Ботагөздің кестелі бұйымдары

113

0

Ботагөздің кестелі бұйымдарыАта-бабадан қалған көнекөз асыл мұра, қазақтың ұлттық қолөнеріне деген ықылас сонау ғасырлардан бері өзектілігін жойған емес. Алайда, бұрындары біз төл туындымыздың небір асылынан, небір жақұтынан айырылып қала жаздағанымыз бар. Бірақ, ел ішінен білек сыбана шыққан майталман шеберлер ұлттық дәстүрдің, ұлттық бірегейліктің белгісін жоғалтпай, қолдан келгенін ортаға салды. Бүгінде қазақтың дәстүрлі өнеріне ден қойылып, оны қайта жаңғыртуды өзіне міндет еткендер көп. Қаладағы «Қолөнер” орталығының тігіншісі, ісмер Ботагөз Мұсабекова солардың қатарынан. Жуырда осынау бірегей өнердің қыр-сырын өзі ғана жетік меңгеріп қоймай, келер ұрпаққа да үйретіп, аманат етіп қалдыруды ¬парыз санайтын кейіпкеріміздің жұмыс барысымен танысып қайтқан болатынбыз.
Әдеттегідей орталық жанынан ашылған арнайы шеберханада оюмен безендірілген көрнекі кілем, көрпе-жастықтар, киім-кешек сіресіп тұр. Ботагөз таңнан қара кешке дейін тігін машинасының алдында. Тапсырыстар тапжылтпайды. Қолына инесін алып іс тігетін, я болмаса, ою ойып, кәдеге аспай қалған маталардан әр түрлі құрақ жасайтын шебердің ісіне шын берілгені көрініп тұр. Мұны біз оның қарбаласқа толы жұмысының жемісін көруге асығатынынан байқадық.
– Ісмер – үнемі жаңарып отыратын көпшілік тал¬ғамын, көңілдегі көркем ойын жүзеге асырушы. Сондықтан біз өз ісінің маманы ретінде түрлі үлгілерді құлпыртып жасауға міндеттіміз. Қазір біздің дүниелерді сатып алушылар көп. Келушілердің басым бөлігі сувенирлік бұйымдарға ғана емес, ұлттық нақыштағы киім-кешек пен аксессуарларға қызығушылық танытады. Байқасаңыздар, қазір ұлттық оюмен әдіптелген киіз пальто киіп, қазақи ою басылған сөмке ұстап, ұлттық сырға, білезік, алқа таққан қыз-келіншектерді жиі кездестіруге болады. Қыздың жасауына арналған көрпеше, сандық, кебеже, қоржын сынды бұйымдарды да алу сәнге айналған. Тіпті, қалада туып-өскен ағайынның өзі ұзату, үйлену тойының жабдығын таза қазақи жолмен дайындағанды жөн көреді. Әрине, бұл өз кезегінде қолөнер нарығына жаңа леп беруде. Соған сәйкес қолөнершілер қатары да толысып, кеңеюде. Бұл қуантарлық жайт, – дейді ол.
«Әйелдің ең бірінші парызы – ине мен жіптің парқын білу, яки тігіншілік өнерін терең меңгеру. Ал екінші парызының не екені әлі күнге құпия”, – деген екен ағылшын жазушысы Оскар Уайльд. Әдемілікке іңкәр кейіпкеріміз Ботагөз де – бала кезгі арманына қанат бітіріп, ине мен оймақтың киесін жете түсінген қыздарымыздың бірі. Ең бастысы, ол дүниелерін баршаға бірдей қолжетімді етіп тігуге тырысады. Бизнес заңына сай, әрбір тұтынушының талғамынан шығып, қойылған талапты дер кезінде орындауға дайын отырады. 
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз