БЕРЕКЕЛІ БЕЙНЕТТІ, СӨЗ-БЕСІКПЕН ТЕРБЕТКЕН

80

0

айтыс ақындары Сыр өңірінің келбетін кестеледі
БЕРЕКЕЛІ БЕЙНЕТТІ, СӨЗ-БЕСІКПЕН ТЕРБЕТКЕНАталған компания басшылығының ұйытқы болуымен 10 қазан күні Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында республикалық ақындар айтысы болып өтті. Сөз өнеріне деген сүйіспеншіліктің белгісі болар, мұнай компаниясының демеушілігімен өткен айтысқа қызылордалықтар көп жиналды.
Биылғы мұнайшылар мерекесі қарсаңында «ҚазМұнайГаз» АҚ ұйытқы болуымен жыл сайын өткізілетін «Үздік маман-2013» атағына кәсіби біліктілік байқауы осы компанияның өндірістік базасы – Ақшабұлақта өткізілгені, онда жергілікті мұнайшылардың кәсіби шеберліктері жоғары бағаланып, жүлделі орындарды жеңіп алып, жеңіс тұғырынан көрінгенін газетіміздің өткен нөмірлерінде жазған едік. Тіпті, «ҚазГерМұнай» БК» ЖСШ компаниясының бастамасымен өңірде орыстілді көңілді тапқыштар клубының сайысы өткені де есте. 
БЕРЕКЕЛІ БЕЙНЕТТІ, СӨЗ-БЕСІКПЕН ТЕРБЕТКЕНАйта кетейік, мұнай-газ тақырыбындағы ақындар айтысы Қазақстан тарихында «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС компаниясының демеушілігімен қасиетті Сыр елінде алғаш рет республикалық деңгейде өткізіліп отыр. Бұл айтысқа еліміздің әр өңірінен 14 ақын шақырылды. Аламан айтысқа белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізушілік жасады. Ал, қазылардың қақ төрінен кино өнерінің жұлдызы Асанәлі Әшімов орын тапты. Сондай-ақ, бұл айтысқа қаламгер Нұртөре Жүсіп, жазушы Қуаныш Жиенбаев, ақын-сазгер, Жүрсін Ерман және жерлесіміз, ақын-сазгер Елена Әбдіхалықова сынды құдіретті сөздің майын ішкен мықтылар төрелік етті.
Аталған компанияның бас директоры Медет Кәрім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мұнай-газ секторы – барлық өндіруші өнеркәсіп салалары секілді, қазақстандық экономиканың әртараптандырылуы үшін басты құрал болып табылады» деген сөзін мысалға келтіре отырып, бүгінгі таңда мұнай мен газ тәуелсіз Қазақстанның ел болып еңсе тіктеудегі негізгі тірегі екендігін атап өтті. Алдағы мақсаттар мен өндірістік жоспарларын жеткізген компания басшысы жиналған қауымды Қызылорда қаласының 195 жылдық мерейтойымен және компанияның 20 жылдық мерекесімен құттықтап, айтысқа қатысушы ақберен ақындарға сәттілік тіледі. 
Мұнан соң сурыпсалмалық өнерді дамытып, жаңғыртуға үлес қосып жүрген айтулы ақындар сахна төріне шықты. Аламан жырдың додасына Дидар Қамиев пен Нұрмат Мансұров, Айтбай Жұмағұлов пен Сара Тоқтамысова, Бекарыс Шойбеков пен Әсем Ережеқызы, Серікзат Дүйсенғазин мен Иранғайып Күзембаев, Айнұр Тұрсынбаева мен Әбілқайыр Сыздықов жұптасып шықты. 
Сахна төрінде сөз сайыстырған ақындардың жыр шумақтары кемерінен асып аққан Сырдария суындай шалқып, ұтымды ұйқаспен өрлей жырға сусаған жұртшылықтың құлақ құрышын қандырып, көңілдерін бір серпілтті. Негізгі тақырыптан айнымай, айтысты әсем оймен өрнектеген ақындарымыз мәдениет, спорт, әлеуметтен бастап ЭКСПО көрмесіне ұсынылған Байқоңыр ғарыш айлағына дейін айтып жатты.
БЕРЕКЕЛІ БЕЙНЕТТІ, СӨЗ-БЕСІКПЕН ТЕРБЕТКЕНТүстен кейін өткен айтыстың ақтық сынын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та тамашалады. Ақтық сайысқа14 ақыннан 3 жұп іріктеліп шыққан еді. Алдымен сахна төріне семейлік Әсем Ережеқызы мен жерлесіміз Әбілқайыр Сыздықов шықты. Тәжірибелі ақындар орынды ой, тапқыр теңеу, қағытпа қалжыңдарын айтып, көрерменді сергітті. 
Келесі жұп – астаналық Серікзат Дүйсенғазин мен қарағандылық Дидар Қамиевтің сөз қармасуы да ә дегеннен-ақ дүйім жұртты желпіндіріп, делебесін қоздырды. Сөз таластырушылар дайындықпен келгендерін көрсетіп, бір-бірін шешен тілмен, ұтқыр ой, орынды уәжбен шенеді. Жырларына қос тойды арқау еткен арқалы ақындар Сыр өңірінің бас шаһарындағы игі істердің бәрін айтып, көптің көңілдегісін бүкепсіз тауып жатты. Ал, қызылордалық Нұрмат Мансұров пен алматылық Сара Тоқтамысова өнерсүйер қауымды сүбелі сөзбен тәнтті етті. Талай ақынды қылығымен қытықтап, өткір сөзімен соққылап, жаншып алатын ақын Сара бұл жолы да бабында екенін көрсетті. «Мерейін елдің үстем етіп, төгейін жырды қымбаттан» деп еркін көсілді. Нұрмат та осал ақын емес. Осылайша, сөз жарыстырушылар қыз бен жігіт арасындағы айтыс өнерінің көрігін қыздырды.
Айта кетейік, тартысты аламанда мәреге үш ақын бірдей жетті. Сондықтан қазылар алқасының шешімімен Дидар Қамиев пен Әсем Ережеқызы суперфиналға шықты. Қалың топты жарып шыққан қос ақын бұл жолы да тең түсті. Асанәлі Әшімов төрағалық жасаған әділқазылар алқасы көрермендердің пікіріне ден қойып, халықтың ықыласына бөленген жас ақын Дидарды доданың ең ірі жүлдесіне лайық деп тапты. Бұған дейін де талай байқаулардың бас жүлдесін иеленіп жүрген Дидар Қамиев, «қазақ барда айтыс өлмейді» деп жүрген жас ақын осылайша Сырда өткен айтыстың жеңімпазы атанып, екі миллион теңгені олжалады. Екінші орынға табан тіреген Әсем Ережеқызы мен Нұрмат Мансұров бір миллион теңгені қанжығасына байлады. Ал, үшінші орын иелері Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Әбілқайыр Сыздықовқа бес жүз мың теңгеден бұйырды. Сырда өткен сөз сайысына қатысқандардың жүлдесіз қайтқаны болмады. Ең бастысы, елді бірлікке шақырысып, шаттығы шалқып тұрған мұнайлы елдің берекелі өмірін жырға қосқан айтыстан өнерсүйер қауым рухани нәр алып қайтты. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз