БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЛАЙ ДАЯРЛАНАДЫ?

106

0

БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЛАЙ ДАЯРЛАНАДЫ?Сенбі күні
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде мазмұны мәнді басқосу
болды.

Алматылық қонақтар журналистика саласының бұрынғысы
мен қазіргі жай-күйі, болашағы төңірегінде ойларын ортаға салды және аймақтық
бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалына да үңілді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан
Жақып сөз басында Сыр өңірінің тумасы, талантты ақын Әбділдә Тәжібаевтан жас
күнінде бата алғанын мақтанышпен айтты. Бұдан басқа, ол дамыған шет елдерде
журналистиканың жақсы дамуына баса назар аударатынын саралай келе, Қызылорда
облысының баспасөзін сөз етті.

– 1929 жылдан бері шыға бастаған «Сыр бойы» мен
«Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдығын атап өту шараларына қатысып,
көп жайтқа қанықтық. Мерейтойға орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік
конференцияда жаһандану заманындағы журналистиканың мәселесі жан-жақты
талқыланды. Ал бүгін университет қабырғасында соны тағы бір ой елегінен
өткізіп, көкейге түйіп, қорытындылап отырмыз. «Сыр медиа» серіктестігі бірнеше
басылымды бір шаңырақ астына жинап, жүйелі жұмыс жасап отыр екен. Медиа-холдинг
заманауи озық технологиямен қаруланған, талапқа сай типографиясы да бар. Біз
осындайды шетелден көріп, таңдай қағатын едік. Бір сөзбен айтқанда,
Қызылордадағы журналистиканың осы жетістігі еліміздің басқа аймағындағы
жергілікті БАҚ-қа үлгі болады деген қорытындыға келдік, – деді Бауыр­жан Жақып.

Сонымен бірге, ол Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік
университетінде журналистика мамандығын жүзден аса студент меңгеріп, білікті
ұстаздар дәріс беріп жатқанын тілге тиек етті. Яғни, бұл оқу ошағы әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ және Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінен кейін
баспасөз өкілдерін оқытатын ірі орталық екенін атап өтті.

Ал «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин
Паттеев қазіргі кезде ағылшын тілін білетін журналистерді даярлауға көңіл бөлу
керектігін жеткізді.

– Біздің газеттегі тілшілеріміздің біразы ағылшын
тілін меңгерген, сондықтан әлемдік ақпарат ағынындағы жаңалықтарды да
күнделікті бақылап, білімдері мен тәжірибесін жетілдіріп отырады. Бұл оларға
шетелдік респонденттерден де пікір сұрап, сұхбат алуға мүмкіндік береді. Мұның
да газетімізге соны серпін беріп, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етері анық.
Сондықтан қазіргі журналистер ағылшын тілін білуге талпынуы қажет. Заман соны
талап етіп тұр. Әлбетте, ең бастысы – журналистер ұлттық мүдде, мемлекетшілдік
сана тұрғысынан сөйлеуі керек, – деді ол.

Шәмшидин Әшенқожаұлы мерзімді басылымдар өміршеңдігін
жоғалтпайтынын, оларды интернет-сайттар мен әлеуметтік желілер «жерлей»
алмайтынын жеткізді. Ал газет оқу қоғамның саяси мәдениеті ретінде
қалыптасатынына күмән келтірмеді. «Қазақ баспасөзінен сапалы, қазақ
журналисінен өткір өнім күтетін заман туып келеді. Өйткені, жырқыл мен күңкілге
құрылған БАҚ-тың болашағы болмайды», – дейді ол.

«Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің
айтуынша, елікпе және желікпе журналистикадан арылып, ойлы журналистикаға
көшетін кезең келді. Ақпараттық майданда қазақ баспасөзі ойсыз болуға хақысы
жоқ. Бұдан бөлек, ол сырға толы Сыр бойының арғы-бергі тарихына көз жүгіртіп,
сөз құдіреті мен тіл тазалығын сақтау, өз кәсібіңнің кәнігі маманы болу
қажеттігі туралы ойларын салмақтап өтті. Нұртөре Байтілесұлы соңғы жылдары
аймағымызда индустриал­ды-иннова­циялық жобалар қолға алынып жатқанына да
тоқталды. «Бұрын «ырысты, күрішті Қызыл­орда» деген қанатты сөз бар еді. Қазір
«құ­рыш­ты Қызылорда» дейтін болдық. Себе­бі, бұл өңірдің өндірісті өлкеге
айналып жат­қанының куәгері болып отырмыз», – деді ол.

Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің
деканы Сағатбек Медеубекұлы төртінші билік өкілдерін оқытудағы
әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Оның пікірінше, журналистерді жалаң теориялық
біліммен тәрбиелей бергеннен гөрі, тәжірибе жүзінде баулу маңыздырақ һәм
пайдалырақ. «Бұл жағынан келгенде, Қызылорда аймағындағы баспасөз саласының
әлеуеті жоғары екеніне көзіміз жетті», – деді ол.

Басқосу барысында журналистердің этикасы, жазу
мәдениеті де сөз болды. Қазіргі заманғы жаңа медиа тілін білу мәселесі де
назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, кездесу кезінде студенттер қонақтарға
сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алып отырды. Бұл орайда БАҚ-тың мемлекеттік
тапсырыс, телеарналардағы шоу бағдарламалардың қаптап кеткені, журналист
этикасы мәселелері көтерілді.

Бір сөзбен айтқанда, жиынға қатысқан көп­шілік кәсіби,
танымдық және тәрбиелік тұр­ғыда мол мағлұмат алды. Өз кезегінде, Ал­матыдан
келген кәнігі журналистер мен ға­лымдар алдағы уақытта осы университетте
шеберлік сағаттарын өткізуге, дәрістер оқуға уәде берді.

Кездесу соңында білім, мәдениет және баспасөз
саласындағы елеулі табыстары үшін Бауыржан Жақып, Нұртөре Жүсіп пен Шәмшидин
Паттеев «Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль» төсбелгісімен марапатталды, ал
Аманқос Мектептегі пен Сағатбек Медеубекұлына «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетіне – 75 жыл» төсбелгісі табысталды. Университет ректоры
Қылышбай Алдабергенұлы осындай мағыналы басқосуға себепкер болған «Сыр медиа»
серіктестігінің басшылығына алғысын білдірді.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз