БЕКАРЫСТАНДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА

57

0

БЕКАРЫСТАНДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМАДарияны кесіп өтсеңіз, Бекарыстан
би ауылына тап келесіз. Бұл халқының саны жағынан аудан көлеміндегі ең ірі елді
мекен. Осынау іргелі қоныстағы шоғыры қалың тал-терек, жеміс ағаштары мұнда шаруасына мығым жандар тұратынын аңғартады. Ауыл
ортасымен сылдырай аққан Қара арық, Ақжона
каналы мұндағы қабырғалы қауымның қажетіне жарап-ақ тұр. Ауылда бау-бақша егіп, төрт түлік ұстамайтындар
кемде-кем.

Түрлі кәсіп жасап отбасын асыраумен ғана шектелмей, жұмыссыздар
санын азайтуға үлесін қосып отырған іскер жандар да баршылық. Осындай игі қадамдардың
жүзеге асуына округ әкімі Өміртай Өтеп-Әлі бастаған ел ағалары да мейлінше септігін
тигізуде. Қашанда «әкім бол, халқыңа жақын
болды» зердесінен шығармайтын Өміртай өзінің кішіпейіл дағдысы, ұйымдастырушылық
қабілетімен жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген азамат. Ең бастысы ауыл әкімі
ретінде өзіне жүктелген жауапкершіліктің салмағын терең түсінеді. Оған дәлел де
жеткілікті. Таяқ тастам жердегі Майдакөлден Бекарыстанға қызмет ауыстырғанда Өмекең
кідіріссіз қонысын өзгертті. Маңдай терін төгіп салған үй-жайын, жайқалған бау-бақшасын
тастап елдің ортасына көшіп келді. Әлдебір
басшылардай сан сылтау айтып әрі-бері мемлекеттің көлігімен қатынап жүруге ары жібермеді. Келе сала
жұмысқа құлшына кірісті. Жаман болған жоқ. Ауылдың ажарлануына өз үлесін
қосуда. Бүгінгі күннің басты талабы кәсіпкерліктің дамуын назарында ұстады.
Мемлекет тарапынан ауылдық жерлерге
жасалып отырған жеңілдіктер мен олардың кәсібін дамытуға берілетін несиелер
арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында аудан әкімшілігі тарапынан құрылған
түсіндіру тобымен бірлесе біршама жұмыстар атқарылды.

Нақты дерекке жүгінсек. 2011 жылы «Жұмыспен қамту-2020»
бағдарламасымен бір «Ибайдуллаев Т» шаруа қожалығы мал өсіру бағытында 1 млн.
теңге несие алып, бір адам жұмыспен қамтылды. Келесі жылы бұл көрсеткіш еселене
түсіп 3 шаруа қожалығы 14,5 млн теңге несие
иеленді. Оның ішінде «Шату» шаруа қожалығы мал өсіру, «Мейірман» шаруа қожалығы егін егу бағыты
бойынша несиені «Жұмыспен қамту
-2020» бағдарламасы бойынша «Ауыл
шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан»,«Прманова» жеке кәсіпкерлігі «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Агро Несие»
АҚ-дан алды.

2013 жылы округ бойынша 93,5 млн теңге несие алынған. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы негізінде
27 адамнан үш несие серіктестігі
құрылып, «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ-дан, екі жеке кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын
қаржылай қолдау қорынан» «Талғат» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен «Агро Несие» АҚ-дан алынған қаржыға мал өсіруді қарқындатты. Осылайша 31 адам
жұмыспен қамтылды.

Мұндай игі қадам жыл сайын жалғаса берді. Төгілген тер,
берілген қаржы желге ұшпады. Ірі қараны асылдандыру жобасының қазіргі уақытта
нәтижесі көріне бастаса, жылқы басы 2011 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артты.
«Рза» АҚ-мен әлеуметтік-әріптестік негізде ауыл орталығынан май құю бекеті
ашылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 1 бағыты бойынша Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйіне күрделі
жөндеу жүргізілді. Тек өткен жылы ғана 6
жаңа жұмыс орны ашылса, биылдың өзіндеБҰҰ-ның өңірлік даму бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер Төребай Қожақов пен Асқар
Аймишев жеміс ағаштарының көшеттерін егуге 2,4 млн теңге несие алып, кәсіптерін бастап кетті. Сондай-ақ
аталған бағдарламаға «Шағын жылыжай», «Құс өсіру», «Жұмыспен қамту-2020»
бағдарламасы аясында мал шаруашылығына
өз жобаларын ұсынып отырған тұрғындар да бар. Бұл ұсыныстар жуық арада қаржыландырылады деп күтілуде. Сонымен қатар
әлеуметтік-әріптестік негізде ауыл орталығынан газ құю бекетін ашу жос­парлануда.
Бұл жоба бойынша «Қызылорда-Газ» ЖШС-мен келісім жасалуда.

Бекарыстандағы берекелі бастамалар көпшіліктің үмітін алға жетелері хақ.

 

Жұмабек
ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы,

Бекарыстан би ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз