БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БЕЛГРАДТЫҚ ТРАКТОРЛАР ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЫҒАРЫЛАДЫ

36

0

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БЕЛГРАДТЫҚ ТРАКТОРЛАР ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЫҒАРЫЛАДЫ«АзовАралАгромаш» біріккен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз өндірісінің ауқымын кеңейте түсуде. Соның бір айғағы болса керек, серіктестік бүгіндері Сербия елінің Белград қаласындағы индустриалды машиналар мен тракторлар (ІMT)  зауытымен бірлескен жаңа тракторларды құрастырып, шығаруды қолға алды.
Қазіргі күні серіктестік алғашқы кезекте шығаруға тиісті 15 техниканың 14-н құрастырып қойған. Олардың алғашқы екеуі өз сұраныс жасаушыларына сатылып та кеткен. Қалған тракторларға да қызығушылық танытушылар көп. Сондықтан да олар бұл техниканың тиімділігіне ерекше назар аударуда.
Серіктестіктің бас директоры Нұртай Ителгиевтің айтуына қарағанда,  Сербияның доңғалақты әмбебап тракторы Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие. Өйткені, ол барлық еуропалық талаптарға сай шығарылады. Оны Қазақстанда құрастырып, шығаруды таңдап алудың өзіндік себебі де бар. Нақтырақ айтқанда, бұл трактор біздің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жақсы таныс Белорусь елінен шығарылатын МТЗ-80 тракторына өте ұқсас. Соған орай, ол дизель отынын біржарым есе үнемдейді.
Жалпы еуропалық елдердің селолық жерлерінде анау айтты үлкен техникалар қолданыла бермейтіні белгілі. Өйткені, олар қымбат, жанар-жағармайды үнемдейтін техникаларға  иек артады. Біздегі жанар-жағармай бағасы да жыл санап өсіп, әлемдік деңгейдегі бағаға жақындап келеді. Ал бағаның көтерілуі де алдымен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ауыр тиеді. Сондықтан да мұндай жеңіл әрі жанар-жағармайды үнемдей алатын тиімді тракторлардың қажеттілігі өзінен-өзі белгілі.
Сонымен, кәсіпорын қазіргі күні тек 28-ден 101 квт немесе 140 аттың күшіне тең тракторларды шығарып қана қоймайды. Сонымен қатар, ол түрлі тіркемелер мен оларға қажетті  қорапшаларды, соқа мен пресс жинақтаушы, тыңайтқыш шашқыш пен жүкті тиеп, түсіру қондырғыларын, тұқым сепкіш пен басқа да ауыл шаруашылығына қажетті дүниелерді шығарады.
Серіктестік басшысы ауыл шаруашылығына қолайлы болып тұрған бұл трактордың өкінішке орай бағасы да МТЗ-80 тракторымен шамалас, яғни 23-24 мың доллар тұратынын жеткізді. Оның бұлайша қымбат болуына алып келген техникаларға 15 пайыз кедендік салық салынатын көрінеді. Кедендік одақ елдерінде мұндай техника шығарылмайтын болғандықтан серіктестік басшылары ҚР Yкіметіне мұндай кедендік салықтарды алып тастау жөніндегі ұсыныспен де шыққан. Егер де бұл ұсыныс қолдау тапса, онда Сербиядан әкелінетін тракторлар бағасы 15 пайызға арзандайтын болады. Сондай-ақ, бұл техниканы сатып алушыларға қолайлы болуы үшін оны лизингтік бағдарламаға енгізіп, сатуға да болады. Амандық болса, бұл іс те жүзеге асып жатса, оны ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер толық пайдалануға мүмкіндік алады. Белградтық трактордың қызылордалық құрастыру цехында өткен тұсаукесерге келген зауыттың басшыларымен әңгіме барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл техниканы сатуды «Байқоңыр» ӘКК-ның арнайы лизингілік бағдарламасына енгізуді де тапсырған болатын. Ал бұл дегеніңіз ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен қолдау екені айтпаса да түсінікті.
Әрине, трактор секілді техникаларды құрастырып шығару бір бөлек те, оны алуға қол жеткізу бір бөлек.  Дамыған Еуропа елдерінің селолық жерлеріндегі әрбір үйде мұндай шағын тракторларды көптеп көруге болады. Бірақ, ондай мүмкіндік бізде әзірге жоқ. Егер де әрбір үйді айтпағанның өзінде ауылдық округтер осындай 10-15 тракторды тіркемесімен алып жұмыс жасаса, онда олардың тірліктері де өрге басары сөзсіз. Өйткені, бұл әмбебап трактордың атқармайтын тірлігі жоқ. Міне, осындай есеппен алғанда серіктестікке 140 ауылдық округке біржарым мың трактор шығаруына тура келеді. Бұл қолдан келетін тірлік дейді мұндағы мамандар. Сонымен қатар, тракторға сервистік қызмет көрсетіліп, оны жеңілдетілген қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге болады екен.
Негізі қандай да бір тауардың не техниканың бәсекелестікке шыдас беруі қажет. Өйткені, бәсекелетікке төтеп бере алмаған кәсіпорын қазіргідей нарық жағдайында жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. «АзовАралАгромаш» біріккен кәсіпорны мұндай жағдайды бастан өткерген. Анығын айтқанда, бұған дейін біздің аймаққа монополист «Россельмаш» кәсіпорны пресс жинақтаушы техниканы жеткізіп тұрды. Әрі ол оның бағасын 3,5 млн. теңгеге бағалады. Ал біздің біріккен кәсіпорын сербтік пресс жинақтаушы техниканы құрастырып шығарып, оны сұраныс жасаушыға 2,5 млн. теңгеге ұсынды. Техника бағасының арасы жер мен көктей екенін білген «Россельмаш» кәсіпорнындағылар нарықтан кетпесе де, шығарған техникасының бағасын 2,8 млн. теңгеге түсіруге мәжбүр болды.
Әрине, бағаны түсіруге техниканы көптеп шығарудың да себебі де бар. Осы жайды зерттеп көрген кәсіпорын басшылары мақта өсіретін Оңтүстік қазақстандықтардың үш доңғалақты арнайы тракторларға сұранысы жоғары екенін білген. Сөйтіп, сербтік серіктестеріне сондай техника шығаруға ұсыныс та жасаған. Ал белградтық конструкторлар ондай техникаларды шығаруға болатынын айтып қолға алған. Амандық болса, бұл іс те жүзеге асып жаста, онда «АзовАралАгромаш» біріккен кәсіпорнының жұмыс ауқымы қазіргіден де кеңейе түспек.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз