БІРЛІГІМІЗДІ БЕКІТЕ ТҮСЕТІН МЕРЕКЕ

39

0

БІРЛІГІМІЗДІ БЕКІТЕ ТҮСЕТІН МЕРЕКЕМемлекет басшысы Астана қаласындағы Алғыс
айту күніне арналған іс-шараға қатысты.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының,
этномәдени бірлестік­тердің мүшелері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым
өкілдері,

жас­тар қатысты.

Мемлекет басшысы Алғыс айту күніне арналған «Тарихтан
тағылым – өткенге тағзым» экспозициясын көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ барша Қазақстан халқын
мерекемен құттықтады.

– Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында
айтылған менің ұсынысым жұртшылықтан кеңінен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі
түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Биылғы
қаңтарда мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі
Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл
мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты
бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тарихымыздың көптеген беттері
биік моральдық құндылықтардың бірі ретінде алғыспен байланысты екенін атап өтті.

– Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен
ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза
сезімде болған. Олар әскери шапқыншылық
жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары
мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы сая­си қуғын-сүргін және жер
аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен
көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айырылған адамдарға
тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді, –
деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сол қуғын-сүргін жылдарының
куәгерлері мен олардың ұрпақтары Қазақстанның қасиетті жерінде көрген қамқорлық
пен қонақжайлықты қазір айрықша жылылықпен еске алатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде еліміздің
көпэтностылық тарихынан сабақ алу қажеттігіне назар аударды.

– Біз жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын
еске алу күнін атап өтеміз. Бүгінде біз – 100-ден аса этнос және 17 конфессия
өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан бірегей елміз. Біз бірге
қалалар мен кенттер салып, егін егіп, индустрияны дамытып, жол салып жатырмыз,
отбасын құрып, бала тәрбиелеудеміз. Табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын
сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Менің тапсырмаммен Ассамблеяның
бүкіл елдегі барлық қайырымдылық шаралардың үйлестірушісі ретіндегі рөлі Ұлт
жоспары аясында заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Ассамблея тарихы – біздің
достығымыз бен тұрақтылығымыздың тарихы. Алғыс айту күні бізді бұрынғыдан да
жақындастыра түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті татулық пен келісімде
бірлесіп өмір сүру салты әсіресе жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында
көші-қон хаосы басталған, этносаралық және әлеуметтік қақтығыстар ушыққан
бүгінгі таңда еліміздің ең қымбат тәжірибесі екеніне назар аударды.

Елбасы бүгінде Қазақстанның алдында зор
міндеттер тұрғанын атап өтті.

– Менің халыққа арнаған Жолдауымды, «100 нақты
қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жүріп жатыр. Біз «Нұрлы жол» жаңа экономикалық
саясатын іске асырудамыз. Сондықтан мен бүгін бірлік пен келісімге, достық пен
өзара түсіністікке деген құлшынысы үшін бүкіл Қазақстан халқына зор
ризашылығымды білдіргім келеді. Әр үйде татулық, жақсылық және береке болсын.
Алғыс айту күні еліміздің ең айшықты, әркімнің де жүрегіне жақын мейрам
болатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Осы күні Мемлекет басшысы Алғыс айту күніне
орайластырылған «Анаға апарар жол» тарихи драмасының алдын ала көрсетіліміне
барды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз