БОЛАШАҒЫМДЫ АСТАНАМЕН БАЙЛАНЫСТЫРДЫМ

77

0

Кез келген қазақстандықтың арман қаласына айналған елордамыз  – Астанада тұрып жат¬қаныма биыл тоғыз жылдың жүзі болды.
Мұнда келгенімде алғашқы кезде, әрине, қиыншылықтар болды. Бірақ алға мақсат қойып, болашағыңды осы қаламен байланыстырғаннан кейін ешқандай қиыншылық та, кедергі де әсерін тигізе алмайды. Ешкімді танымайтын, туған-туысым жоқ ортаға түскенімде елімізде мемлекеттік жастар саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын ескеріп, сол кездегі жастар сая¬саты департаментінің басшысы Нұрлан Өтешевке бардым. Ол сөзімді мұқият тыңдап, қарамағына жұмысқа тартты. Осы салаға сіңісіп кеттім. Міне, сол уақыттан бері елордада мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрмін.
Астана қаласы менің екінші туған жерімдей болып кетті. Себебі осында тұрмыс құрып, ұлым да, қызым да дүниеге келді. Менің балаларым да күннен күнге өсіп-өркендеп келе жатқан Астананың нағыз тұрғындарына айналды. Отанымыздың бас қаласы  – Астана көптеген жас¬тың армандарына қанат бітіріп, үкілі үміт сыйлады.
Астана – жастардың сүйікті мекені. Жазиралы Сарыарқаның сайын даласына, тоғыз жолдың торабына ғаламат жылдамдықпен кескін-келбеті бөлек мәртебелі шаһар тұрғызылды. Бұл күнде «Астана» деп айшықтап атау берген елордамыз тәуелсіз қазақ елінің бет-бейнесіне айналды.
Мемлекет басшысы бір сөз¬інде: «Ежелден рух еркіндігін ерекше қастер тұтқан халқымыздың асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды жалғастыруымыз қажет», – деп айтқан болатын. Кең ауқымды, терең толғамды ойды Астанамен байланыстырар едім. Себебі заманауи дамыған елдердің ірі мегаполистерінің үлгісінде әрі ұлттық, қазақы нақыштар тоғыстырылып салынған ғима¬раттардың, архитектуралық, ди¬зайндық озық құрылыстардың арқасында Астана көз тоймас көрікке ие болды.
Ерке Есілдің жағасында қоныс тепкен Астана қаласы сәулетімен де, келбетімен де төрткүл дүниені ¬мойындатты деп айтуымызға әбден болады. Өмірін Астанамен байланыстырғысы келетін тағы талай адамға бұл құтты мекен болатынына сенемін.

Эльмира БАШЕЕВА.
Астана қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз