БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯ ҚАБЫЛДАНДЫ

57

0

БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯ ҚАБЫЛДАНДЫКешеМемлекет басшысы Стамбулға
барған сапарында Түркия Республикасының Президенті РеджепТайып Ердоғанмен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған кездесуде Түркия Президентінің Қазақстанға былтыр сәуірдегі сапарында қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды.

Сондай-ақ екі ел көшбасшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Бұл бағыттарда бірлескен перспективалы жобалар бар екені, оларды жүзеге асыруға екі елдің шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алатыны айтылды.

Мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен терроризмге және экстремизмге қарсы күрес аясында қабылданып жатқан шаралар жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті биыл наурыз айында Анкарада болған террорлық актіге байланысты Р.Ердоғанға тағы да көңіл айтты.

Екіжақты қарым-қатынас мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы Түркияның жетекші компаниялары мен холдингтерінің мемлекетіміз тарапынан елеулі қаражат бөлініп отырған индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене қатыса алатынына назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тауар айналымын, соның ішінде Түркиямен арадағы тауар айналымы көлемін арттыру үшін еліміздіңалдынан зор мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Қазақстан Президенті біздің республи­камыздың транзиттік-көліктік әлеуеті жоғары екенін, оны екі ел экономикасының игілігіне тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Антальяда «ЭКСПО-2016» және Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу тұрғысынан Қазақстан мен Түркияның тәжірибе алмасуы маңызды екеніне назар аударды.

Р.Ердоған бірқатар бағыттар бойынша алға қойылған мақсаттарға жету үшін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін айтты.

Осыдан кейін екі ел көшбасшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша ислам әлеміндегі татуласу жөніндегі бірлескен декларация қабылданды.

Мемлекеттер басшылары құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді мемлекетаралық қатынастарда және қақтығыстар мен дауларды реттеу мәселелерінде ізгі ниет пен ерік-жігер таныту және сындарлы қадам жасау арқылы ислам әлеміндегі қарым-қатынастың жаңа парадигмасын қалыптастыруға шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз