БІР ТАҒДЫР, БІР МАҚСАТ, БІР ЕЛ

156

0

БІР ТАҒДЫР, БІР МАҚСАТ, БІР ЕЛӨткен аптаның жұмасында
Сыр өңірінде  Қазақстан халқы
Ассамблеясының жылы салтанатты түрде 
ашылды

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Алдымен
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын көтеру рәсімі өтті. Онда алғашқылардың
бірі болып облыстың құрметті азаматы, ардагер Алма Ақдәулетова сөз алып, қызылордалықтарды
Ассамблея жылының ашылуымен құттықтады.
– Құрметті жерлестер! Бүгін біз Қазақстан халқы Ассамблеясы
жылының туын көтеру рәсіміне жиналып тұрмыз. Биыл Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың бастамасымен құрылған еліміздегі бірегей құрылым – Қазақстан халқы
Ассамблеясына 20 жыл толып отыр. Ассамблея жылымен қатар Конституциямыздың 20 жылдығы,
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы кең ауқымда аталып өтілетін
болады. Бұл айтулы мерекелерді бір-бірінен бөліп-жаруға болмайды. Біз жұдырықтай
жұмылған бірлігімізбен, тату-тәтті тірлігімізбен әлем елдеріне үлгі болып отырмыз.
Бүгін міне, республикамыздың барлық өңірінде Ассамблея туының көтерілуі мызғымас
бірлігіміз бен ыдырамас ынтымағымызды тағы бір дәлелдейді. Этносаралық татулық пен
қоғамдық келісімнің тірегі – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы құтты болсын! Халқымыздың
ауызбіршілігі мен достығы мәңгі сақталсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры баянды
болсын,– деген Алма Ақдәулетова ақ тілегін жеткізді.
Сондай-ақ өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ашур
Хамидов және №2 «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы, халықаралық олимпиада жүлдегері
Дарья Маркова да барша қызылордалықтарды атаулы жылдың ашылуы­мен құттықтап, мерекелік
лебіздерін білдірді. Мұнан соң жиылғандар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын
көтеру рәсіміне куә болды. Туды кәріс халқының ұлттық батыры Ге Бон У-дың ұрпағы
Ге Хак Рим, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері Милияр Арифов пен Ильдар
Гафуров көтерді. Жастар жағы арнайы флеш-моб ұйымдастырып, Ассамблея жылының логотипі
белгіленген 500 шарды әуеге ұшырды.  Мерекелік
шара Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма тетарында жалғасты.
Театр фойесінде этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған қолөнер
бұйымдарының көрмесі  көпшілік назарын аударады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуында
аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев татулық пен тұрақтылық, бірлік пен достық, келісім
мен ізгіліктің символы саналатын Ассамблеяның орны қай кезде де ерекше екендігіне
тоқталып, Елбасының құттықтау сөзін оқыды және қызылордалықтарды  атаулы жылдың ашылуымен құттықтады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуы
еліміз бойынша бір мезетте барлық өңірде өтіп жатыр. Қазақстанда тату-тәтті тұрып
жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігіне әлем таңқалып, Отанымыз
достықтың құтты ұясы, бауырластар мекені атанды. Оның жарқын көрінісі Елбасының
бастамасымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 20 жыл. Бірлігіміз
бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – дей келе, аймақ басшысы Қазақстан халқы
Ассамблеясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
құттықтауын оқыды. Онда:  «Біз осы бір жылды
өміріміздегі ең маңызды құндылықтар: Тәуелсіздік, еркіндік, бірлік, Қазақстан халқының
бейбітшілігі мен келісіміне арнайтын боламыз. 20 жыл ішінде ҚХА шын мәнінде жалпыхалықтық,
жалпыадамзаттық, саясатүсті орган болып қалыптасты, Конституциялық дәрежеге жетті.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық өкілдіктің институты, азаматтық
қоғамның авангарды болып отыр», –  деп атап
айтқан Елбасы.
Мерекелік шара одан әрі түрлі қойылымдармен, жергілікті
өнерпаздардың ән шашуымен жалғасты.
Осы күні облыстың жеті ауданында, сонымен бірге «ІІІ Интернационал»
ауылы мен Төретам кентінде де Ассамблея жылының ашылу салтанаты кең ауқымда ұйымдастырылды.
Барлық елді мекендерде түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Қызылорда қаласында
да бірқатар шаралар болып өтті. Қоғамдық көліктерде, базарларда, ірі сауда орындарында,
халық көп шоғырланатын жерлерде Ассамблеяның қалталық күнтізбелері, буклеттер таратылды.
Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған шаралар жыл
бойына жалғасатын болады.
Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз