БІРЛЕСКЕН БАСТАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

62

0

БІРЛЕСКЕН БАСТАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨПҚазақ ұлттық аграрлық
университетінің аймақтағы күндері аясында облыс әкімдігінде агроөнеркәсіп
кешенінде ғылым, білім, өндіріс интеграциясын дамыту мәселелеріне арналған
семинар-кеңес өтті.

Шараға Қазақ ұлттық агралық университетінің ректоры, академик
Тілектес Есполов бастаған ауылшаруашылық саласының 50-ден аса ғалымы, аудан
әкімдерінің орынбасарлары, тиісті сала мамандары мен өңірдің ғылыми-өндірістік,
агроқұрылымдарының басшылары және шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Семинарды облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов ашып, жүргізіп отырды.

Жалпы, аграрлы сала ғалымдарының облысқа іссапарының негізгі
мақсаты еліміздің аграрлық саласындағы ғылым, білім ұжымдарында қызмет атқарып
жүрген ғалымдар мен аймақтың ауылшаруашылық тауарөндірушілері арасында тығыз
байланыс орнату болып табылады. Осыған орай, жиында Қазақ ұлттық аграрлық
университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті,
академик Тілектес Есполов «Білім, ғылым және өндірістің интеграциясы»
тақырыбында баяндама жасап, ауыл шаруашылығын дамытуда ғылыммен ұштастырудың
маңызын жан-жақты түсіндірді.

– Бүгінгі кездесу өте бір маңызды шара деп айта аламын. Ауыл
шаруашылығын ғылыммен ұштастыру – бүгінгі уақыт талабы. Өздеріңіз білесіздер,
Елбасы Ұлт жоспарында 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруда 100 нақты
қадамды белгіледі. Соның 10-қадамы ауылшаруашылық саласын, отандық
агроөнеркәсіпті кешенді дамытуға бағытталған. Осы орайда алдымызға үш үлкен
мақсат қойып отырмыз. Оның біріншісі, ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту,
екінші, бүгінгі кездегі әлемдік нарыққа байланысты бәсекеге қабілетті,
экспортқа бейім ауылшаруашылық өндірісін дамыту болса, үшінші, қазіргі кезде
әлемдік проблема болып отырған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасын жүзеге асыруда білім, ғылым және өндірісті
ұштастыру басты мақсат болып отыр, – деді Тілектес Есполов.

Ғалымның айтуынша, өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі
жанынан Ұлттық аграрлық ғылым және білім орталығы құрылып, еліміздегі 23 ғылыми зерттеу институты, университеттер,
30-ға жуық тәжірибе шаруашылықтары, 14 тәжірибе станциясы, коммерциялау
орталықтары шоғырландырылған. Мемлекет басшысының аграрлық саланы жандандыру
жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға арналған шаралар бастамасы әлі де жалғасын
табады.

Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Сыр өңірінің де
үлесі зор. Оның басты себебі, республика көлеміндегі күріштің 84, қауынның 6,4, еттің 1,8, сүттің
1,6, көкөністің 2, мал терісінің 1,7
пайызы осы Сыр елінде өндірілетінін ғалым атап айтты. Аймақтың
индустриялық-инновациялық дамуы негізінде экспорттық өнімдердің көлемін
арттырып отырғаны қуантады, алдағы уақытта да шет елге шығуға мүмкіндік мол.

– Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы ауқымды
жұмыстары бізге мәлім. Соңғы үш жылда балық кластерін дамытуға көңіл бөлінгенін
білеміз. 8 балық зау­ытында 11 мың
тоннаға дейін балық өндірілсе, 3 мыңға жуық фермер, 76 мың үй шаруашылығы жұмыс
жасауда екен. Бұл тамаша көрсеткіш. Осы шаруашылықтарға жастарды тарту үлкен
мәселенің бірі. Енді осы мәселе бойынша жұмыстар жасаймыз деп ойлаймын, –деді
ғалым.

Өз кезегінде сөз алған Қазақ өсімдік шаруашылығы және
егіншілік ғылыми- зерттеу институтының бас директоры Серік Кененбаев
«Қазақстанның шөлейт аймақтарындағы егіншілік проблемалары» тақырыбында жасаған
баяндамасында Қызылорда облысының жер
ерекшелігіне тоқталды.

80 жылдан астам тарихы бар инс­титутта ғалымдар 550-ден астам
сорт шығарған. Осы ретте ғалым Сыр өңірінде жүзеге асыруға төрт жоба ала келгенін айтты. Атап айтқанда,
бірінші жоба жоңышқаның жаңа «Көкара» сор­тын енгізу болса, жүгері будандарын да өндіріске енгізу жобасы,
яғни, бұршақ тұқымдас, топыраққа төзімді «Ноқат» дақылын және «Майбұршақ» сортын Қызылорда облысында
егу.

Семинар барысында сонымен бірге «Жер астынан суғару
мәселелері» тақырыбында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Алексей Раудың,
«Ауыл шаруашылығындағы кооперация туралы» Үкілай Керімованың, өзге де бірқатар
ғалымдардың баяндамалары тыңдалды және ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында
бірлесіп жұмыс атқарудың тиімді жақтары талқыланды.

 

***

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық
колледжінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалымдарының қатысуымен семинар
кеңес өтті. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов агроөнеркәсіп
кешенін ғылыми және инновациялық дамыту жөніндегі ынтымақтастық меморан­думының
маңыздылығына тоқталып, оқу орны ғалымдарына алғыс білдірді. Қазақ ұлттық
аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов аймағымыздың соңғы жылдары
қарқынды дамығандығын айта келе, қатысушыларды ауыл шаруашылығын ілгерілету
жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Ал аталған оқу орнының бірқатар
ғалымдары бірлесе жұмыс жасаудың тиімділігі төңірегінде өз ойларымен бөлісті.

Ғалымдардың аймағымызға сапарының басты мақсаты – еліміздің
аграрлық саласында қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен аймақтың ауылшаруашылық
тауарөндірушілері арасында тығыз байланыс орнату. Оқу орнының ректоры осы
салада шешімін таппаған мәселелерді жан-жақты зерттеп, және оны дамытудың
негізгі бағыттары бойынша тәжірибелік көмек көрсетуде аянып қалмайтындарын
жеткізді. Сондай-ақ, басқосуда университет ғалымдары өңірдегі агроөндірістік
кешенді жаңғыртуда ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізу
керектігін атап өтті. Оған қоса, аймақтағы фермерлер мен тауар өндірушілерге
нақты жобалар ұсынып, ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында бірлесіп жұмыс
жасаудың тиімді жақтарын талқылады.

Осыған дейін ОҚО, Алматы, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында
болған жұмыс сапары біздің өңірде жалғасын тауып отыр. Алдағы уақытта
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінде оқу, білім
және ғылым орталығы ашылады. Жиын соңындаҚазақ ұлттық аграрлық университеті мен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық- техникалық колледжі арасында колледж ішінен ғылым, білім орталығын
ашу және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде меморандумға қол
қойды.

 

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Кенжетай
ҚАЙРАҚБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз