БІЛІМГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

60

0

БІЛІМГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІЖұма күні ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жұмыс сапарымен Сыр еліне келді.  
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесуден кейін министр Қызылорда қаласындағы бірнеше білім беру нысандарының жұмысымен танысты. Мәртебелі мейман ат басын алдымен №15 мектеп-лицейіне бұрды. 
Аталған білім ұясының іргетасы 1960 жылы қаланған. Басында малшы отбасының балаларына арналып салынған бұл мектеп-интернаты уақыт ағымымен өз мәртебесін бірнеше рет өзгертті. Тек 2009 жылы ғана мектеп-лицей мәртебесіне ие болды. 480 орынға лайықталған мектепте бүгінгі таңда 24 сынып бойынша 688 шәкірт білім нәрімен сусындап жүр. Ұжымда 92 мұғалім бар. Оның 18-і жоғары санатты. Оқушылардың жан-жақты білім алуы үшін мұнда интерактивті тақтамен қамтылған алты кабинет, екі информатика бөлмесі, сонымен бірге физика, лингафонды-мультимедиалық бөлме жұмыс жасауда.  
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов танысу барысында мектеп-лицейдің медициналық бөлмесін, кітапханасын, лингафонды-мультимедиалық бөлме мен асханасын көрді. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан білім ошағының бүгінде тозығы жеткен, талапқа сай келмейді. Оқу сыныптары тар, спорт зал, шеберхана атымен жоқ. Асхана мен акт залының да жағдайы сын көтермейді. Бірнеше жолдың қиылысында орналасқан мектептің ғимараты қоршалмаған. Осыған қарамастан, білім ордасы білімді де жан-жақты оқушылар тәрбиелеумен өзге мектептерден озық келеді. Лицей директоры Күләш Ежетаеваның айтуынша, биылғы жылдың өзінде мектептің 30 оқушысы Н.Назарбаев зияткерлік мектебіне түссе, 18 түлек «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуда, бес оқушысы Н.Назарбаев университетінің студенті атанған. Соңғы 10 жылда 48 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 25-і «Үздік аттестат», 146-сы үздік куәлікпен бітірген. ҰБТ нәтижесінде орташа балл- 81,1-ді құраған. Сондай-ақ, Күләш Тұрсынқызы бұл білім ұясына ата-аналар тарапынан сұраныстың өте жоғары екенін алға тартты. Оның айтуынша, бір орынға 12 баладан келеді. 
Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев министрге аталған мектеп-лицейінің балаларға білім беруде өте сапалы жұмыс жасап жүргенін айтып, жоғарыда көрсетілген мәселелерге мән беріп, оны шешудің маңызы зор екенін алға тартты. Яғни, жаңа ғимарат құрылысын жүргізу қажеттілігі айтылды. 
Онан соң министр бастаған топ «Шұғыла 2» жеке балабақшасында болды. Мұнда мейманды балабақша құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Сейітқали Алшынбаев пен балабақша меңгерушісі Гүлсім Қожаназарова қарсы алды.
320 орындық балабақша «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Жуырда ғана қызылордалық бүлдіршіндер көзайымына айналған бұл мектепке дейінгі тәрбие орнында бүгінгі таңда 320 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша ұжымында 43 педагог, 47 техникалық қызметкер жұмыс жасауда. Министр танысу барысында шахмат орталығында, «Балауса», «Шаттық» топтарында болды. Ғимарат ішін аралап, жұмыс барысымен танысқан министрді акт залында балғындар әдемі бимен қарсы алды. Бал тілдерімен әсем ән арнады.  
Заманауи үлгіде салынған балабақшада балдырғандардың жан-жақты тәрбиемен қамтылуына барлық жағдай жасалған. Алайда, орын алып отырған мәселе де жоқ емес. «Сабақты ине сәтімен» демекші, орайы келіп тұрғанда ол мәселелер Білім және ғылым министрінің алдына жайып салынды. Ол мәселе – ашылған мектепке дейінгі мекемелерге мемлекеттік тапсырыс негізіндегі қаржының бөлінбей отырғандығы. Нақты айтқанда, 562 млн. теңге қажет. Осының салдарынан жеке балабақша ашушылар, яғни, кәсіпкерлер зардап шегуде. Осы орайда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жоспарымен бөлісті. 
– 2020 жылға арналған «Балапан» бағдарламасын біз 2015 жылы түгелімен іске асырып бітеміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл үшін бізге жеке кәсіпкерлер көмекке келіп жатыр. Бүгінгі таңның өзінде біз бұл межені 79 пайызға орындадық. Жоғарыда айтқанымдай, 2015 жылы біз бағдарламаны 100 пайыз орындаймыз деп отырмыз. Ол үшін, әрине, жаңағы мәселені шешуіміз керек. Яғни, бізде балабақша бар да, мемлекеттік тапсырыс негізіндегі қаржы жоқ. Ал ол өз кезегінде кәсіпкерлерге кері әсерін тигізеді. Сейітқали Алшынбаевтың бұл бірінші балабақшасы емес, бұл азамат өңірімізде білім саласының меценаты ретінде белгілі болған тұлға. Саланы дамытуда қаржысын аямай салуда. Дегенмен, мемлекет тарапынан қолдау да керек, – деп облыс әкімі мәселені нақтылады.  
БІЛІМГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІОсы кезде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов балабақша құрылтайшысы Сейітқали Бегманұлынан балабақша ашқаннан қаншалықты пайда барын сұрады. Министрдің бұл сұрағына Сейітқали Алшынбаев былайша жауап берді: – Мектеп салу, балабақша ашу қыруар пайда әкелетін шаруа емес. Мен мұны азаматтық борышым деп білемін. Әрбір азамат туған еліне осылай қызмет етуі керек деп ойлаймын. Екі жылдың ішінде мен білім саласына 1 млрд. теңге көлемінде қаржы салдым. Мен оны мұнай саласына немесе өзге салаға салсам пайда көрер едім, бірақ бұл біздің еліміз үшін керек, балаларымызға қажет. Бізден кейінгі жас кәсіпкерлер бізге қарап бой түзеуі үшін осындай қадамдар керек. Мен мұны шын жүрегіммен жасап жатырмын. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс негізінде алынған қаржы тек қызметкерлердің жалақысы мен коммуналдық шығындарды төлеуге ғана жетеді, ал қалғанына түгел өз қалтамнан шығып отыр. Мен бұған өкінбеймін. 
Сонымен қатар, экологиялық коэффициентке қатысты да мәселелер көтерілді. 
Министрдің соңғы аялдаған нысаны Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі болды. 
Аталған колледж 1956 жылы кәсіптік-техникалық мектеп ретінде ашылған. Содан бері аймақтың білім саласында кәсіптік мамандар даярлауда өзіндік үлесін қосып келеді. Оқу орнында 58 педагогикалық қызметкер еңбек етуде. Қазіргі уақытта мұнда 571 студент білім алуда, оның мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жүргені 278 болса, 293 оқушы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қабылданған. Шәкірттер 10 мамандық бойынша білім алады. 212 түлектің 168-і, яғни, 80 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл білім ордасының да өзіне тән шешімін таппай келген мәселесі бар. Атап айтсақ, колледж типтік жобаға сәйкес келмейді, ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Акт залы мен асханасы істен шыққан, спорт зал, жатақхана мүлдем жоқ. Жаңа мамандықтарға оқу шеберханалары қарастырылмаған. Осыларды ескере отырып, жаңа типті ғимараттың қажеттілігі байқалады. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа ғимарат құрылысын жүргізу бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Мәселен, «Астана» мөлтек ауданынан жаңа құрылыстың орны белгіленіп, сметалық құжаттары әзірленген.  
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аталған мәселелерге қатысты ұсыныс хат дайындағанын айтып, қолдау көрсетуін сұрады. Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрі өңірде білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз