Болашақ энергиясы. Ақылды өмір

69

0

Болашақ энергиясы. Ақылды өмір«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Оңтүстік Корея павильоны салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі және аталмыш павильонның комиссары Ким Дэ Шик, КОТРА директоры Ким Дже Хонг және тағы басқа қонақтар қатысты.
Аумағы жағынан ең үлкен павильондар қатарына кіретін Оңтүстік Корея «ЭКСПО» көрмесіне 19-рет қатысып отыр. Павильонның аумағы 1804 шаршы метр. Корея Республикасы әлемнің 115 мемлекеті қатысып жатқан маңызды шараға тек үздік жобаларын алып келген. Күншығыс елінің инноваторлары EXPO қонақтарын бұл жолы энергетикалық орманмен таңқалдыруда. Бұған қоса сумен жүретін машина мен баламалы энергия көзінен қуат алатын ұшақ бар. Жалпы кәрістер жасыл технологияның дамуы жағынан әлемде көш бастап тұр.  «Осы жетістіктерді баламалы қуат ошағымен ұштастыра түсу керек», – дейді мамандар. Сондықтан павильон тақырыбы «Болашақ энергиясы. Ақылды өмір» деп таңдалыпты.
Павильон директоры Ким Дже Хонг, «Біздің көрмеде жаңа энергия көздеріне саяхат жасай аласыздар. Сондай-ақ біз күн, жел энергетикасы саласында соңғы үлгіде жасалған жобаларымызды алып келдік. Мұнда энергия көздерін тиімді сақтау технологиясы мен сандық технологиялар да бар», – дейді.
Оңтүстік Корея павильонында заманауи технологиялардың көмегімен өндірілетін қуат түрлері туралы шоу көрсетіледі. Сол үшін тіпті бір жарым тонналық сутектік автомобиль Астанаға арнайы теңізбен жіберілген.
Болашақ энергиясы. Ақылды өмірПавильонның бас дизайнері Чой Кван Щик, «Көрмеде күн батареясымен жұмыс істейтін және ғаламшарды айналып ұша алатын ұшақтың макеті бар. Қос қабатты павильонның бірінші қабатында Кореяның энергетикалық технологияларын, ал екінші қабатында мәдениетін көрсетеміз. Көрме өтетін 93 күннің ішінде бізге бес жүз мың адам келеді деп болжап отырмыз», – дейді.
Корея көрмесінде ЭКСПО-ға келетін ең кішкентай қонақтардың да қамын ойластырып қойған. Онда балаларды әлемдік деңгейдегі танымал мультфильмдердің кейіпкерлері қарсы алады.
Павильонға келген көрермендерге ерекше анимациялық шоу ұсынылады. Онда табиғатты құтқаруда жаңа баламалы қуат көздерінің маңызды екендігі көрсетіледі. Сахналанған көріністе Аслан есімді жас қазақ жігіті Ара атты қыздың көмегімен жаңа энергияның қоршаған орта үшін өзекті екенін түсінеді. Ал келесі залда қазақстандықтар энергетикалық орманға кіреді. Қонақтарға арнайы планшет беріліп, олар болашақ энергия көздеріне арналған арнайы ойындарды ойнауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бұл залда сумен жүретін машина, энергия көзінен қуат алатын ұшақ қалықтайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз