БҮГІН – КҮЛКІ КҮНІ

153

0

БҮГІН –  КҮЛКІ КҮНІКүлкінің шығу тарихына үңілген ғалымдардың пайымдауынша, жұмыр басты пенделер алғашында күлу дегеннен мақұрым болыпты. Болғанда да алаңсыз езу тарту дегенді білмепті. Тек тас дәуірінің о жақ, бұ жағында жымиюды бастаған дейді бір білгіштер. Енді біреулердің айтуынша, қола дәуірінде қарқылдап күле бастаған көрінеді. Дейтұрғанмен, нақты дәлелдері жоқ, сондықтан, күлкінің шығу тарихын емес, даму барысын талқыға салған ләзім.
Бүгінгі күні қаптаған күлкі түрлері қатарына «селфи күлкі» деген күлкі қосылды. Құдай басқа салмасын, бұл күлкімен ауыратындардың күнін иттің басына бермесін. Күніне мың рет ыржыйып, жүз рет жымияды. Өтірік күлкі ұрпақтарынан саналатын бұл түрдің ғұмыры қаншаға созылатыны белгісіз, белгілісі оған жақындардың өміріне кәдімгідей әсер етері сөзсіз. Бір ғана мысал айтайық, бетке әжімді ерте түсіреді. Ойбай-ау, енді аты-жөні жоқ, жынды адамша олай-бұлай ыржия берсең, беттен бет қала ма, тәйірі! 
«Селфи күлкіні» осы жерден тоқтатып, негізгі айтпағымызға көшсек. Бірінші сәуір күлкі күні барша жұртқа риясыз, таза күлкі сыйласын, ағайын!
ҚАМШЫЛАР ЖАҚҚА ЖҰҚҚАН БОР
Малшы ауылда тұратын бір қария немересін аудан орталығындағы мектептің бірінші сыныбына беріпті. Сөйтіп, сабақ басталып, бірнеше күн өте шығады. Бірде мұғалім тақтаға сабақ жазып түсіндіріп жатса, малшы ауылдың қара сирағы «Апай, апай» деп қолын сермей берсе керек. 
– Иә, айта бер, – дейді апайы.
– Қамшылар жағыңызға бор жұғып қалыпты, – дейді бала төбеден түскендей.
Мұғалім ат-тонын бауырына ала тулап, баланы құлақтан тартып отырып, директорға апарады. Директор кәбинетінде екен, «осылай да, осылай» деп түтіккен мұғалімді тыңдап болады да:
– Жә, сабағыңды өткізе бер, – дейді де, көлігіне баланы салып алып малшы ауылға тартады.
Келсе, атасы үй сыртында жүр екен. 
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмәсәләм! Уа, жайшылық па?
– Жайшылық болмай тұр, ақсақал!
– Е, не боп қалды!
– Мына балаңыз апайына ыңғайсыз сөз айтып, соны сізбен сөйлесейін деп келдім.
– Содан.
– «Қамшылар жағыңызға бор жұғып қапты» депті.
– Астапарылла, оның несі ыңғайсыз? Айна¬лайын-ау, қамшылар жағына жұққанды қамшылар жағы демей не дейді енді?
– Ақсақал, адамға олай сөйлеу мәдениеттілікке жатпайды ғой.
– Неғыл дейді! Боры құрмағыр да мінер жағы¬на жұқпаған екен де.
Қарияның мына сөзінен кейін директор түңіліп, көлігіне отырып тайып тұрған екен.  
Н.ТАСТЕМІР.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз