Бір ауылда 35 отбасы несие алып, атакәсіпті өркендетуге кірісті

79

0

Бір ауылда 35 отбасы несие алып,  атакәсіпті өркендетуге кірістіЖаңақорған ауданында биылғы Тауық жылында ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріледі. Оған толық негіз бар. Өндірілген өнім көлемі өткен жылы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, 105,2 пайызға өскен. Нәтижесінде аудан аймақ бойынша үшінші орынға көтерілді. Ал, мал басының өсімі де жоғары деңгейде сақталып келеді. Ет-сүт  өнімдерін өндіру еселеп артқан.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық фи-лиалының несие алу жолдарын түсіндіру және халық арасында үгіт-насихат жұмыс-тары оң нәтиже бере бастады. Аталған қолдау қорының республикалық «50 ауыл» бағдарламасы тұрғындарға несие алып, мал шаруашылығын өркендетуге көмектеседі. Ауданда «Агробизнес-2020» және осы «50 ауыл» бағдарламалары арқылы несие қаржыларын игеру мақсатында толымды жұмыс атқарылды. Сондай-ақ, жеке секторда өндірілетін өнімдерді өткізуді қамтамасыз ететін 31 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Осы ретте алдын ала Қожакент елді мекені пилоттық ауылдық округі болып белгіленген. Республикалық «50 ауыл» бағдарламасына кірген ауылдың 31 отбасына 90 млн теңге несие беріліп, ол несие қаржысына 603 бас ірі мал сатып алынды. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен 4 отбасына 15 млн теңге несие бөлінген. Көрсетілген несие қаржысына 100 бас ірі қара мал сатып алынбақ. Аталған ауқымды жұмыс өткен жылдың соңғы екі айында жедел жүзеге асырылған шаралар, – дейді аудан әкімі Ғалым Әміреев. 
Осы бағыттағы шаруалар қатарына аудан бойынша 35 отбасына отбасылық бордақылау алаңын ұйымдастыру мақсатында 105 миллион теңге несие сомасына 703 бас мал бордақыланып тұрғанын қосуға болады. Сатып алынған малды отбасылық бордақылау алаңы арқылы жоғары қоңдылыққа дейін семіртіп, «Миялы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы қайта өңдеп, тұтынушыларға жеткізілу жолдары қарастырылуда. Сол арқылы субсидиядан үміткер несиегерлерге мемлекеттің қолдауын алуға қолжетімділігі арттырылады. 
Ауданда «COFCO» компаниясымен бірлесіп «Евразия АгроХолдинг»  ЖШС-мен инвестициялық жобалар, «Қызылорда AGROPLus» ЖШС томат пастасын өндіру зауытының құрылысы биылғы жылға жос¬парлануда.  
2016-2017 жылдарға көкөніс өнімдерін өсіру және өңдеу арқылы  томат пастасын және концентраттар өндіру жобасы 2 млрд 850 млн теңгені құрайды. Жоба толық қуаттылықта жұмыс жасағанда жұмыс орны 600 адамға жетпек.  3000 гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен қызанақ егіледі, жылына  12 мың 750 тонна томат пастасын шығаратын зауыт салынады. Зауыт технологиясы Қытай мемлекетінен алу жоспарланып, оны жүзеге асыру жолында дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді. Яғни, аудан басшысының ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту арқылы тұрғындардың еңбекке тартылуы мен олардың тұрмыстық жағдайларын арттыру туралы ойы орнықты.
Иә, дана халқымыз айтпақшы, «малы бардың халі бар». Атакәсіпті замана талабына сай өрістетіп, өнімін нарыққа шығару, расында, пайдалы болмақ. Өйткені, ет-сүт өнімдері сұранысқа ие тауарлар қатарында. Аудандағы жаңашыл бастамаға үлкен сенім артылып отыр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз