БІР ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ ОҚИҒА

98

0

«Қамыстыбас»  мектебіне биыл 100 жыл толады, деген хабарды есіткен соң архивтерімді ақтардым. Сол Қамыстыбас стансасының тұрғыны болған, 1920 жылдан комсомол мүшесі, Түркістандағы бірінші өлкелік комсомолдар съезінің делегаты Қарасай Шоқанұлының жазбалары сақталған екен.
«Қамыстыбас» шағын поселке болса да, қазан-сәуір айлары аралығында, яғни жеті ай бойы балық жәрмеңкесіне айналушы еді, – депті Қарасай аға өз естелігінде, – себебі, сонау «Ұялы» аралы мен қазіргі Арал қаласына таяу «Қаратүп» елді мекеніне дейінгі теңіз, көл, дариядан ауланған балықты тиеген керуендер осында ағылатын. Оны қабылдайтын саудагерлер вагон-вагон балықты Ресей қалаларына жөнелтетін. Мұнда сәудегерлердің 50-60 дүкені, 10-15 шайханасы болды… 1917 жылдың қазан айының басы-ау деймін, Қазалы уезінен бір қазақ, екі орыс жігіті келіп жиналыс ашты. Ол жиын екі күнге созылды. Ақырында бұрынғы уақытша үкіметтің сенімділері Улитен, Ефим Котин, Павел Житков, Татар Ғылман, қазақ Жұма молдалар орнынан тайды. Совдеп құрылды. Оған қазақтардан Қазыбай Төртінбаев, Оспан Тоқмырзаев, Абай Күмісовтер енді.
Бұрыннан өштесіп жүрген екі орыс азаматы  саудагер Павел Житковты түнде атып жаралапты. Оны Қазалыға алып кетті. Содан үрейленген бай сәудегер Улитен асыл мүліктері мен алтын, ақшаларын екі түйеге теңдеп түнделетіп қашады ғой. Кейіннен оны приказчигі Қойшыбайдың  Сексеуіл стансасынан поезға мінгізгені мәлім болды.
Совдеп мүшелерінің алғаш қолға алған жұмысы стансадан төртсыныптық орыс-қазақ мектебін ашу еді. Әлгі бай сәудегер Улитеннің үйін кәмпескілеп, бір жағын мектепке, бір жағын интернатқа даярлады. Кроват, матрас, одеялдары алынды. Қазыбай Төртінбаев туған інісі Қайыпты Қазалы уезіне жіберіп оқу құралдарын, парта, тақта және  басқа қажетті заттарды жеткізеді. Мұғалімдер болып Қайып Төртінбаев, Жұмамұрат Ақсатбаев, Иван Зыков, Борис Проватаров, тағы-тағылары тағайын¬далды. Интернатқа азық-түлік, киім¬дік маталар байлардың қоймаларынан кәм¬пес¬кіленіп алынады. Қайып пен Жұма¬мұрат ағайлар Райм, Ақбай, Ақирек, көне Қамыс¬тыбастан 30-40 бала жинап, интернатқа орналастырды. Солардың қатарында Шақпақ Артықбаев, Мамырбай Мүсірәлиев пен мен де болдым. Сөйтіп, 1917-жылдың соңына таяу оқу да басталды-ау!
– Сонда неше жаста едіңіз?
– Он алтыда едім. Бірақ Жаймахан ағам ауылдық кеңестен онтөртте деген анықтама алыпты.
– Бұрын молда алдын көрген боларсыз?
– Иә, мешіттен дәріс алғанмын. Шақпақ пен Мамырбайдың және менің арапша сауатымыз болғандықтан ағайлар «Интернационалдың» қазақша мәтінін бізге жазып берді. Оны жаттап алып 15 оқушыға үйреттік. Совдептің жиынында сапқа тұрып «Интернационалды»  шырқағанда жұрт дауылдата қол соғатын-ды.
– Керенскийдің  үкіметіне бара жатқан екі-үш вагон зат осы «Қамыстыбас» стансасында ұсталып қалыпты дегенді есіткенім бар-ды. Одан не хабарыңыз бар?
– Айтайын. Соның куәгерінің бірімін. Зыков пен Қайып ағай интернатқа ертелетіп келіп, 17 баланы іріктеп алып тамақтандырды да сапқа тұрғызды. Теміржолға алып барды. Мақта тиеген бір платформа мен екі жабық вагонды қолмен итеріп бакауызға келтіруге көмектестік.  Андреев пен Липинский пломбасын ашты. Біреуі толған өрік, курага, мейіз екен де, екіншісі толы тауар екен. Арбакештер тасыды. Судоплатов қабылдайды. Мамырбай, Шақпақ және мені заттың қоймаға жетуін бақылауға қойды. Еңбекақымызға деп  интернатқа 40 пут өрік тиді. Мақта-матадан интернатқа көрпе, жастық, матрастар және бізге сырт-іш киімдері тігілді. Сөйтіп байып қалдық.
– Ал, ол вагондар қайдан шыққан?!
– Орта Азия байларының уақытша үкімет басшысы Керенскийге жіберген сыйлығы екен. Соны стансаның кезекшісі, әрі совдеп мүшесі Лепинский алдын ала біліп, совдеп мүшелерімен ойласқанда «Алып қалу керек» деп шешкен. Әлгі дүниеден біз ғана емес, көне Қамыстыбас, Ақбай, Ақирек тұрғындары да үлестерін алды.
* * *
Шоқанұлы Қарасайдың он бес беттік жазбасынан мектептің ашылуына ¬байланыс¬ты тұстарын ғана қағазға түсірдім. Демек, «Қамыстыбас» стансасындағы мектептің жүз жыл¬дығын биыл тойлауға негіз бар деп ойлаймын.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз