БІР КҮНДЕ 8 МЕКТЕП, БІР БАЛАБАҚША

88

0

БІР КҮНДЕ 8 МЕКТЕП, БІР БАЛАБАҚШАСыр елі жаңа оқу жылы алдында тарихи серпін көрсетті

Бір күнде Сыр өңіріндегі 5 аудан мен
облыс орталығында 8 мектеп пен бір балабақша ел игілігіне пайдалануға берілді.
Тағы үш мектеп қыркүйек айына дейін ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл облыстың
әлеуметтік саласында көптен бері болмаған ақжолтай жаңалық. Білім ошақтарының
ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев қатысты.

Биылғы
оқу жылында 5 мыңнан астам бала алғаш рет жаңа мектеп табалдырығын аттамақ.
Облысымызға жұмыс сапарымен келген министр бір күнде білім саласының 8
нысанының ашылуы үлкен жетістік екенін мұндай толайым табыс әлі ешқандай өңірде
болмағанын жеткізді.

– Соңғы
жылдары Қызылорда облысының басшылығы білім саласының сапасы мен инфрақұрылымын
жақсар­туда өте белсенді әрі тиімді жұмыс істеуде. Білім ошақтарын ашуда да Сыр
өңірі алдыңғы орында. Биылдың өзінде өңірде 19 мектеп, 4 балабақша ашылмақ.
Қазір біз оның бірнешеуінің тұсаукесеріне куә болдық. Сыр аймағы биылғы ҰБТ
көрсеткіші бойынша рес­пуб­ликада алдыңғы бестіктен көрінді. Осындай оң істер
көзді де, көңілді де қуантады. Сондықтан, еліміздің бола­шағы үшін, бәсекеге
қабілетті болуы үшін өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап
жатқан облыс әкімі бастаған азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Аслан
Бәкенұлы.

Жаңа
білім ордаларының ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы аймақта
білім саласындағы оң өзгерістер орын алып жатқанын жеткізді.

Соңғы екі жылда біздің өңір республика
бойынша әлеуметтік салаға көп қаржы бөлетін аймақтардың көшін бастап келеді.
Бұл жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Биыл 22 білім ошағының құрылысын
жүргізуге 6,5 миллиард теңге бөлінді. Оның 19-ы биыл пайдалануға беріледі. Сыр
өңірі Елбасының білім саласын дамыту ба­ғытында берген тапсырмаларын асқан
жауапкершілікпен орындап жа­тыр. Біріншіден, үш ауысымдық мектептер мәселесі
шешілді. Енді Қызылорда облысында үш ауысыммен оқитын мектеп мүлдем жоқ.
Екіншіден, апаттық жағдайдағы мектептерді 2016 жылға дейін толық жаңалаймыз.
2013 жылы Қызылордада 25 апаттық мектеп болған болса, оның 14-і қайта салынып,
қалған 11 білім ошағын келесі жылдың соңында бітіруді жоспарлап отырмыз.
Үшіншіден, Елбасы 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасын толық жүзеге асыруды
тапсырған болатын. Ал біз жыл соңына дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен
қамтып, бағдарламаны бекітілген уақытынан бұрын аяқтаймыз. Биылғы оқу жылында
ҰБТ қорытындысы бойынша Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді.
Мыңдаған қызылордалық жас түлек облыс әкімі гранттарын иеленді, – деді аймақ
басшысы.

Бұған
қоса, облыс басшы­лығының ұсынысымен та­лай жылдан бері талқыға түсіп келген
Байқоңырдағы мектептер мәселесі де биыл оң шешімін тапты. Енді оларға
қазақстандық білім стан­дартына сай оқулықтар жеткізілуде.

Сонымен кеше ҚР Білім және ғылым министрі
Аслан Сәрінжіпов пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Арал
ауданының Жіңішкеқұм, Қосаман және Жаңақұрылыс ауылдарында мектептер ашылды.
Бұдан бөлек, ауданда тағы бір мектеп пен балабақшаны қыркүйек айына дейін
пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Қазалының Аранды, Сарыбұлақ елді
мекендерінде 100 орындық екі білім ұясы есігін айқара ашты. Сондай-ақ Қармақшы
ауданына қарасты Ақай ауылында 280 балаға арналған балабақша пайдалануға беріл­ді.
Осы елді мекендегі 600 орындық мектептің құрылысы да бітуге жақын. Дәл осындай
жаңалықтан Сырдария ауданы да қалыс қалған жоқ. Шаған ауылында 900 орындық
білім ошағы салтанатты түрде ашылды. Мектеп директоры Бақтияр Әбутәліповтің ай­туынша,
ауылда бес мыңдай халық тұрады, мектеп жасын­дағы балалардың қатары да
көбейген.

– 1972
жылы салынған ескі мектеп таршылық ететін. 640 орындық мектеп ғимаратына
оқушылар сыймайтын. Ал мына заманауи талапқа сай жаб­дықталған жаңа мектептің
табал­дырығын жаңа оқу жылында мыңға жуық оқушы аттамақ. Бізде 140 мұғалім
еңбек етеді.
Мектебімізде бірнеше компьютер, лингафон кабинеттері, акт, спорт залы бар,
– деді мектеп директоры.

Осы бір қуанышты күнді көптен күткен елді мекеннің тұрғындары жаңа
мектептің ел игілігіне берілгеніне дән риза. Зейнеткер Тілек Аяпов
немерелерінің жаңа мектепте дәріс алып, терең білім алуға барлық жағдайды
жасауға ұйытқы болған ел ағаларына алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дейін Шіркейлі ауы­лында да 600 орындық
білім ұясы ел игілігіне беріледі. Бұл мек­тептің құрылысы 95 пайыз бітіп тұр.
Шиелі ауданы Бала би ауылының ұстаздары мен оқу­шылары да жаңа оқу жылын жаңа
мектепте қарсы алады. Елді мекенде министр мен об­лыс әкімінің қатысуымен 900
орын­дық мектептің ашылуы өтті.

Ал Қызылорда қаласындағы оқу­шы­лар үшін 900 орындық мектеп пайдалануға
берілді. Дәл осындай тағы бір 900 орындық білім ұясы қыркүйек айында «Ипподром»
мөлтек ауданында ашылады.

Айта кетейік, заманауи үлгіде салынған бұл мектептерде оқушы­лардың сапалы
білім алуларына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі мектептер
жылдағыдай қыркүйекте емес, қазірдің өзінде 100 пайыз кітаппен қамтылып отыр.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Қызылорда облысының әкімі
Қырымбек Көшербаев оқушы­ларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, елдің дамуына
өлшеусіз үлес қосар атпал азаматтар болуға шақырды.

Міне, осылайша, бір күнде 8 мектеп,
1 балабақша ашы­лып, Сыр елінде жаңа оқу жыл алдында халықтың игілігі толысқан
әлеуметтік саладағы серпін жарқын көрініс тапты.

Дәурен ОМАРОВ.

Суреттерді түсірген

Бағдат Есжанов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз