастарыма жақсы белгілі. Бар ғұмырын хақ жолына құрбан еткендердің жазаға кесілгені де ащы шындық. Алайда қаншама зәбір-жапа көрсеткенімен, атеистік идеология деге¬ніне жете алмады. Тәңірге деген сенім халық санасынан  өшкен жоқ.
– Әкем оңашада ¬жаратушыдан халқына амандық, отбасымызға береке-бірлік тілеп үнемі дұға жасайтын. Анамыз болса, әрбір жұма күні жеті шелпек пісіріп, көршілерге таратушы еді. Қазір сол үрдіс әулетімізде тұрақты жалғасуда. Осы көріністерді көрген сайын анам мен әкем есіме түседі. Ал Рысқұл аға өте сабырлы да салмақты, әрбір істі байыппен шешетін адам. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасаудан тартынбайды. Нағыз өз мамандығының майталманы. Біздің алдымыздағы шамшырағымыз десек, жарасымды. Іні-қарындастарына жол көрсетуден, көмегін беруден қашанда аянбайды, – дейді Рысқұлдың інісі профессор Асқар толғаныспен.
Асқар құрдасымның үнінен қуа¬ныш белгісі аңғарылып тұрды. Алқалы жұрттан ағасының еңсесі биік тұрса, бауыры неге сүйсінбесін, қалайша шаттанбасын?! «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» дейді дана қазекең. Байыптағанға Ойнардың Рысқұлының жеткен жетістігі, бағындырған белесі биік екені көрініп-ақ тұр. Олай болса, про¬фессор ағамыз туралы қолдағы деректерді шолып өтсек.
Рекең Қазалы ауданы, Көларық ауылдық округінде мұнан тура жетпіс жыл бұрын дүниеге келіпті. Болашақ профессордың өмірден өз орнын жа¬ңыл¬май табуына тал бесіктен сіңген қазақы тәрбие, еңбекқорлық, өскен ел-жұртына деген құрмет нышаны әсерін тигізгені айдан анық. Саналы ғұмырын басшылық қызметте өткерген әкесі Ойнар өз ұлтының салт-дәстүрін көзінің қарашығындай қастер тұтатын жан болатын. Кеңес өкіметінің тұ¬сында ата-анасын «папа, мама» деп өскен өзге балалар мұның «әке» деген сөзіне тосырқай да, таңырқай да құлақ түретін. Балаларының келешегі ілім-білімде екенін тамыршыдай тап басқан Ойнар ағамыз көрген-түйгенін перзенттерінің де зердесіне сіңірді. Қалаға барған сайын бұлдіршіндеріне базарлыққа тәттіге қоса түрлі кітаптар әкелу дағдысына айналды. 
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Ойнаровтардың кітап оқуға, білімге деген құштарлығы осылайша ерте бастан қалыптасты. Алып империя Кеңес өкіметі тұсында Аралтұз поселкесінің тасы өрге домалағаны, астың дәмін келтірер аса сапалы тұзымен әлемге мәшһүр болғаны өткен шақтың тәтті көрінісіндей. Осындағы №19 мектепке Тұрсынбике елді ме¬ке¬нінінен қатынап оқитын Рысқұл сенбі сайын ауылына қайтатындықтан апта¬ның соңын тағатсыздана тосатын. Арақашықтығы әлденеше шବқырымды құрайтын жолды ұс¬тазы берген есептердің жауабын ойша шешумен қысқартушы еді. Әрі бірнеше жолмен шығаруға тырысатын. Бұлар¬дың балалық шағы елдің иіні әлі де болса толық бүтінделіп, қарны тоят¬тап үлгермеген уақытта өтті. Сынып жетіспегендіктен, бірнеше класты қосып оқытуға тура келетін-ді. Бір қызығы, Рысқұл мұғалім берген кез келген есептің жауабын жылдам, тіпті өзінен ересек оқушылардан бұрын тауып жүрді. Осы ретте шәкіртінің жаратылысынан зеректігін байқаған байыр¬ғы ұстаз Темір Тілесбаевтың есімін бөле-жара атап кету ләзім. Бұлақ көрсе көзін ашуды мұраттаған Темір мұғалім  қарапайым ауыл бала¬сының келешекте асқақ асуларды алатындығына, математика саласына өзіндік қолтаңбасын қал¬дыратындығына кәміл сенді. Шәкір¬тінің ағыны қатты,  арнасы терең  өмір өзенінде сағы сынбауына тілектестігін білдірді. 
Ақ бата арқалаған  Рысқұл С.Киров атындағы Қазақ мем¬ле¬кеттік уни¬верситетінің ме¬ха¬ника-мате¬ма¬тика факультетінің сы¬¬¬нағынан мү-дірмей өтіп, студент атанды. Алда ұстазы бейнелегендей ұлылар жүр¬ген сүрлеу жатты. Табиғатынан қа¬жыр¬лы, білімге құштарлық қасиеті қаршадайынан сезілген ауыл баласы әп дегеннен алдыңғы лектен табылды. Арада жыл айналмай Рысқұл студенттерге оқудағы жоғары көрсеткіштері үшін берілетін С.Киров атындағы стипендияға ие болды. Жетістіктер жалғаса берді. Университеттің екінші курсына көшкенде Рысқұл дербес туындылы дифференциалдық теңдеулер теориясы саласындағы көрнекті маман, профессор В.Ха¬ра¬сахал еңбек-терімен танысуды бастады. В.Харасахал басшылық ететін ғылыми үйірме жұмысына бір жыл ¬белсене араласқаннан кейін профессордың идеясын дамыта отырып, бас мү¬ше¬лері диагональ бойында сипаттамалары бар (В.А. Харасахалдағыдай) ғана емес, кез келген қиғаш түзуде болуы мүмкін дербес туындылы дифференциалдық теңдеулер жүйесін қарастырады. Зерттеулер нәтижесі ғылыми жетекшісі, дифференциалдық тең¬деу¬лер саласындағы көрнекті маман Д.Үмбетжановпен төртінші курста бірлесіп жазған тұңғыш ғылыми мақаласының негізін қалады. Осы мақалада жаңа бас¬таған зерттеушінің айтқан идеяларын кейіннен Д.Үмбетжановтың оқу¬¬шылары жетілдіріп, толықтырып өз игіліктеріне жаратты. Кәнігі ға¬лым¬дардың назарын өзіне аударған бұл еңбек көптеген адамға ғылым көкжиегінде жарық, жаңа есім пайда болғанын паш еткендей  әсер қалдырды. 
Жалықпай іздену, төгілген телегей тер текке кетпеді. Университетті өте үздік бағаға бітірген кейіпкеріміз Ломоносов атындағы ММУ аспирантурасына жіберіледі. Алайда Рысқұлдың алдында әскери борышын өтеу міндеті тұр еді. Әскери борышын Кушка қаласында офицер ретінде өтеген Ойнаров темірдей тәртіптің сүзгісін басынан кешірді. Мұның өмірінде ерекше із қалдырған сол жылдарда Рысқұлдың өмірлік тәжірибесі толыса түсті. Кешегі балаң студент енді жағдайды тез пайымдап, ұтырлы шешім қабылдайтын ысылған офицерге айналды. Әскери қызметтен соң Рысқұл  біршама уақыт туған ауылындағы, Арал қаласындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. «Тау ұланы биіктікті аң¬сайды» деседі. Бұл жұмыс Рыс¬құл¬дың бойындағы лаулаған жігер, сарқылмас білімнің үддесінен табылмады. Аумағы шектеулі алаң хас тұлпардың аяғын тұсауламаса да шабысына тежеу салары белгілі жайт. Рысқұл да емін-еркін гылым көгіне қанат қағар шетсіз-шексіз кеңістікті аңсады. Осы мақсатпен арман қала  Алматыға қоныс аударды. Алғашқыда   Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультеті «Математикалық талдау” ка¬федра¬сының ассистенті болып жұмыс атқарды. Кейін ҚазКСР ҒА Математика және механика институтының «Тау жыныстарының механикасы” зертханасына аға инженер болып ауысты. Сол кезде зертхананы басқарған көрнекті ғалым Жақан Ержанов жас маманға зор сенім артты. Арада  жылдар жылжыды. Рекең ҚазКСР ҒА Математика және механика институтының «Қолданбалы талдау» зертханасының қызметкері болып жиырма жылдан астам жұмыс істеді. Осынау аралықта аға инженерден зертхана меңгерушісіне дейінгі лауазым сатыларынан өтті. Әріптестері арасында зор абыройға бөленді. Алғашқыда «Урысон тәріздес сызықты емес интегралдық операторлардың үзіліссіздігі мен липшицтігі» (жетекшісі М.Өтелбаев) тақырыбына кандидаттық, кейін «Интегралдық және дифференциалдық операторлардың салмақты бағалаулары»  атты  докторлық дис¬сертация қорғады. ҚазКСР ҒА ММИ «Қолданбалы талдау» зерт¬ханасының қабырғасында оның ғылыми әлеуетіне қоса  басқарушылық қабілеті де танымалданды. Сондай-ақ профессор ағамыз қоғамдық жұмыстардан да қол үзген емес. Ойнаров кезінде ҚР ҰҒА академигі Т.Кәлменовтің (ол кезде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры) шақыруымен Шымкент қаласында ОҚМУ-дың «Жоғары математика” кафедрасының меңгерушісі болып қызмет те атқарыпты. 
Ғасыр тоғысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбековтің шақыруы бойынша отбасымен Астанаға көшіп келеді. Қазіргі таңда «Іргелі математика” кафедрасының профессоры. Сырдан қанаттанып, Сарыарқада қияға шарықтаған қыран қазаққа аспаның ашық болсын дейміз!
Тұрсынбике ауылынан шыққан сүрлеу жол бүгінде әйгілі математикті әлемге танытып, дүниенің ондаған елдерінде дәріс оқып, жиын-симпозиумдарда баяндама жасап, қиялшыл баланы ойшыл оқымыстыға айналдырды. Қазақ ғылымының мақтанышына айналған академикті жаңа жетістігімен құттықтаймыз!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз