БЕРЕКЕГЕ БАСТАР ЖОЛ

146

0

Бай-қуатты болайық! Бұл адамдардың өмірлік мақсаттарының бірі, сол секілді бір-біріне айтар тілегі, осындай ниет әрбір мемлекетке де тән десек, қателеспейміз. Дұрысы, әлемдегі кез-келген мемлекеттің басшылары, үкіметі өздері басқарып отырған елдің бай, қуатты болуы бағытында жұмыс жүргізетіні анық. 
Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан бері Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Респуб¬ликасы зор мақсаттарға ұмтылып келеді. Бүгінде әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан табылуды көздеп, экономиканы, ғылым мен білімді, өнерді, рухани саланы жан-жақты ілгерілету үстіндеміз. Бәсекелестікке қабілетті болу үшін экономиканың барлық саласын дамытуға тиіспіз. Тау-кен, көмірсутек шикізаты, уран өндірісі сала¬сында әлемге танымал республикамызда бүгінде экономиканы әртараптандыру мақсатында  ин¬дустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі бой көтеріп келеді. Ол өз кезегінде шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуіне оң ықпал жасайды. Елбасы тапсырмасына сай елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты жұ¬мыстар жүргізілуде. Жақын болашақта жалпы ішкі өнімнің 40 пайызынан астамын ШОБ беруі тиіс. 
Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушы елдердің бірі. Жалпы еліміздің аграрлық саласының әлеуеті зор. Әйтсе де, біз сол мүмкіндіктердің аз ғана бөлігін қанағат тұтып отырған жайымыз бар. Сондықтан да алдымызда ауыл шаруашылығын дамыту міндеті тұр. Бұл сала дамымай экономиканың да толыққанды дамымайтыны белгілі. Елбасы Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы өніміне жаһандық сұраныс ұдайы өсіп отырған жағдайда еліміздің ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жаңғырту қажет» деп атап өткендігі белгілі. Ал бүгінгі таңда оның  бір жолы тұтыну кооперативтерін құру. Өйткені, көптеген дамыған елдердің аграрлық, ауылшаруашылық саласында шаруалардың өзара бірлесіп, ерікті түрде құрған кооперативтері мемлекет қолдауымен нәтижелі жұмыс істеп, өз мемлекеттерінің ЖІӨ өсуіне  қомақты үлесін қосып отырғаны мәлім. Міне, енді біздің елімізде де осы бағытта жұмыстар қолға алынып жатыр. 
Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округінде құрылып, жұмысын бастап жатқан «Береке-Агро» ауылшаруашылық өн¬дірістік кооперативі осындай саясаттың алғашқы жемістерінің бірі. Оның төрағасы Дулат Сағымбаев өткен жылдың аяғында алғашқы құрылтай жиналысын өткізгенде 26 жеке тұлға кооперативке бірігу туралы шешімге келіп, өзін төраға етіп сайлағанын айтып берді. Мұнан кейін кооператив мүшелері әділет, салық секілді тиісті мемлекеттік органдардан тіркеуден өтеді. Олардың әрқайсысы жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2-4 млн теңге аралығында несие алып, жұмыстарын бастап кеткен. 2017 жылы наурыз айында «Береке-Агроға» мүше болуға ынталы тағы да 25 адам өтініш білдіріп, олар да тіркеуден өтеді. Д.Сағымбаев қазіргі уақытта тағы 10 адамның өтініш білдіргенін мәлімдеді. Бүгінгі күні кооперативке мүше 67 адамның 38-і жалпы сомасы 125 млн теңге шамасындағы несиені 5 жыл мерзімге 6 пайыз үстемемен алып отыр.  
– Бұл ауыр емес, – деген кооператив төрағасы  72,4 млн теңге несие алған 23 адам ет бағытындағы, 52,4 млн теңге несие алған 15 адам сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын сатып алып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, 10 бас ірі қара малын сойып сақтайтын қасапхана мен күніне 0,5 тонна сүт өнімдерін өндіретін мини-цех жабдықтарына тапсырыс беріліп қойыпты.  Сүт өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорын жұмысын ұйымдастыруды жоспарлап отырған кооперив мүшесі Уәли Есжанов аталған мини-цехта 60-қа жуық сүт өнімдері түрлерін өндіруге болатынын жеткізді.  Цех құрылып, жұмысын бастағанда кооперативтің қалған мүшелері сауылған сүтті осында өткізіп тұрады. Ал цех иесі шығарылған өнімдерді балабақшаларға, мектептерге, сауда орындарына өткізетін болады. «Талап қылмай, мұратқа жетпес» дейді қазақ. Өз кезегінде кәсіпкердің бастамасына сәттілік, табысқа жетуіне тілектестік  білдірдік.  
Осы арада айта кетейік, сүт қабылдау жабдық¬тары, ет сою бекеттері, көкөніс қабылдайтын орындардың қондырғылары құнының 50 пайызын мемлекет инвестициялық субсидия ретінде қайтарады. Екіншіден, осы субсидияның өзі лизингінің кепілдігі ретінде қабылданады. Яғни, бұл лизинг үшін кооператив кепілдік бермейді. Мұны кепілсіз несие беру деуге болады. Ет бағытындағы мал алушыларға арналған «Береке», сүт бағытындағы мал бағатындарға арналған «Ырыс» бағдарламалары бойынша мемлекет ұсынып отырған жеңілдіктер осындай. 
Шағын шаруа қожалықтарының алдында неше түрлі кедергілер кездесіп жатады. Ал олар кооперативтерге бірігіп жатса, бұл кедергілерді еңсеру оңайға түседі. Шаруалар кооперативтерге біріксе, табыс молайып, ауданның, облыстың экономикасына қосар үлесі қомақтыланбақ. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Кооператив құрудың қыр-сырын, тиімділігін халық енді түсініп келеді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облысы филиалының мамандарының мәліметінше, өткен жылы облыс бойынша 400 млн теңге көлемінде несие берілген болса, биылдың өзінде осындай көлемде несие рәсімделген. Бұл көрсеткіштің жыл соңына дейін еселеп өсетіні ақиқат. 
Иә, «Ырыс алды ынтымақ» дегендей, көп жұмылған еңбектің өнімі де мол. Сондықтан, кооператив құру – ауыл тұрмысын жақсартып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту саясатының бір көрінісі деп айтуға болады. Мемлекет басшысы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау туралы тапсырма қойып отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырды. 
Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады. Елбасы тапсырмасына сай коопера¬тивтерге бірігу басталып кетті. «Жақсы бастама істің жарысы» дегендей, алғашқы қадамдар жасалды. Бұл берекеге, молшылыққа бастар жол болмақ. 
 Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз