БЕКЕТАЙ БИ КЕСЕНЕСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕН ЖӨН

373

0

БЕКЕТАЙ БИ КЕСЕНЕСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕН ЖӨНКең-байтақ еліміздің тұс-тұсындағы көненің көзіндей, данагөй тарихтың сөзіндей ескіден жеткен ескерткіштер мен қабырғалары қадым заманнан сыңғыр-сыңғыр сыр шерткен кесенелер, үй тамдар, керек болса, құм көмген тұтас бір қалашықтар аз емес. Оның біразы жөнделіп, айтулы археолог ағайындардың азапқа бергісіз тер төгуінің нәтижесінде қайта қалпына келтірілуде. Сөйтіп, бүгінгі ұрпақ сол арқылы өткенін безбендеп, оған бүгінгі заман көзімен ой жүгіртсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Елбасымыз «Болашаққа бағ¬дар: рухани жаңғыру» мақала¬сында «Бірінші бұл білім беру саласында… Жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» дегені осы орайда ойға оралады.
Қазіргі кезде қасиетті Арал аймағында аудандық тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы ма¬мандарының пікіріне сүйенсек, 50-ге тарта ескерткіштің көбісіне жөндеу жүргізілгендігі айтылады. Алайда, солардың ішінде талай уақыттан қамқор қолға зәру, көненің көзі іспеттес кесенелер, үй тамдар аз емес. Сыр бойындағы Аққұлақ елді мекенінен таяқ тас¬там жердегі Бекетай би кесенесі жөнінде де тап осылай айтуға болады. Іргетасы қа¬лан¬ғанына шамамен 140-150 жыл болған ескі кесене қазір құ¬лау қаупінде. Кезінде кесенеге таяу аққан судың ызасынан зәулім ғимарат шыт-шыт жарылып, біржола үйіндіге айналып кетудің аз-ақ алдында тұр.
Осы арада кесенеде жерленген Бекетай би жөнінде азды-кемді айта кетелік. Бұл ұлтын, жұртын, ата-баба ғұрпын сүйетін қазіргі ұрпақ үшін титімдей сабақ болар, бәлкім. Бекетайдың өз әкесі Қатпа заманында осы аймақтағы аты-шулы бай ғана емес, асқан ақылды адам болыпты. Оның әкесі, яғни Бекетайдың туған атасы Жәнке қазақ халқының басын біріктірген бірден-бір тұлға – Абылай ханның қабырғалы алты биінің бірі, әрі батыр адам болған көрінеді. Бұл жөніндегі қазақ шежіресінің асқан білгір, әйгілі Мәшһүр Жүсіптің деректері 1992 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті санында жарық көргенін айта кеткеніміз жөн.
Заманында Бекетай Қатпаұлы сол тұстағы саяси-жағрапиялық құрылым бойынша Сырдария губерниясы Қазалы уезі бастығының бірінші көмекшісі болған екен. Ол кездері бұл уездің құрамына қазіргі Қазалы, Қармақшы, Арал аудандары кіргені белгілі. Жастайынан билікке ерте араласқан Бекетай ұзақ жылдар халқына қалаулы, еліне елеулі болып ат үстінде ғұмыр кешіп, 54 жасында қапияда жол үстінде қаза табады.
Міне, өз дәуірінде халқының қамы үшін жарғақ құлағы жас¬тыққа тимей өткен Бекетай Қатпаұлы туралы бізге жеткен ауызекі әңгімелердің бір парасы осындай.
Күллі Арал, Қазалы аймағында заманында билік құрған, тектінің тұяғы Бекетай атамыздың кесенесі үлкен қызы, Қазалы жақта дәуірлеген атақты Найзағұл байдың ақылды келіні атанған Ақжарқын апамыздың қажыр-қайратының нәтижесінде бой көтеріпті. Осыдан 60-70 жыл бұрын кесененің алдында көктас, төрінде үлкен қалы кілем ілулі тұрыпты. Бәлкім, ол жерде бір кездері басқа да құнды дүниелер болмасына кім кепіл.
Жалпы, 2000 жылдардың басында, онан кейін де Бекетай кесенесін жөндеуге сметалық жоба жасалған көрінеді. Бірақ, кезінде бұл игілікті істің басы жылт етті де жоқ болды.
Дегенмен, облыстық ¬тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесін¬дегілер кесененің тағы да алдағы жылдарда қайта жаңғыртуға жос-парланып отырғанын айтады. Ауыл ақсақалдары жиырма жыл жос¬парланған жөндеу жалғаса ¬берсе кесенеге кеш бола ма деп алаң¬дайды. Күндердің күнінде осылай жайбасарлыққа салынып жүр¬генімізде тарихи жәдігердің бір¬жолата құлап, орнын ¬сипап қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан бұған жергілікті билік органдары, түрлі деңгейдегі тарихи ескерткіштерді қорғау орындары кешіктірмей көңіл бөлгені жөн.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз