БӨГЕТТЕР БЕКЕМ БОЛСЫН

75

0

БӨГЕТТЕР БЕКЕМ БОЛСЫН30 сәуір күні облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінде болды. Сырдария өзені бойындағы су тасқыны болуы ықтимал аймақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.  
Аудан әкімі Сұлтан Мақашов су тасқынына байланысты дайындық жұмыстары туралы хабарлады.
Айта кетейік, бүгінде Жосалы кенті  тұсындағы Сырдария өзенінің деңгейі 99,25 болса, «Қызылорда» су торабынан секундына – 528, «Әйтек» су торабынан – 377 және «Қараөзек» арнасынан секундына 125 текше метр су өтуде.  Сондай-ақ, Қармақшы ауылы мен Қызылтам елді мекені, Иіркөл, Жаңажол мен ІІІ Интернационал ауылы аймақтағы қауіпті деп танылған елді мекендер қатарында. Қазіргі таңда Жаңажол ауылдық округі маңынан өтіп жатқан  «Балажарма», «Оң жағалау» бөгеттерінің су тасқыны қаупі бар осал жерлерін нығайту мақсатында  «Жаңажол» ЖШС мен ауылдағы мектеп, балабақша, ауыл әкімдігі және  басқа да мекемелер мен ауыл тұрғындары, сонымен бірге аудан орталығы мен көршілес өңір тұрғындары жұмылдырылды.  Осы уақыт аралығында тұрғындардың күшімен  Жаңажол ауылы маңынан өтіп жатқан өзен бойындағы бөгеттің 3,7 шақырымына қадалар қағылып,  құм толтырылған қаптар, пашындар және қамыстармен  бөгелді. Осы жұмыстарға 250-ден астам адам мен 40-қа жуық түрлі техника тартылды. Қармақшы ауылында да су тасқынының алдын алу жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілуде. «Жосалы-Жалағаш» автожолының Қармақшы ауылына кіреберіс жерінен Жосалы кентіне қарай 500 метр жер нығайтылды. Сондай-ақ, аудан бойынша 10 эвакуациялық жинақтау және қабылдау пункті дайындалды.    
Сапар барысында Ислам Әбішев ағымдағы жыл басталғалы бері Сырдария  өзенінің су жіберу көрсеткіші шамамен 13 млрд текше метр болғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Сырдария өзенінің  су көлемі әлі де артуы мүмкін екенін айтып, мамырдың 2-16 күндері аралығында жауын-шашын күтілетінін жеткізді. 
Өзен арналарының бойында жауапты қызметкерлер кезекшілік қойылғанын және алдағы уақытта аймақтағы су тасқынына қарсы  жаңа техникалармен, мамандармен толықтырылатынын айтты. С.Қожаниязов пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Қармақшы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз