БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖОБА

45

0

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖОБА«Сыр медиа” ЖШС жанындағы облыстық
коммуникациялар орталығында облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев
үстіміздегі жылдың өткен он айында салада атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер
жайлы БАҚ өкілдеріне есеп берді.

– Өткен жылдың осы мерзімінде
мектепке дейінгі балабақшалар мен шағын орталықтар саны 589 болса, биыл олардың
саны 648-ге жетті, оларға 1-6 жас аралығындағы 43351 бала қамтылып отыр, – деді
сала басшысы. – Еліміз бойынша 3-6 жас аралығындағы балалар­ды 2020 жылға дейін
мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту жоспарланса, Сыр өңірі ол межені биыл бағындырды,
енді 3 жасқа дейінгі балаларды бөбекжайларға көбірек тарту көзделуде. Оларға тәрбие
мен білім беретін педагог мамандарының әлеуетін арттыру – басты мақсат.

Сала басшысы облыс бойынша жалпы
орта білім беретін мектептер санының Байқоңыр қаласындағы осыған дейін Ресей мемлекетінің
білім беру стандартымен қазақ тілінде сабақ беріп келген 6 мектеп есебінен 298-ге көбейгенін, Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін
тарататын 22 мектептің бекітілгенін, ал 2 орта мектептің жалпыға міндетті 12 жылдық
білім берудің жаңа жобасына көшірілгенін айтып өтті. Аймақтағы апатты мектептер
саны жыл сайын азайып, болашақ иелері жаңадан
салынған білім ошақтарында сапалы білім алуда. Өткен жылы облыста 21 білім беру
нысанының құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілсе, биыл 22 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Олардың 19-ы Тәуелсіздік мерекесі мен жыл соңына дейін балалардың игілігіне ұсынылатын
болады. Қалған 3 білім беру нысанының құрылысы келер жылы аяқталады деп күтілуде.
11 апатты мектеп құрылысына қажетті қаражат
көздері қарастырылып, оны жүргізетін мекемелер айқындалуда. Сонымен қатар жүргізілген санақ нәтижесімен бала
саны көбейген аймақтан мектеп салуды алдын ала жоспарлау да ойда бар.

Сыр бойының биылғы түлектері ҰБТ-де
орташа 81,7 балл жинап, еліміз бойынша соңғы бестіктен алғашқы бестікке көтерілді. Олардың арасынан 139 «Алтын
белгі”, 59 «Үздік аттестат” иегері шықты. Биылғы ҰБТ-ға қатысқан 4165 түлектің
1994-і, яғни 47,8 пайызы грант иегері атанды. Олардың 214-і Ресей мемлекетінің ЖОО-ға
қабылданды. Алдағы мемлекеттік сынаққа дайындықтың басталғанына да біршама уақыт.
Облыс көлеміндегі қосымша білім беретін 59 ұйым мен мектептердегі үйірмелерге мектеп
оқушыларының 96,2 пайызы қамтылған. Алдағы
ҰБТ-да биылғыдан да жоғары көрсеткішке жету жоспарлануда. Бір қуанарлығы, бұл оқу
жылында ҰБТ-ға қатысуға тілек білдіргендер,»Алтын белгі” мен «Үздік аттестатқа” үміткерлер, Ресей бюджеті есебінен оқитындар
саны артты. Ендігі міндет – түлектерді алдағы сынаққа жан-жақты әзірлеу, олардың
білім сапасын жақсарту.

Заман көшіне ілесудің бір жолы
– жаратылыстану бағытындағы пән­дерді кезең-кезеңімен ағылшын тілін­де оқытуға көшіру.
Бүгінгі таң­да облыстағы 4 мектепте, атап айтқанда, №9, 10 қазақ-түрік ли­цейлері,
«Мұрагер» және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бұл ба­ғытта нақты жұмыстар қолға
алынды. Аймақта сабақ беретін ше­тел­дік еріктілер санын көбейту көзделуде. Білім
саласындағы жаңа бағыт ұстаздардың біліктілігін арттыруды қажет етеді. «Назарбаев
зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының деңгейлік оқу бағдарламасы бойынша өткен жылы
1102, биыл 919 педагог үш айлық курстан өтіп,
білімдерін көтерді. Соның нәтижесінде облыстажоғары және бірінші санатты мұғалімдер саны 8042-ге жетті. М.Мәметова атындағы
Қызылорда гуманитарлық колледжі мен «КАТЕV” халықаралық қоры арасындағы келісім
нәтижесінде 2015-2016 оқу жылынан бастап ағыл­шын тілін тереңдетіп оқыту ар­­қылы
мектептердегі негізгі пән­дерді ағылшын тілінде
оқытатын мұ­­ғалімдерді даярлау республикада қа­натқақты жоба ретінде қолға алынды.

Облыста жетім және ата-анасы­ның
қамқорлығынсыз қалған 1046 бала бар. Олардың 873-і патронаттық, 137-сі
интернаттық мекемелерде тәрбие алады. Қазіргі таңда балалар ауылында 59 бала
тәрбиеленуде. Өткен жылы осы топтағы балалардың 86-сы тұрғын үймен қамтамасыз
етілсе, биылғы жылы тағы 40 бала бас­паналы болды.

Брифинг барысында білім
саласының басшысы БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап беріп, олардың пікірлерін тыңдады.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз