Болашақты бағдарлаған тарихи құжат

65

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын жариялады. Елбасымыз өзінің бұл Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуға нақты мүмкіндіктер жасайтын 10 өзекті міндетті белгілеп берді.
Жолдауда бүгін атқарылуға тиісті жұмыстар, ертең бағындырылатын белестер жан-жақты тиянақталған. Адамзаттың жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқаны – өмір шындығы. Жаңа технологияларға негізделген индустрияны дамыту арқылы еңбек өнімділігін арттыру басты мәселе ретінде айқындалған. Сондықтан өндірістік процестерді цифрландыру және қазіргі заманғы бизнес модельдерді меңгеру негізгі фактор болып саналады. Осы орайда, Елбасы үстіміздегі жылдан бастап «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Табиғи ресурстарға деген мұқтаждық уақыт өткен сайын арта түсетін болады. Бұл тұрғыда шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды қайта пысықтау қажет. Кәсіпорындардың энергия тиімділігін арттыру, қайта өңделетін екінші айналымдағы ресурстар үлесін ұлғайту және экологиялық таза өндірісті дамыту күн тәртібіне қойылып отыр.
Ауыл шаруашылығы өндірісі ел экономикасының басым бағыттарының бірі. Елімізде егіншілік пен мал шаруашылығы саласын қарқынды дамыту, өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығына баса назар аудару да ерекше маңызды міндет қатарында. Елбасы Жолдауында әлемде сұранысқа ие сапалы азық-түлік өнімдерін экспортқа шығару үшін қажетті жұмыс бағыттары белгіленген. Әлемдік аграрлық ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін жете меңгерген мамандар даярлау, өндіріске жаңа технологияларды әзірлеп енгізу және озық технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеп пайдалану туралы құнды ойлар айтылды.
Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл салаға жұмсалған мемлекет қаражаты тез қайтарылатынын уақыт көрсетті. Цифрлық технологияларға негізделген интеллектуалды көлік жүйесін жасау, автожолдардың жергілікті желісін жетілдіру бағытында атқарылатын жұмыстар ауқымды. Осыған байланысты жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу көзделген.
ХХI ғасыр – білімнің, ғылымның, жоғарғы технологияның ғасыры. Дамыған елдерде қазірдің өзінде 80% дейінгі өнім адам капиталына тәуелді.
Жолдауда адами қапиталды дамыту үшін білім берудің барлық деңгейін жаңа мазмұнда дамыту және денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін қолдау аясындағы жұмыстар ерекше атап көрсетілген.
Дамыған елдердің озық үлгісін барынша қабылдауымыз керек. Осылай болғанда ғана білім мен ғылымды интеграциялауды пәрменді нәтижемен жүргізуге мүмкіндік туады. Еліміздегі ғылым мен білім саласындағы оң өзгерістерге баршамыз куәміз.
Елбасы жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатына баса назар аударуды тапсырды.
Ел болашағы жастардың қолында. Мемлекеттік тілмен қоса, шет тілдерін меңгерген парасатты қазақстандық маман біздің кемел келешегіміздің тірегіне айналады. Осы бағытта университетімізде бірнеше жылдан бері атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстарға қысқаша тоқталғым келеді. 2012 жылдан бастап, бакалавриаттың 16 мамандығы бойынша үштілді білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні үштілді білім беру бағдарламасы мамандықтарының жұмыс оқу жоспарларындағы пәндердің 50% мемлекеттік тілде, 30% – ағылшын тілінде, 20% – орыс тілінде оқытылады. Халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға да қойылатын басты талап осы.
Мамандардың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында бүгінге дейін 310 адам, оның ішінде 111 оқытушы, 18 докторант, 149 магистрант, 32 студент «Eurospeak» Халықаралық мектебі арқылы ағылшын тілін үйренудің тереңдетілген курсынан өтті. Аталған курс бойынша сабақтарды Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттарынан келген филолог-оқытушылар жүргізгенін айта кеткенім орынды.
Соңғы үш жылда ақпараттық жүйелер, информатика, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, математика мамандықтарының үштілді білім беру бағдарламасы бойынша оқуларын аяқтаған бітірушілері дипломдық жұмыстарын ағылшын тілінде табысты қорғады.
«Ақылды қалалар» еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивіне айналады. Біз «ақылды» ортада өмір сүретін күнге қысқа мерзімде жетеміз. Бүгінгі күні оған барлық алғышарттар қалыптастырылуда. Үй, жол, көлік, киім, материалдық игіліктер – бәрі «ақылды» болады, бақылау күшейіп, жауапкершілікті жедел анықтауға мүмкіндік туады. Сондықтан, «ақылды» орта дұрыс құрылып, сөз бен істің бірлігі қамтамасыз етілуі шарт.
Жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 пайызды, өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 пайыздан асты. Жолдауда келтірілген бұл мәліметтер Қазақстан экономикасының, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, өсу үстінде екенінің дәлелі. Және Отанымыздың жасампаз жарқын болашағына деген зор сенімді бекіте түседі.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген 10 міндет бір-бірімен үндесіп елімізді өркениет өрісінің биік белестеріне бастап отырған басымдықтар.
Жалпы биылғы Жолдауда балауса бүлдіршін балалар мен ардақты асыл қазынамыз ардагерлерге дейін қатысы бар міндеттер қамтылған. Ендеше, қалыптасқан мемлекетіміздің дамуындағы жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыру жолында қажырлы еңбек ету баршамыздың азаматтық борышымыз.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректорының міндетін атқарушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
техника ғылымдарының докторы, профессор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз