БОЛАШАҚТЫҢ ДАМУ БАҒДАРЫ

63

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тақы­рыбындағы мақаласының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау бағы­тында  облыстық соттың ұйым­дас­тыруымен «Мәңгілік ел бастауы – ­рухани жаңғыру» атты «дөңгелек үстел» болып өтті. Онда елдің бола­шақ дамуына ерекше басымдық бере­тін мақаланың саяси маңызы жайлы сөз болды.

«Достық үйінде» ұйымдасты­рыл­ған ауқымды шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов, облыс әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» МКМ дирек­торы­ның міндетін атқарушы ­Рахима Ахметова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Еңлік Баймұрзаева, ҚР Судьялар одағының Қызылорда ­облысы бойынша филиалының төрағасы Айбек Дәуренбеков, сондай-ақ тарихшылар, профессорлар, облыстық соттың алқа төрағалары, Соттар әкімшісі басшы­лығы,  отставкадағы судьялар, БАҚ өкілдері қатысты. 

«Дөңгелек үстел» басындағы келелі кездесуді облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев жүргізді. Төраға Мемлекет басшысының билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді  қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінде, сонымен бірге, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауында еліміздің тұрақты дамуына бағытталған бес басымдық, оның ішінде  сот жүйесіне жүктелген міндеттер жөнінде айтып өтті.

– Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына ену – мемлекетіміздің басты мақсаты. Жаһанданудың бұл жаңа қадамы рухани жаңғырудан басталып отыр. Сол үшін заман ағымына қарай икемделіп, жаңа дәуірдің жағымды жаңалықтарын қабылдай білуіміз қажет, – деді Қ.Нұрышев.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес облыстық соттың судьясы Шолпан Маликова «Рухани жаңғырудың нақты бағыттары», облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әлімжан Жарылқағанов «Өңірдегі ономас­тика мәселелері», облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов «Билер соты – ұлттық құндылығымыз», ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Аман Абасилов «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндігі» тақы­рыптарында баяндама жасады.  

Баяндамалар барысында ­Мемлекет басшысы­ның ел бірлігін нығайтып, бола­шақтың талабына бейімделу бағытында алға қойған  міндеттерін сапалы жүзеге асыру жайы сөз болды. Рухани жаңғыру сипатындағы жаңа жоспарлар шеңберінде ой-пікірлер айтылды. Оның ішінде, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің тиімділігі, сонымен бірге, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын  іске асыруға байланысты атқарылып жатқан шаралар төңірегінде өзара ой-пікір алмасты. Осы ретте облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев облыстық оно­мас­тикалық комиссияның назарына өңірдегі әкімшілік-географиялық нысан­дарға халқымызға белгілі билердің, ақын-жыраулардың, Алаш зиялыларының есімін берумен бірге, сот жүйесі­нің ардагер судьяларының есімін беру жөнінде бастама көтерді.

Жиын соңында облыстық сот және Қорқыт ата атындағы ҚМУ арасында рухани жаңғыртуды дамыту мақсатында Кафедра филиалын ұйымдас­тыру және құру туралы екіжақты келісім шартқа қол қойылды. Жалпы «дөңгелек үстел» басында айтылған ұсыныс-пікірлер сарапталып, алдағы жоспарлар аясында қамтылатын болды.

Ғазиза ӘБІЛДА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз