«БІР ОТАН! БІР ТАҒДЫР! БІР ЕЛБАСЫ!»

155

0

ПРЕЗИДЕНТ
БАЙРАҒЫ КӨТЕРІЛДІ

«БІР ОТАН! БІР ТАҒДЫР! БІР ЕЛБАСЫ!»ҚР Тұңғыш Президенті күні
Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің байрағын көтеру және Мемлекеттік
күзет қызметінің туын тапсыру рәсімі өтті.

Елбасы шараға қатысушыларға арнаған сөзінде тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет Мемлекеттік күзет қызметі құрылғанын айтты.

– Сіздер тәуелсіздікті нығайтуға атсалысасыздар, мемлекеттік механизмнің тұрақты жұмысын қамтамасыз ете отырып, қауіп-қатерлерге қарсы тұрасыздар. Сіздердің қызметтеріңіз, бәлкім, халық көзіне көп көріне бермейтін болар, бірақ сіздер жауапкершілік ауқымы зор жұмыс атқарасыздар. Қызметті лайықты атқару үшін тәртіп, үлкен машық пен жоғары моральдық дайындық қажет. Өздеріңізге жүктелген сенімді абыроймен ақтайтындарыңызға сенімдімін, деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қазақстандықтардың 23 жыл бұрын тарихта бірінші рет бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Мемлекет басшысын сайлағанына тоқталды.

– Бүкілхалықтық сенімге арқа сүйей отырып, мен 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігін жарияладым. Сол себепті де, Тұңғыш Президент күні мен алдағы ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні арасында тығыз байланыс бар, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы офицерлерге мықты денсаулық, Отанымыздың игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Рәсім барысында Мемлекеттік Әнұранның әуенімен резиденция алдындағы тутұғырға Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы көтерілді.

Қазақстан Республикасының рәміздеріне әскери құрметін өтеген парадтық есептоп сарбаздары Ақорда алдындағы алаңда сап түзеп өтті.

Байрақ республика елордасындағы Қазақстан Президентінің резиденциясында тұрады, ал Мемлекет басшысының сапарлары кезінде басқа резиденцияларда, Республика Президентінің көліктерінде болады.

«БІР ОТАН! БІР ТАҒДЫР! БІР ЕЛБАСЫ!»

Елбасының қатысуымен Тұңғыш Президент күніне арналған театрландырылған қойылым осылай аталды.

Өз сөзінде Елбасы егемендіктің 23жылында Қазақстан зор биіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

– Тарихи тұрғыдан қысқа мерзімде біз өзге елдер көптеген жылдарын сарп ететін істер атқардық. Біз жаңа мемлекет құрып жатырмыз. Экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Біз – өзгелерге көпұлтты елдегі толеранттылықтың, тату әрі бақуатты өмірдің үлгісін көрсетіп отырмыз. Бұл – сақтауды қажет ететін зор байлық, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміз әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруды бастағанын және 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын сәтті іске асырып жатқанына тоқталды.

– Бұл бағдарламалар мемлекетіміздің одан арғы дамуына болашақта жауапты болатын жастарымыз үшін де жасалған. Елімізде тәуелсіздік жылдары туып-өскен жаңа ұрпақ пайда болды. Олар білімге ұмтылысымен, отаншылдығымен ерекшеленеді. Біздің бабаларымыз сақтап қалдырған бір ғана Отанымыз бар екенін есте ұстаған жөн. Барымызды бағалап, бірлігімізді сақтау керек. Білім алыңыздар, жұмыс істеп, отбасын құрыңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға бақ-береке тіледі.

Іс-шара
аясында «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты театрландырылған көрініс
қойылып, Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Жас
Ұлан» республикалық кадет мектебінің салтанатты шеруі өтіп, «Қазақстан – біздің
ортақ үйіміз» фольклорлық нөмірі таныстырылды.

Сондай-ақ осы
шара барысында ««Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» деп аталған автомобильдік этнографиялық
экспедиция қорытындыланды.

ЕЛБАСЫНА
АРНАЛҒАН КИНОТУЫНДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған
шаралар аясында Елбасы «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмінің премьерасында
болды.

Бұл картина
бұған дейінгі «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Темір тау»
фильмдерінен құралған «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі болып саналады.

Жаңа
кинотаспа бас кейіпкердің өміріндегі маңызды кезеңді – Орталық Азиядағы ірі
металлургиялық кәсіпорын – Қарағанды металлургия комбинаты партия ұйымының
басшысы ретінде қалыптасуы кезеңін суреттейді. Оқиғалар оның Днепродзержинскідегі
оқудан кейінгі және «Қазақстан магниткасындағы» жұмысының басталған кезіндегі
өмірін қамтиды. Киноэпопеяның сценарийін Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабының
желісімен белгілі қазақстандық драматург-сценаристер Ш.Құсайынов, Р.Әбдірәшев
және Г.Земель жазған. Онда Мемлекет басшысының әріптестерінің, достары мен
үзеңгілестерінің естеліктерінен алынған эпизодтар да қолданылған.

«Тығырықтан
жол тапқан» фильмінің түсірілімі Қазақстан мен Ресейде, атап айтқанда, Астана,
Алматы, Қарағанды, Теміртау және Мәскеу қалаларында жүргізілген.

Басты рөлде
Қазақстанның жас актері Н.Әлімжанов ойнады, өзге кейіпкерлерді отандық және
ресейлік актерлер сомдады, олардың қатарында В.Гафт, И.Ясулович, А.Рапопорт,
Н.Арынбасарова, В.Стеклов және тағы басқалар бар.

***

Мерекелік
шаралар аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы бас шыршаның шамын
жақты. Елбасымен бірге шырша шамын жағу
құрметі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, өнерпаз бүлдіршіндер
Мұхамедәлі Жүгінісов пен Дания Ишанқұловаға бұйырды.

Еліміздің бас
шыршасы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алдындағы алаңда
орналасты. «Бақыт құсы» деп аталатын басты шыршаның биіктігі – 25, диаметрі – 16 метр. Оны безендіруге 7650 метр безендіру
заттары, 2020 ойыншық және 4000-нан астам жарықтандыру құралдары мен өзге де
әшекейлер қолданылған.

Ал
шырша маңындағы Аяз Ата, Ақшақар, ертегі кейіпкерлері мен киінген үлкен
қуыршақтардың қатысуымен өткен театрландырылған қойылымды үлкенді-кішілі қала
тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз