БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

91

0

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай
облыс орталығы мен аудандарда мәдени шаралар өтті. Береке мен бірліктің туын
желбіреткен Сыр жұртшылығы таң атысымен мейрамды атап өтуге Орталық алаңға
жиналды. Мұнан соң қызылордалықтарды облыс әкімі Қ.Көшербаев құттықтап, бұл
мерекенің маңыздылығына тоқталды.

– Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған
қуатты елміз. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары
байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету –  әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Туған
жердің төсінде, бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық. Бүгінгі
Қазақстан халқы бірлігі күні баршаңызға құтты болсын, – деді аймақ басшысы.
Бірлікке үндейтін Бірінші мамыр мерекесін атап өтуге жиналған
халық облыс әкімінің құттықтауынан соң, қала жастарының дайындаған мерекелік
концертін тамашалады. Сыр елінде жетпіске жуық түрлі ұлт өкілдері бейбіт күн
кешіп жатыр. Оннан астам этномәдени бірлестік бүгінгі мерекеге концерттік бағдарлама
әзірлеп, бірліктің бекемдігіне көз жеткізді.
Облыс көлемінде ұйымдас­тырылған үлкен шарадан Ассамблея
мүшелері де тыс қалған жоқ. Алаң шетінде ұлттық-мәдени орталықтардың отауы
тігіліп, ән-жырлары шырқалды. Мұндағы түрлі ұлт өкілдері аймақ басшысына
өздерінің осындай бірлігі жарасқан ортада бейбіт күн кешіп жатқанына алғыстарын
білдіріп, өздерінің ән-жырларын тарту етті.
Сондай-ақ, өңіріміздегі барлық мекемелердің атсалысуымен
түрлі ұлттық ойындар мен флешмоб ұйымдастырылды. Спорттың әр түрінен бақ
сынасқан тұрғындар бағалы сыйлықтарға қол жеткізді. Бұл мереке облысымызбен
қатар, барлық аудандар мен ауылдарда жоғары деңгейде атап өтілді. 
Шара соңында патриоттық әндер шырқалып, Сыр жұртшылығы
көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Бұл мереке – ұлттар тұтастығы мен халықтар достастығының
жемісі. Еліміздің басты байлығы – ұлтаралық татулық пен тыныштық десек, осы
ортақ жетістікте әрбір тұрғынның өзіндік үлесі бар. Еліміздің өркендеп-өсуіне
бас­ты себеп – бірлігіміз жарасып, бейбіт күн кешуіміз. Тұрақтылық пен
татулықты ту еткен елдің берекелі белесін айғақтайтын осындай шаралар аудандар
мен елді мекендерде аталып өтті.

Кенжетай
БАЛҒАБАЙҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз