БЕРЕКЕ БЕЙНЕТПЕН КЕЛЕДІ

131

0

Агрокарта аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалды. Осыған сәйкес облыста бірінші кезекте көп көлемінде инвестиция салмай жоғары экспорттық табыс табу секторларын белгіледік. Олар, күріш, бақша өнімдері және балық пен жылқы еті екендігі анықталып отыр. Сондай-ақ, облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерініӊ негізгі шығарылатын елдері – Қытай, Ресей, ЕвроОдақ, Түркия, Иран сонымен қатар, Қазақстанныӊ басқа өӊірлері деп белгіленді. Сондықтан, Елбасыныӊ экспорт көлемін 40 пайызға арттыру, ауылдық жерлерде дайындау, сақтау, өӊдеу және тасымалдау жүйесін қалыптастыру тапсырмасын әзірленген агрокарта шеӊберінде іске асыратын боламыз. Осы мақсатта облыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд теӊге көлемінде 99 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Агрокарта аясында ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында облыста жылдам дамытуды қажет ететін салалар анықталып, оларға жылыжай және жеміс-жидек өнімдерін өндіру, құс шаруашылығы, майлы дақылдар, көкөніс, бақша, картоп өнімдерін өндіруді жатқыздық.
Бірінші кезекте күріш өндірісін дамыту мақсатында, күріш жармасына сұраныс жоғары, қымбат нарықтарға шығару жүзеге асырылуда. Екінші мәселе, облыста бақша дақылын өндірістік негізінде егу көлемін ұлғайту арқылы, Ресейде сұранысы жоғары қауын сорттарымен гибридтерін егіп, биыл 2 мың тоннаға жуық Сыр қауынын экспорттауды ұйымдастырдық.
– Аймақтың негізгі дақылы Сыр маржаны – күріштің биылғы өнімі қандай?
– Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 97544 гектар дәнді дақылдар ораққа түсіп, одан 514,9 мың тонна астық өнімі алынды. Негізгі дақыл күріш жинау толық аяқталып, гектарынан 55,3 центнерден өнім алынды. 502,5 мың тонна күріш салысы жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда күріштің жалпы өнімінің көлемі 62,8 мың тоннаға артық.
Ал жалпы күріш өндіру динамикасы соңғы 5 жылда ұдайы өсіп келе жатқанын атап өткім келеді. 2013 жылғы өнім көрсеткіші 288,7 мың тонна болған еді. Осы кезеңде өнім көлемі 174 пайызға өсіп отыр. Сонымен қатар, 4360 га картоп, 4998 га көкөніс және 7257 гектар бақша дақылдары жиналып, 70571 тонна картоп, 91258 тонна көкөніс және 152786 тонна бақша өнімдері жиналды. Әртараптандыру бағытындағы мақсары дақылынан 4945 тонна өнім алынды.
– Шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруаларды біріктіру арқылы кооператив құру ауылды дамытудың кепілі болады деп күтілуде…
– Елбасыныӊ тапсырмасына сәйкес, біздіӊ алдымызда тұрған еӊ басты мақсат – жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру болып табылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының бірінші кезектегі міндеті ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарта отырып, біріншіден өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, екіншіден жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыру болып табылады. Бүгінгі күні облыс бойынша жалпы 243 кооператив құрылды, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың қатысуымен құрылғаны 82 кооператив.
2017 жылдың индикативті іс-шара жоспары бойынша 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен барлығы 19 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланды. Ал қазіргі таңда 1050 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 43 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Олардың 33-і ет, 5-і сүт бағытында болса, 3-і бақшалық, 1-і құс шаруашылығы. Соңғы екі жылда кооперативтермен 778 отбасылық мал бордақылау алаңы құрылып, 14913 бас мүйізді ірі қара малын бордақылауға кірісті. Сонымен қатар, 2758 бас сиыр сатып алынып, 294 шағын отбасылық сүт фермалары құрылды. Бұл жұмыстарға кооперативтер 3 млрд теңге жеңілдетілген несие алды.
– Бүгінде жылыжай құруға аса ден қойылып келе жатқаны анық.
– Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес облыста жылыжайдыӊ көлемін 2017 жылға 5 гектарға жеткізу индикаторы белгіленген болса, биыл Қызылорда қаласында бітпей қалған 6 гектар құрайтын 51 жылыжай іске қосылды. Сонымен қатар, Қарауылтөбе ауылдық округінде 1 гектар құрайтын жылыжайды іске қосып, бірінші өнімін ала бастадық.
Сол сияқты, Жаӊақорған ауданында арнайы құрылған «Агрозонада» 1 гектар жылыжайдыӊ құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында «КазАгроМир» ЖШС «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыруымен көлемі 3,2 гектар құрайтын кешенді жылыжай құрылысын салу бағытында қаржыландыру мәселелерімен айналысуда. Алдағы кезеңдері бұл жобалардың құрылысы басталады деп күтілуде. Өз тарапымыздан жылыжай шаруашылығын қолдау мақсатында биыл жылыжайларға әр гектарына төленетін субсидия көлемін 3 млн теӊгеден 10 млн теӊгеге дейін ұлғайттық.
– Мал шаруашылығы берекенің көзі бола ала ма?
– Әрине. Биылғы жыл аймақтың мал шаруашылығы үшін де берекелі болды. Облыста ірі қара, жылқы және түйе малының саны ең жоғары болған 90-шы жылдағы деңгейден асып кетті. Осылайша «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының арқасында өңірімізде мал басы көбейіп келеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 295,4 мың бас мүйізді ірі қара, 704,3 мың бас қой мен ешкі, 120,9 мың бас жылқы, 44,7 мың бас түйе, 2,1 мың бас шошқа және 103,4 мың бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 5,8 пайызға, қой мен ешкі 5,2 пайызға, жылқы 15,3 пайызға, түйенің саны 12,4 пайызға, құстың саны 4,9 пайызға көбейді. Ет өндіру (тірілей салмақ) 2,7, сүт өндіру 1,3, жұмыртқа өндіру 15,8 пайыз артып отыр.
«Сыбаға» бағдарламасына сәйкес үстіміздегі жылы 2100 бас аналық сиыр (72 бұқа) сатып алу жоспарланып, осыдан бүгінгі күні 69 шаруашылық 2504 бас сиыр (119 бұқа) сатып алып, жоспар 119,2 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1000 бас қой (40 қошқар) алу жоспарланып, 11 шаруашылық 1633 бас қой (167 қошқар) сатып алып, жоспар 163,3 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 500 бас жылқы сатып алу жоспарланып, бүгінгі күні 22 шаруашылық 645 бас бие (53 айғыр) сатып алып, жоспар 129 пайызға орындалды.
Мемлекеттік бағдарламада белгіленген индикативтік жоспарларды іске асыруда биылғы жыл еншісіндегі толымды тірліктердің қысқаша тізбесі, міне, осындай. Жыл қорытындысы бойынша белгіленген индикаторларды толық орындайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз