Биыл «Ақпаратты Қазақстан» бағдарламасы қабылданады

91

0

Биыл «Ақпаратты Қазақстан» бағдарламасы қабылданадыБиыл «Ақпаратты Қазақстан» бағдарламасы қабылданады. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналардан көрсетіліп жатқан республикалық БАҚ өкілдеріне сұхбаты барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Ұлыстың ұлы күнінде, өзіңіз салған Астананың төрінде дидарласып отырмыз. Өйткенді саралайтын, келешектің келбетін даралайтын, бар мен жоқты бағалайтын жақсы үрдісіңіз бар. Бізді қабылдап отырғаныңызға рахметімізді айтамыз. Рұқсат етсеңіз, алғашқы сауалды бастасам. Мынау биылғы Жолдауда еліміздің үшінші жаңғыртуын бастау туралы айтылды. Оны іске асыру барысында қандай сын-қатерлер болады? Мына қазіргідей күрделі жағдайда трансформациялау мен цифрлаудың қаншалықты тиімділігі бар? Осы жөнінде айтсаңыз», – деді Елбасына алғашқы сауал қойған «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
«Сендер ұмытып кетесіңдер. 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарлама жасаған кезде осы жолымызда, аманшылық болса 10 қатер, қиындықтар бар деп мен бәрін айтып кеткенмін. Ол неден шығады? Енді болашақтың мәселесі бір Алланың қолында. Дегенмен, жағдайымызға қарап отырып, болжау жасауға болады. Сол болжаудағы қатерлер неден шығады? Біздің Қазақстанның географиялық тұрған жерінен шығады. Төңірегіміздегі көршілеріміздің жағдайынан шығады. Дүние жүзіндегі экономикадан шығады. Ішіміздің тыныштығынан шығады. Көршілеріміздің аман-есен болуынан шығады. Барлығынан шығады. Экономикамыздың бұрыннан қисайып келе жатқан жағы бар, бір жақты болып. Содан шығады. Сондықтан осылардың барлығы болады», – деді ҚР Президенті сауалға жауап бере келе.
Мемлекет басшысы қазіргі алған бағытымыздан таймай, алға қарай ілгерілей берсек, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізетіндігімізді баса айтты.
«Мәселен, айтып отырған цифрландыру, экономика мәселелері бар. Былтыр бір жылдың ішінде біздің экспорттық тауарларымыз үш есе төмендеп кетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. Дүниежүзіндегі белгілі, ұлы сарапшылардың ешқайсысы бұл дағдарысты айтқан жоқ. Біз қоржынымызға түсетін қаражаттың пайызынан айырылып қалдық. Егерде біз бұрыннан қор жасап, осыған қамданбасақ, осыны күтпесек елімізде қазіргі жағдай өте нашар болар еді. Ал енді қазіргі Жолдауды үшінші индустриялдық бағдарлама деп отырмыз. Бірінші индустрияны ары қарай жалғастыру керек, шағын және орта бизнесті дамыту керек, әлеуметтік жағдайды түзеу керек. Білім беру, денсаулық сақтау мәселелері және ішіміздегі кемшіліктерді жою керек деп айттық. Сондықтан Үкіметке Ақпаратты Қазақстан деген бағдарлама дайындау жөнінде тапсырма берілді. Ол дайындалып, биылдың ортасында қабылданады. Бұл өте ыңғайлы нәрсе. Біз мұндайды әлі жасап көргеніміз жоқ. Жаңадан іске кірісейік деп отырмыз», – деді Елбасы жауабында.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бүгінде елімізде шетелден оқып келген, шет тілін білетін жастардың көп екендігін баса айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз