БОЛАШАҚҚА СЕНІММЕН ҚАРАУҒА НЕГІЗ БАР

72

0

БОЛАШАҚҚА СЕНІММЕН ҚАРАУҒА НЕГІЗ БАРСейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың қатысуымен 2015 жылдың негізгі көрсеткіштерін қорытындылауға және
2016 жылдың даму бағыттарын айқындауға арналған селекторлық мәжіліс өтті.

Жиынды ашқан аймақ басшысы әлем­де
мұнай бағасының төмендеуі және бас­қа да келеңсіз факторлар орын алса да, өңір­дің
әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақтылық сақталып отырғанын жет­кіз­ді. 2016
жылғы республика бюджеті мұ­най баррелінің 40 долларлық бағамына сәй­­кестендіріліп
жасалды. Мұнай бағасының құл­­­дырай түсуіне орай, Елбасы Үкіметке бір баррельдің
20 долларға дейін төмендеуі мүм­­кіндігін ескертіп, соған сәйкес даму стратегиясын
дайындап қоюды тапсырды. Егер респуб­ликада мұнай өндіру көлемі 1,5 млн тон­наға
кемісе, соның 1 млн тоннасы Қы­зыл­орда облысының үлесінде болып отыр. Бұл, әрине,
қызылордалық мұнайшыларға оңай соқ­пайтыны анық. Өйткені, бұл салада 29 мыңдай адам
жұмыс істейді. Сондықтан да орталық органдарға кешенді зерттеу жүргізу және 3,5
шақырым тереңдікке дейін бұрғылау жүргізу жөніндегі ұсыныстар беру жалғаса береді.

Облыс басшысы жұмыстан босап қалғандарды
жұмысқа орналастыру жөніндегі өңірлік бағдарламалар жұмыс істеп жатқанын айтып өтті.
Дағдарыс жағдайында халық арасында абыржу тудыратын мәселелер бойынша алдын алу
шаралары іске асырылып отырды. Ал жалпы алғанда 2015 жылғы жоспарлаған межелерімізге
қол жеткіздік. Экономиканы әртараптандыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылды. Ауыл
шаруашылығы бойынша да оң динамика сақталды. Өңдеу саласында бірқатар шағын өндірістер
іске қосылды. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы көлемі екі еседей артты.
Экономиканың түрлі саларында 12 мыңнан аса жұмыс орындары ашылса, оның 8 мыңнан
астамы тұрақты жұмыс орындары. Осылайша жұмыссыздық көрсеткішін 4,9 пайызға
түсіре алдық. Облыс орталығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету аяқталып, аудан орталықтарын газдандырудың бірінші
кезеңі жүргізілді.

Мәжілісте облыстың 2015 жылғы
әлеуметтік-экономикалық даму қорытын­дылары туралы облыстық экономика және
бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндады. Басқарма
басшысы бюджеттен қаралған әлеуметтік төлемдер бойынша барлық міндеттемелер
уақытылы орындалғанын атап өтті. Мемлекет және Үкімет басшыларының, орталық
мемлекеттік органдардың тапсырмалары уақытылы жүзеге асырылып, оған қоса
мемлекеттік және салалық бағдарламаларға белсенді қатысудың нәтижесінде өңірдің
бірқатар макроэкономикалық көрсет­кіш­терінде өсу тенденциясы байқалды. Өңдеуші
өнеркәсіпте оң даму қарқыны бар. Өсу қарқыны металлургия, химия, және тамақ
өнеркәсібінде өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілген.
Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы құны 2,3 млрд теңге болатын 5 жоба
жүзеге асырылды. Басқарма басшысы инвестициялық белсенділігіміздің еш
бәсеңдемегенін атап өтті. Инвестициялық форумдар өткізілді. Сыртқы
инвестициялар тартуға қатысты халықаралық қаржы институттарымен нәтижелі
жұмыстар жүргізілсе, ішкі инвестициялар тарту бойынша облыс мемлекеттік және салалық
бағдарламаларға қатысудан да қалыс қалған жоқ.Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 4,2 пайызға артып, 63 млрд теңгеге жетті. Оның 50 пайыздан астамы егін
шаруашылығына тиесілі. Күріштен қатарынан екі жыл рекордтық өнім алынды. Мал
шаруашылығында мал басы көбейіп, тиісінше оның өнімдері де артты. Азық-түлік
бағалары 9,9 пайызға өсіп, орташа республикалық көрсеткіштен төмен болды. Бұл
Тұрақтандыру қорының қалыпты жұмысының нәтижесі.

С.Құлымбетова мұнан кейін 2016 жылдың басты міндеттерін
атап өтті. Олардың қатарында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов пен облыс әкімі
Қ.Көшербаев арасындағы жергілікті атқарушы орган меморандумының орындалуын
қамтамасыз ету міндеті бар. Сонымен қатар облыс әкімінің 2016 жылға арналған
дағдарысқа қарсы Іс-қимыл жоспары орындалуы тиіс. Аудандар мен Қызылорда қаласы
әкімдерінің 2016 жылға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарлары әзірленуі
керек. Сол секілді аудандар мен қала әкімдерінің әлеуметтік маңызы бар тауарлар
бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Өңірлік индустрияландыру
картасы бойынша 2016 жылы 580,4 млн теңгенің 4 жобасы іске асырылатын болады.
Шыны зауытының құрылысы жалғасып, цемент, машина жасау, кальцийлендірілген
сода, ферроқорытпа зауыты жобаларына инвестиция тарту жалғасын таба береді.

Қармақшы ауданының әкімі
Сұлтан Мақашов селекторлық байланыс арқылы өткен жылы атқарылған жұмыстар
жайында есеп беріп, алдағы мақсаттарға кеңінен тоқталды. Биыл ауданға газ
жеткізу жұмыстары басталады. Төребай би, Ақтөбе және Тұрмағанбет ауылдық
округтерінде құс өсіру, Қармақшы ауылында қой шаруашылығын өркендету жұмыстары
іске асырылады. Жосалы кентінде жылына 100 тонна мұнай өнімдерін өндіретін
зауыт салынады.

Ал облыстық құрылыс, сәулет
және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Майра
Барақбаева өткен жылы барлық
қаржыландыру көздері есебінен 465 нысан салынғаны туралы айтып өтті.

Мәжілісте сондай-ақ, «Нұрлы
жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ифрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып
жатқан жұмыстар жайлы облыстық энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқармасы
басшысының міндетін атқарушы Медет Құсайын хабарлама жасады. Ол 2015 жылы
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген 3 млрд теңгеге
Қызылорда қаласында магистральды және кварталаралық жылу желілерін жөндеу
жұмыстары жүрізілгенін жеткізді. Осы жұмыстарға 260 адам тартылған. Ал биылғы
жылға жылумен қамту бойынша жалпы құны 1 млрд теңгелік 7 жоба және ауызсумен
қамтамасыз ету бойынша жалпы құны 3,6 млрд теңгелік 4 жоба қолдау тауып отыр.
Жұмысты жүргізу кезінде 350 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Осы орайда облыс басшысы
Елбасы тапсырмасына сай, экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар
жалғаса беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы айқындаған Ұлт жоспарының
пракикалық кезеңі басталды. Оның шеңберінде мемлекеттік басқарудың бүкіл
жүйесін нақты нәтижелерге қол жеткізуге
бағдарлау үшін 12 салалық
индикаторлар бойынша жұмыстар
жүргізілетін болады. Аймақ басшысы осыған орай өзінің орынбасарлары мен
басқарма басшыларының жауапкершілігін ескерте отырып, оларға дағдарысқа қарсы
Іс-қимыл жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде тапсырма берді.
Сонымен бірге барлық аудан және қала әкімдеріне, бюджеттік бағдарламалар
әкімшілеріне 2016 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң
динамикасын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауын тапсырды. Барлық
әкімдер мен басқарма басшылары бюджеттің орындалуын бас­ты назарда ұстауы тиіс.
Ал мемлекеттік сатып алу конкурстарын сапасыз өткізген бағдарлама әкімшілері
жауапкершілігі қатаң қараталатын болады. Қаражат толық игеріліп, жұмыстар сапалы және уақытылы
орындалуы тиіс. Қырымбек Елеуұлы Қызылорда облысы республикалық бюджеттен
өзінің қомақты үлесін алып отырғанын жеткізді. Халықаралық автодәліз және
«Бейнеу-Шымкент» газ құбыры секілді ірі жобалар аяқталғанымен, олардың орнын
басатын басқа жобалар жүзеге асырылады. Халықаралық қаржы институттарымен
келісім жасалған және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жалпы құны
333 млрд теңгелік 33 жоба бойынша жұмыстар жүргізіле береді. Облыс басшысы барлық жобалар іске асатынына
сенімді екенін жеткізді.

Осы ретте өңір жетекшісі Еуропалық қайта құру және даму банкімен,
басқа да халықаралық банктермен арадағы несиелік келісімдер бойынша облыс
міндетіне алған қаржыларды бюджетке 100 пайыз кіргізіп отырғанын жеткізді.
Осылайша әкімдік өз міндеттемесін толық орындап отыр.

– Осының бәрі дағдарыс
кезеңіндегі қиыншылықтарды жеңуге, жұмыс орындарын толтыруға септігін тигізеді.
Сондықтан да болашаққа оптимистік көзқараспен қарауға негіз бар, – деді облыс
әкімі қорытынды сөзінде.

 

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз