Әбіш Кекілбаев феномені туралы толғаныс

201

0

Әбіш Кекілбаев феномені туралы толғанысЕртең Қызылорда қаласында «Тәуелсіздік және Әбіш Кекілбаев әлемі» атты ғылыми конференция басталады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері рухын ұлықтау шаралары аясында аймақтағы жоғары оқу орындарында арнайы дәрісханалар ашылады. 
Конференция қарсаңында әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер жайлы материалдарды оқырман назарына ұсынамыз.
Әбіш туралы көп ойландым, көп толғандым. Әдебиетті де біраз ақтаруға, Әбіштің өз дүниесіне де, сөз орамдарына да қайта-қайта үңілуге тура келді. Қысқасы, Әбіш әлеміне кіре қою тарих, әдебиет тарихы жайында жазып жүрген мен секілді кісіге оңайға түсе қойған жоқ. Әбіш жайында терең толғанып, кітап жазса болар еді, бірақ қолымнан келе ме, келмей ме деп жүрексіндім. Өйткені, Әбіш маған жүзіп өте алмайтын мұхиттай, жүріп өте алмайтын шексіз ұлы даладай, асу бермейтін биік шыңдай, алынбайтын қамалдай көрінеді. Сондықтан қазаққа Әбішті берген Аллаға мың шүкірлік айтып, бұл жолы көкейімдегі кейбір ойларымды айтып, ағалық ақ пейілімді, достық ықыласымды ақтарғанды жөн көрдім.
Құдай аузыма салды ма, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ел алдында: «Маңғыстау – әулиелер мекені, бұл түбекті 362 әулие мекен еткен, солардың арамызда тірі жүрген 363-сі Әбіш Кекілбаев” деген едім. Бұл сөз кезінде «Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланды да. Мен бұл пікірден бүгін де айнығаным жоқ. Пір Бекеттің ұрпағы Әбіш расында да табиғатынан, жаратылысынан, дәуір құндағынан, тарих құр¬сағынан заты қа¬зақтың пейілінен әулие боп жаралған тұлға. Оның шалқар білімі, тұнық поэзиясы, кемел кеңесі, терең толғауы, күміс көмейі бағзы қазақ жырауларын, дана билерін еске салады.
Әбіш – философ, ойшыл, шешен, терең жазушы, үлкен саясаткер, көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері. Сыйлас. Бауырлас. Жанымыз жақын дос болдық. Біз Цицерондарды көргеніміз жоқ. Ол да адам баласы ғой, шешендігі Әбіштен артық болмаған шығар. Кезінде Мұхтар Әуезовтерді жазып алуға құрал болмады, құнтсыздығымыздың да кесірі аз болған жоқ. Соның салдарынан талай асылдарымыздың айтқандарынан айырылып қалдық. Өкініші, Әбіштің де ел алдында сөйлеген сөздері толық жазып алынбады.
Мен Әбішті ең алғаш Алматыда «Лениншіл жас” газетінің 25 жылдығында көріп ем. Онда КазГУ-дың студентімін. Әбіш оныншы класс оқушысы екен. Газеттің белсенді жас тілшілері қатарында Алматыға сонау Маңғыстаудан шақырылыпты. Бұйра шашты, ай маңдайы жарқыраған, миы шекесінен шығып кете жаздаған баланың топ жарып сөйлегені әлі күнге жадымда. Сонда жұрт: «Мына бала болайын деп тұр екен”, десіп еді. «Халық айтса, қалт айтпайды” дегендей, жұрттың айтқаны дәл келді.
Өз басым Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын.
Әуелгі сөз әдебиеттегі Әбіш туралы.
Өмірдің арғы-бергісін түгел сүзіп, адам мінезіндегі шарпысқан жақсылық пен жа¬мандықтың арғы жігін ажыратып, кісі санасындағы көзге көрінбейтін, сыртқа сезілмейтін сезім шырғалаңын рентген сәулесі секілді тап басып тани білетін жазушы дарынын тарқатып көп айтуға болар еді. Жазушының көркем сөзі «жоқ” деп жерге қараған, «бар” деп аспандаған ақикөз мінездер көшірмесі емес, өмірдің өзіндей қарапайым жабы көңіл де, асқақ қиял да, жасыл бояуы да, жарқылдақ шарпысуы да қатар алмасқан, сегіз таспа қамшының өріміндей арпалыстар тоғысы. Тағдыр талайының жанартау секілді ауық-ауық дүр сілкінісі. Жан әлемінің қат-қабат тылсым тұңғиығы. Жырланып бітпейтін адамгершілік, ізгілік мұраты. Кейіпкер көңіл-күйінің көркем сөздегі суреті, ұлы уәйімі, мұңы, сыры, сергелдең сипаты.
Заманына – адамы демекші, әуел бастағы етек-жеңі мол тарихи хикаяттары мен «Үркер”, «Елең-алаң” романдарындағы адам шындығын дәуірлік шындыққа ұластыра суреттеудегі стильдік алуандығы, алысты жақындатып, я болмаса жақынды алыстатып көрсететін дүрбі салу машығы секілді – салыстырмалы аллегория әдістерін түп қопара қолданған салиқалы, сындарлы эксперимент елестейді. Жылт еткен көріністен жалпылық мән іздеу, даңғайыр жалпылықтан даралық мінез құбылысын теріп алу – әдебиеттің күндіз қолға шам алып іздейтін үрдісі. Қай-қай шығармасын оқып шықсақ-тағы әрқилы дәуір туғызған әртарап әдеби мектептің барша қасиет-қадірін алақанға салғандай түстеп-танып аламыз.
Ең әуелі Альбион жағалауынан екпін алған, кейінше орыс классикасын баураған романтизм әдісі – жазушының «Аңыздың ақыры” романында танылса, роман жанрына Бальзак бастаған көргіштік пен індете зерделеу үрдісін әкелген класси¬калық натурализм мектебі «Үркер”, «Елең-алаң” дилогиясында жойқын ағысты, кең тыныспен көрініс табады. Әсіресе, Әбілқайыр хан басындағы мың тарап ой мен арпалысты жан толғанысы – біраз тұста қаламгердің өз қиялына ұқсап кететіні қызық – автор көбіне хан болып қаһарланады, хан болып уәйім жеп пұшайман болады. Сосынғы «Құс қанаты”, «Шыңырау” хикаяттары классикалық реализм стилінен туындаған таза суретшілдік, байқау мен бипаз баяндаудың әдемі үлгісі. Әрідегі Горький, берідегі Леонов ат ізін салған әлеуметтік реализм стилі «Тасбақаның шөбі”, «Күй” секілді шағын шығармаларына қан тамырдай лүпіл қаққан – өмірді өзінше оқып-тоқыған соны сөз, терең пайым, күрделі пәлсапа. Кейіпкердің жан арпа¬лысының тұңғиығы. Өзінің білгенін өзге де білсін деген, өзі таңғалғанға өзге де таңдай қақсын деген жан жомарттығы, жүрек тазалығы туралы кейінгі әңгімелері қағазға түскен ой ағыны дейсіз бе, ойдың суреті дейсіз бе – әдебиеттегі авангардизм үрдісінен елес береді. Базбір пәлсапалық толғаныстары сол үрдістен бұтақтап бүр жарған бүгінгі әдебиет мектебі – жиырма бірінші ғасырдағы магиялық реализм, мистикалық реализм нышандары көңілге сиқырлы сарын боп құйылады. Жұрттан бұрын байқап, өзгеден ерек сезілген сезім сәулесі көкірегіңізге жарық шашып, көреген болып шыға келесіз. Тұтқын күйшіні тірілей жерге көміп, ата жауынан айбынын асырған түрікпен Жөнейттің мінез шарпысуы… түсінде күйшінің қу басынан қашуы… домбыра үнінің еттен өтіп, сүйекке сіңуі – сұрапыл теңеумен суреттелуі бұрын-соңды әдебиетте болмаған құбылыс. «Жөнейт жаңа ғана жүрегі атша тулап, шекесі дыңылдап, жүйкесінің бәрі шарт үзілердей шиыршық атып жатыр еді. Енді бәрі де тынши қалыпты. Бәрі де әлгі пәтуәсына бас изегендей. Манадан бері кірпігін тіреп-тіреп тұра қалған көп тіреу де құлапты. Ояуында көңілін паршалап, жан жүйесіне уша сіңіп қалған ойран ой ұйықтаған соң да мазалады”. Бас кейіпкердің жан тәсілім алдындағы хал-күйін мұншалық терең ашу – әдебиеттегі ой суретінің көрінісі екені кәміл.
Бұл не сонда? Бұл – әдебиеттегі Әбіш.
Дүниеде бір шындық бар. Ол – адамның рухани өміріне үңілу, сол арқылы қоғамның қозғаушы күшін табу, әлгі күш, әлгі пәрмен арқылы әлеуметтік толқындар мен қайшы¬лықтардың көзге көрінбейтін астарын ашу, әдібін сөгу. «…Адамға тән кәсіптердің ішіндегі ең бір қолдан келместей қиыны да, ақылға сыймастай құбыжығы да жазушылық шығар”, – дейді бір сөзінде Әбіш. «Қолыңда жоқ аспапты ойша тартып, құлақ құрышыңды қандырар саз ояту, қолыңда не бояу, не қылқалам жоқ, әйтсе де әуелі өз жанарыңды, сосын оқушы жанарын арбап алар сан қилы сурет тірілту, қолда жоқ граниттен қолда жоқ қашаумен қолын қусырып алдыңда отырмаған әлдебіреудің тұтас мүсінін сомдап, сосын оған тіл бітіру, жан бітіру, дірілдеген сезім, дірдектеген қан бітіру, ол – ол ма, ондаған, тіпті жүздеген сіз бен біздей жұмырбасты пенделерді ойдан таратып, оларды сіз бен біздің тағдырымыздан қиын болмаса, еш жай емес талқыға салу… тұтас бір халықты, тіпті күллі бір ғаламды қайтадан жасақтап, қайтадан орнату, әй, қайдан оңай бола қойсын!” Айнақатесіз Әбіштің тағдыры осы.
Әбіштің көркем ойлау тәсілі де ғажап.
Жазушының лексикасы бай, шұрайлы, нәрлі сөздік қоры баурай береді. Күнделікті қолданыста жоқ, әзелгі бабалардың қойны-қонышынан ұмытылып түсіп қалған тірі сөзді тап басып «сөйлеткенде” еріксіз риза¬лық сезімге бөленесіз. Әбіш сөйлеткен бұл сөздер көнерген, ескірген архаизм емес. Қайсы¬біріміздің жадымызға ілікпей, енді біріміздің қолданысымызға енбей жүрген, жақұт секілді, көңілге судай сіңіп, тастай батып, көзге жарқ етіп, жүрекке жылы тиетін «тірі байлық”. Көз алдыңызға көркем сурет қалқып шығады.
Жазушының көркем ойлауы – туған, өскен ортасымен егіз тамшыдай. Ешбір қаламгердің сөз саптасына ұқсамайды. Өзінше бөлек, қиыр көкжиегі кең, бірегей тынысты құбылыс. Үстірт шешендерінің төгіп сөйлейтін суырып салмасын, тапқырлығын еске түсіреді. Сөйлемдері жағаға жылжыған теңіз толқынына ұқсап, бірін-бірі асықтырып, ығыстырып, ентелеп әдемі бір көрініс құрайды. Ішкі ырғағы басым. Ұйқасқа бейім. Жазушының сөз саптау, сөйлем құрау стилін бірер сөйлемін оқып-ақ «о, мынау пәленшенің сөйлемі ғой”, – деп түстеп танып алуға болар еді.
Әбіш мектепте оқып жүрген кезінде жоғары сыныпта логика пәні оқытылатын (өкінішке орай, қазір бағдарламадан алынып қалған). Логикалық ойлау жүйесі, силлогизм сыры жазушыға әуел бастан-ақ санасына сіңіп, ойына ой қосып үлгерген. Бір ойдан келесі ойды сабақтау, одан екінші, үшінші сөйлемді тарқатып әкету; айналып келіп шүу бастағы маңызды межеге соғу, пайымшыл оқырманға пікір сабақ¬тастығы, жүйелілік – жазушы силло¬гизмінің күретамыры. Күнесі мен көлеңкесін бірдей ашып алақанға салғандай етуі – ойлау машығының саралылығы!
Қазақ тілінің тасқайнарынан буырқанып шығып жатқан ғажайып тіл байлығына тәнті боласыз.
Әбіш кейіпкерлері күңіреніп сөйлейді, жан әлеміңді тінте тіл қатады. Тіл мен жақтан айырылған мақауға «мәңгүрт” деп айдар тағып, киізқұлақ көрбілтеге селт еткізер күй сазын сіңіріп, салауатты ауызға салиқалы сөз салып, нені айтса да жер-жебіріне жетіп айтатын, қай тарапқа көз салса да тоқып алар терең ой, сұңғыла сезім табатын суреткерлік дарынға тәнтісіз. Жоғарыдағы ең бір қиын, ең бір «қорқынышты” кәсіптің бала жасынан соңына шам алып түсіп, дүние тіршілігінде өз сөзін, өз шындығын айтып келе жатқан, сөз қасиеті қонған қаламгердің әр шығармасы – көкірегі ояу оқыр¬манға тәбәрік. Социализм дейсіз бе, қайта құру дейсіз бе, демократия дейсіз бе, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің ақ таңы дейсіз бе?!. Бәріне де қаламгер халыққа қаратып өз шындығын айтып келеді. Кешегі күні өткен таптық күрес бүгін топтық жікшілдікке, кешегі бетке айтар сөз – бүгін сыртыңнан ши жүгіртуге, кешегі баққұмарлық, таққұмарлық бүгін кеп мансапқорлыққа айналмаса деп шырылдайды. Бұл жұрт ақезу тартыс пен қызылшеке кикілжіңді қап-қабымен арқалап жүріп, өз қандасын сыртқа теуіп, жатқа жорғалап қызмет жасап, аталы сөзге тоқтамай, айқайшыға еліріп жүріп, ешкімге жаттығы жоқ, ештеңеге кенделігі жоқ ел қатарына қашан ілігеміз деп Әбіш жазушы уәйім жейді.
Нені тәптіштесе де жеріне жеткізіп тебіренеді. Неге үңілсе де ұңғыл-шұңғылына көз жіберіп қазымырланады. Көркем прозаға қалам сілтесе де, қаламгер тағдыры туралы толғанса да жазушы айтар сөзін жайдақтатпай, жер-жебіріне жеткізіп, қазып айтамын деп – жақсы мағынасында – қазымырланып ділмәрсиді. Әбіш қазымырланса – ұлтына қаратып қалғымайтын намысты қамшылап, келер күнге адаспай жетудің жолын іздейді. Ортақ үйіміздің түтіні түзу шығып жүр ме деп алаңдайды. Атадан қалған рухани асыл мұра, қап-қап қазынамызды шашып-төгіп алмадық па деп уәйім жейді.
Ең ғанибеті, жазушы сөздің жанын сезіне алады. Бейне, виртуоз сазгерлер секілді тілдің тас бұлақтай көзінен нәр алып, ана тіліміздегі байтақ байлықты молынан қолданып, стильдік жаңалық ашады. Сөздің бір-бірімен құйылып келетін ұнасымы мен жарасымын ұстаған кезде – абыз шешеннің кестелі сөзіндей ерекше өрнек туғызады!
Оқиықшы: «Қайда қараса да, көретіні ел үстінен күн көрген пысықайлық, кісі үстінен пайда тапқан кісәпірлік, атасын бұлдап ас жеп, руын бұлдап ат мініп, параменен тақ алып, жаламенен бақ алып жатқан қырқыс пен қырылыс, соның бәріне көніп, бәріне төзіп, жел өтінде, қой шетінде беки еретін мүсәпірлік. Жазушының көз алдынан көлеңдеп өтіп жатқан қыр суреткерінің сиқы сол. Қорғансыздың күні… Жетімдік… Жуандық… Ескілік көлеңкесі… Ал соның бәрін көріп-біліп жүрген «оқыған азаматтар¬дың” да құр әншейін «сөніп-жанудан” басқа бітіріп жатқаны шамалы”, деп Әуезов ұстазын тебірентеді. Жазушының әдеби толғамының өзі осындай болғанда, көркем прозасынан өртше қаулаған ішкі ағыс, ұнасым, ұтырлы сөз, көркемдік бояу, аллегориялық апшу, синтаксистік серпін тауып ғажапқа қалар едіңіз. Әзелде Әуезов әупірімін тап басып танып шүйіркелескен жазушы Мүсірепов мұзарт асуына аяқ салған кезде тауға шыққандай биіктейді. «Ол… әрбір шынайы дарын өз құдіреті өзін қызықтауға, өнерді қызықтауға емес, адамдардың адамгершілігін өсіруге, «сүйсінуге тұратын нәрсеге сүйсінтіп”, «жек көруге тұратын нәрсені жек көргізіп”, ылғи кемелденіп отыруына жұмсалуға тиісті деп үйретті”. Биіктер туралы сөз айту үшін биіктен көрінетін қаламгердің кәнігі мінезі.
Бір қарасаңыз, Кекілбаев жазу үстінде өзімен-өзі сырласып отырғандай сезіледі. Кейіпкермен іштей шүйіркелесіп, енді бірде өзі де әлгі әдеби образға ұқсап өмір түйткілінің қан базарында қан сорпасы шығып арпалысып жүргендей хал кешеді. Нендей тақырыпқа қалам тартпас бұрын, әуелі сол нысанаға өзінің ойын да, бойын да теңестіріп, үйлестіріп алуға ұмтылатыны қызық. Ұлылар туралы жоғары регистрде сөз қозғаса, күнделікті дүние тіршілігі туралы қарапайым қадым сөзін ең төменгі нотадан бастайды. Бейне бұл мінезі ұлы сазгерлерге ұқсатады.
Әбіштің келесі бір қасиеті – ізденгіштігі, кәнігі аңшыдай соныдан із кесушілігі.
Ол оқымаған кітап аздай, ол тоқымаған білім жоқтай көрінеді маған. Бір сөзінде «Мен негізінен беллетриспін” депті. Беллетрист – заманның тамыршысы, «заманың түлкі болса, тазы боп шал” дегенді көкірегінде ұстайтын ұрымтал оқиғаны ойнатып отырып роман жазатын, я болмаса аяқты көсіліп салып әңгіме соғатын сарезу емес; өмірдің ең қиын түйткілі – адам мінезінің жұлынды қайшылықтарын ашып, туабітті тайталасын өзгеден бұрын қағазға түсіруші замана хаткері. Жүрегін аунақшытқан ахуалды көркемдеп көзге елестетер суретші.
Жазушы алдын ала «осыны жазамын” деп оқып-тоқып отырмайды, көп жағдайда алысқа жайылып жүріп, желісін сағынып, бауыры сыздап жер түбінен ботасына жеткенде иіп қоя беретін аруанаға ұқсайды. Ағыл-тегіл төгіледі. Әр сөзін алпыс екі тамырдан тартып тебіренеді.
Әбіштің тағы бір ерекшелігі – өзін-өзі қайталауға, әдеби вариацияға, бұрын пайдаланған жәйттерді шиырлауға жоқ. «Ханша дария хикаясы”, «Күй” хикаяттарында есте жоқ ескі мезгілді сөйлетсе, «Автомобиль”, «Бір шоқ жиде”, «Шеткері үй” шығарма¬сында қиял көкжиегін кеңейтіп, осы заманғы мінез иіріміне ой қайығын жүзгізіп, серіппедей серпімді стильге ескек салады. Заман да жаңа, адам да жаңа. Елеусіз, қарапайым кейіпкерді ұрымтал оқиға үстінде ышқындырып ап, ерекше мінез, ерекше құбылыс іздемей-ақ, бүгінгі тіршілік тынысына әр қырынан сәуле түсіріп, жұрт таппай жүрген ақиқат ауылын іздейді.
Жазушының суреткер ретіндегі ерекшелігінің бір парасын – тарих пен бүгінгі күннің – домбыраның қос ішегіндей қабысып келген әуен-ырғағынан іздегеніміз жөн. Осы орайда Кекілбаевтың тарихи хикаятында суреттеліп, жалқы кейіпкерден жалпы әдеби айшыққа айналған – кісінің миы ашыған мәңгүрттік, мәңгүрттену ұғымы – келе-келе, уақыт өте Шыңғыс Айтматов, Габриэль Маркес шығармаларында шаң беріп, үйлесім тауып, әлемдік әдеби анықтауыш бейнеге айналғанын еске алсақ та жетеді. Бұл, сөз жоқ, Кекілбаевтың әдебиетке қосқан үлкен үлесі.
Әбіштің күлкісі.
Әрі ауыр, әрі терең күлкі. Әйтеуір астарлап әзілдей салайын, еміренбесе де – езу тартар дегеннің жеңілтап, шаппа-шап күлкісі емес. Жүрегіңді жаншып езер есті күлкі. «Қазақтың ақсағы да, тоқсағы да, шартығы да шалқаяды. Айдалада кетіп бара жатқан бейсауат жолаушыны соңынан қуып барып, аты-жөнін, ата-бабасын сұраса келе қарын-бөле шығып, үйіне шақырып әкеп, бағлан сойып, насыбай атысып, ертеңіне төс түйістіріп жылап айырылысатын бауырмал қазақтардың басын бір алқа қотанға қоссаң, әрқайсысы әр жерден шіреніп, әр жаққа шалқаяды. Бас-басына шалқаюды бостандық, бет-бетіне шіренуді еркіндік көреді”, деп еріксіз езу тартқызады. Бағынса, күнде көзіңе көрініп: «өйт, бүйт” деп мазасын ала бермейтін Хақ Тағалаға ғана бағынғысы келетін қазаққа күлмей көріңіз.
Қаламгердің қарабайыр кеңқолтыққа сорпасы қосылмайтын, қарапайым кемеңгерлігі туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол өзінен бұрынғы ұстаздарын төбесіне көтере талдап мақала жазды, әр сөзінен, әр мінезінен тұшымды тәлім тапты. Балағында биті бар-ау деген өзінен кейінгі толқынның әрқилы кітабына абыз ысабында алғысөз жазып, батасын берді. Үлкен әріппен жазылатын ұлт әдебиетіне «құлша қызмет етті”.
Сыр ашқан бір сұхбатында: «Өз басым мерейтой түгілі, үйлену тойымды да өткізген емеспін. Балалардың үйлену тойын өткіздім… Ешкімге ешқашан «мені ұмытпа” деп қолқа салып, «мені ұмыттың” деп бопса айтып көрмеген секілдімін. Барға қанағат, шүкіршілік” деп шынын айтады. Дақпыртқа сеніп, даңғазаға желпінбей, өткеннің шиырынан шындық іздеп, келер күннің шырайы мен сыңайына жіті үңіліп, көркемсөз кестелеген қаламгер барға – риза, жоққа – салауат дегені көңіл көншітеді.
Саясатта да Әбіш – елінің үлкен қайраткері болды. Қазақстан Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент кеңесшісі, сенатор. 1997 – Ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы, 1999 – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы. Елбасының арнайы Жарлығымен әр жылды атап өту жөнінде Мемлекеттік комиссия құрылып, комиссияны Мемлекеттік хатшы Әбіш басқарды. Реформаның ең қиын кезеңі осы тұс еді. Жұрт кешегі «бәрі – біреу үшін” деген масылдық пиғылдан арыла алмай, нарық жағдайына бел шешіп бейімделіп кетпей, жалтақтаулы кеп кешті. Кешегі тарихқа қараса, қуғын-сүргіннен көз ашпапты. Сондай сұрықсыз заманға тағы да тап болмаймыз ба деген тұста да: «Бұл бақ түгендейтін, тақ түгендейтін уақыт емес, беліңді бекем буып, қауымның жоталы шаруасына жан пида ететін заман”, – деп үрейді сейілтіп, жұрттың көңілін сергіткен де Әбіш болатын.
Жаңа мыңжылдыққа көшіп жатқан тәуелсіз елдің адамдары ызым-қуыт қоғамдағы өз орнын дұрыс тауып, өз аяғын жөн алып жүру үшін ең әуелі сананы тәуелсіз етіп алуы керек еді. «Аштан өлмеспіз, көштен қалмаспыз, әйтсе де әуелі өзіміздің кім екенімізді түсініп алайық”, деп тоқсан сегізінші жылдың басында елге тоқтау айтқан да Әбіш еді.
Халық аузында: «Ақ сүйрік саусақ кимесе, алма мойын ілмесе, алтын да азып жез болар; астана алдын көрмесе, алқалы дауға кірмесе, ақыл да жасып ез болар” дегендей; сол бір қиын-қыстау кезеңде қаламгер алқалы дауға да кірді, Президенттің Жолдауын қаз-қалпында жұртының көкейіне құя білді.
Тәуелсіздіктің ұлы көшін бастап, мемлекет орнатқан Елбасы туралы бәріміз де жаздық. Десе де, тәуелсіздігіміздің бас архитекторы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы ең толымды, ең сүбелі сөзді де айта білген Әбіш еді.
Алпауыт елдердің жоғарыдан – қабағы қарс жабылған әпербақан әлімжеттікпен, төменнен – жымысқы әрекетпен жас мемлекетті төмпештетіп алмай, саяси салиқалы арнаға біртіндеп көшіру кесте тоқығандай шытырман шаруа болатын. Бір жіп сетінесе, бәрі бүлінетін еді. Қолда бар табиғи, моральдық, рухани, интеллектуалдық игіліктерді қысып ұстап, рәсуә етпей, демократия мен нарық тетіктерін ұтымды пайдаланып, баспалдақтап биіктеуді Президентіміз қапы жіберген жоқ. Құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам құрудың бессайыс сайыпқыран мінезін танытты. Мемлекетаралық экономикалық-саяси ықпалдастықтың тамырын тап басып тауып, қым-қуыт тіршілікте ұлтаралық үйлесімді арна жасай білді. Осы арнамен адам да, тауар да, технология да, капитал да, тіпті саяси көзқарас та ықпалдастардың тараптық мүддесіне сай екпіні қатты соны ағыс жасады. Мүдделерді мөлшерлеу мен үміттерді үйлестірудің бес¬аспап бапкері бола білді. Артының сұрауы бар, аузының дуасы бар, Жаратқан Ие азаматтық биіктік пен адамгершілік ұстанымды бір басына үйіп-төгіп берген қадым қасиетін алақанға салғандай ашып берді.
Президенттің саясат сахнасындағы көркем кескінін алғашқылардың бірі боп мөлдіретіп сала білген де осы замандасымыз еді. Иә, сол кездегі Әбіштің дуалы аузынан шыққан сөз халық жадында қайта-қайта жаңғырып жатты.
Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының сарапшылар төрағасы тағы да Әбіш болды. Мәртебелі мінбеден айтқан сөзі әлі құлағымызда.
«Демократия – бас-басына би болу емес”, – деді. «Тоқта, ағайын! «Ел боламын” деу жақсы ырым, ол көптің тілегі. Ал «Ел бола қойсын” дейтіндер әлі көбейген жоқ. Бола қалғандар боп, болмай жатқандар боп ырғаспайық. Жоғарыдағы боп, төменгі боп жұдырық түйіспейік. Арғы бет, бергі бет болып кеудеден итеріспейік. Күнгей бет, теріскей бет болып мүйіздеспейік. Жаңашыл, көнешіл болып жаға жыртыспайық. Ұлан-ғайыр жер бергенмен басы өспей келе жатқан жұртымызды ырзық-берекеге ұйытып, есе түгендейік, еңсе тіктейік. Әке отырып, бала сөйлемей, іні отырып, аға жүгірмей басы бүтінделіп келе жатқан халқымыздың ұлы үрдісін жоғалтып алмайық. Әр қиядан бас құраған қырық ру Қазақстан халқы жік қуаламай, ала қойды бөле қырықпай, әңгімені азайтып, белін бүгіп, терін сыпырып бейнет етсін” деп, ағынан жарылғаны жұрттың жадында болар. Бұл нағыз бидің сөзі еді. Осы сөзден кейін Әйтекелер өлді деп кім айтады.
1999 жылғы елеулі бір оқиға есімнен кетпейді.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бабалар сүйегін қайта жерлеуге мәртебелі комиссия құрылды. Комиссияның ішінде өзім де бармын. Бабалар аруағына тағзым айту Әбішке бұйырды. Сондағы Әбіштің сөзі құлағымнан кетпейді.
«Уа, сұранып келмейтін, қуанып кетпей¬тін жалғаншы дүниенің опырайған олпысы мен кемірейген кемшіні әлі көп екенін көріп күйзеліп тұрмыз”, деп бастады сөзінің біссіміл¬ләсін. Бабалар аруағынан кешірім сұра¬ғандай күйзеліп тұрды. «Ұйтқымалы уақыт, құбылмалы заман, жетесіз сана, жетімсіз тәрбие осынау киелі орынға да суық қолын сұққаннан болған аусар ағаттыққа, қияс қия¬натқа қинала тұрып, көкте тобадан, жерде аруақтардан қиыла кешірім сұрап тұрмыз”, – деп тебіренді. Тебіренбеске болмайтын еді. Кесененің іші-сыртын «жөндейміз” деген желеумен бабалардың сүйегін орнынан қозғап, қағаз қаптарға салып, отыз жыл бойына қой¬мада ұстағаны қабырғаны қаусатып тұрған. Сай-сүйекті сырқыратқан сол сұмдыққа басы¬мызды иіп, кешірім сұрағандай болып біз тұрмыз, өткенге ереуіл, қалғанға салауат сұрап Әбіш толқыды.
Біз Астанадан осында жол жүрер алдында Президентіміз: «Құдай тек ендігі жерде өлінің үрейін, тірінің мерейін ұшырмайтындай қып, қай ісімізді де оңға бастыра көргей! Берекеміз молайып – бірлігіміз, әрекетіміз артып – тірлігіміздің оңға басқанын көруге жазғай!”, – деп тілек білдіріп, баршаңызға сәлем жолдады дегенде көпшіліктің көзінен мөлдіреп аққан жасты көрдік.
Ұмытылмайтын оқиға еді. Байқағаным: сол бағзы бабалардың жамбасы қалай жерге тиді, солай – халықтың арқа-басы кеңейіп, ісіміз оңғарылып жүре бергендей болды. Аспанға әуелеп ұшып кеткен қасиетті рухтың қайтадан жерге табаны тиді ме, бәлкім; қасиет-кепиеті туған топыраққа қайыра оралды ғой деймін!
Әбіш тәуелсіздігіміздің алғашқы жылда¬рында бір жаңалық болса, енді болатын шығар деп елеуреп, тарихи шешуші оқиғалардың қан майданында аянбай шайқасты. Үлкен басқосуда күйіп-жанып сөйледі, қайта құру кезеңінде, кешегі Кеңестер одағының тарихи бәсекелі нарық жағдайына икемсіз боп, өз-өзінен ыдырап кетуінің себеп-салдарын ашты. Қым-қуыт өзгерістерге сырттай бақылаушы болып қалмай, пікір додасына түсіп, талқылы мәселеге күйіп-жанып кірісіп жүрді. Тәуелсіздіктің қаз тұрып, бойын тіктеп кетуіне ұрынып жүріп атсалысты.
Бұл кезеңде қаламгер көркем шығармаға көсіліп отыра алмады. Бейне сол сұхбат, сөйлеген сөз, пікірталас ойлары жинақ болып шыға қалса, сол жинақтың негізгі авторы – уақыт, ал Әбіш әлгі жинақтың бас кейіпкеріне ұқсап кетер еді. Сол кезеңде, 1992 жылдың сары алтындай күзінде өзім мидай араласып, басы-қасында жүрген Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтті. Бұл басқосу, шын мәнінде, әртүрлі тарихи шарпысу зардабынан тарыдай шашырап кеткен бауырларымыздың сағыныштан сарғайып туған жер кіндігіне келіп, алғаш рет тізе бүгіп тәу етуі еді. Алыс-жақын ағайынмен қауышып, жылап көрісіп жатқанымызда құрылтай мінбесінен мағыналы сөзді тағы да Әбіш толғады.
«Ойлан, ағайын! Білек түгендесер, тілек түгендесер кезде бірге болмасақ, өз ұрпағы¬мызды өзіміз бірге жүріп түгендеспесек, біздің қара жердің астында емес, үстінде екенімізден не пайда?! Бұл жолы табылмаған пәтуа да енді қайтып табыла қоймас. Кәні, осы жайында тізе қағыса отырып, бір толғанып көрейікші!” деп тебіренген кезде елудің үстіне жаңа шыққан бұйра шаш, маңдайы жарқыраған Әбіш тағы да айтуы жоқ даңғылдығын танытты. Алқалы жиынның алдына шығып қазақтың ертеңгі пәтуасы туралы толымды сөз айту Әбіштің ғана аузынан шығатындай көрінді. Мұндай кезеңде уәйім емес, терең пайым, сезім емес, төзім, алыстағы арман емес, қажырлы еңбек ауадай қажет екендігін төндіре сөйледі. Бұл жиын көңіл қызықтауға емес, ертеңгі қам-қарекетті кесіп-пішіп алатын ақыл таразысы деп түйді. Әбіштің үшінші мінез қыры – даңғылдығы деп тұрғаным осы болатын.
Әбіштің төртінші қасиеті – ұшан-теңіз білімі. Әр сөзін сараптап, әр кітабын таратып жатпай-ақ жалғыз мысал келтірейік.
Ұлттық ғылыми кітапхана мұрындық болып, 2007 жылы жазда, дүние жүзінің білімділері бас қосып, жазу тарихы туралы халықаралық конференция өтті. Баяндаманы Әбіш жасады. Әбіштің екі сағатқа созылған сондағы сөзін «баяндама”, «мақала” деп қалыпқа салуға тіпті болмайтын еді. Бұл бір адамзатты өркениет баспалдағымен биіктеткен жазу туралы ғылыми трактат секілді естілді.
Расында ғой, жазу – өнер біткеннің сұлтаны. Жазу ойлап табылғаннан адам баласы өркениеттің биік сатысына аяқ салғаны мәлім. Тарыққанды демейтін, жалыққанды жебейтін аспаннан түскен бес кітаптың уағызынан бас¬талған әңгімеден тартып, сөзді таңбалау мен кітап басу тарихын ұзақ термеледі. Кітап ашу, кітап жастану, ілім соғу, кітаптың шалығы тию туралы толғай келіп, Мысыр манускриптерінен бастап, түркі бекзаттарының Орхон жазбаларын, сына жазу, сурет жазу, бейне жазудың түп тамырын тереңдеп ашып берді. Александрия кітапханасын аралағандай кеп кештік. Ассирия, Бабыл өркениетінің күл қоламтасына үңілтті. Орхон жазбалары, еврей мен арабтар – оңнан солға қарай, мысырлықтар әр қатардың шетіндегі құс суретінің тұмсығы оңға қарап тұрса – солға қарай, солға қарап тұрса – оңға қарай, қытай, жапон – жоғарыдан төмен қарай, славян жазбасы солдан оңға қарай оқылатынын термелеген кезде – бейне кәнігі лингвистерше көсілді. Бұл – жалғыз ғана мысал.
Қазақтың байтақ тарихы бірнеше жерден үзіліп қалған алтын арқанды еске түсіреді. Кейде халықтың тағдырына байланысты, әрқилы оқиғаларға орай бір сөніп, бір жанған, бірақ, өшіп қалмаған нұрға ұқсайды.
Анығында, ата тарихының тұнық бастауы, қайнар көзі ешбір тарихи жазба деректерге салыстыруға келмейтін және атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей айтылып келе жатқан ауызша шежіресінде жатыр. Біздің бабаларымыз ата тарихын ұрпақтарына ауызша айтып, құлағына құйып отырған. Кешегі алмағайып, аласапыран замандарда тарихымыз бұрмаланып, біз жынынан айырылған бақсыдай болдық. Қараңғы түнекте, қалың тұманда қалғандай болдық.
Әбіштерге ата тарихының таусылмайтын баянын айтқызу керек еді, оны жазып алу керек еді. Өкініші, Әбіштің осы қасиеті халқының игілігіне айнала алған жоқ.Тарих демекші, бірді-екілі еңбек болмаса, қазақтың тұтас тарихы да әлі жазыла қойған жоқ.
Әбіштің бесінші мінез қыры әр кезеңде әр қырынан көрінетін дегдарлығы дер едім.
Дегдарлық – әрісі Әбунәсір әл Фарабиден, мырза Мұхамед Хайдар Дулатиден, берісі Әуезов, Айтматов секілді даңғылдарымыз туралы тебіреніп толымды сөз айта алатын, ел қамы туралы егесте, ертеңгі күн жайлы таласта – белге шығып алысқа күн сала қараған көкірегі көмбе кісіге айтылатын анықтауыш болар. Баяғы данагөйлермен табақтас бола қойған жоқпыз. Қаламгер қазақ қауымының, оның ішінде тәуелсіздігіміздің баянды болуына дуалы ауыздан шыққан сөзін аямай, көсемсөз дейсіз бе, кіріспе сөз дейсіз бе, арнау сөз дейсіз бе – үңіліп отырып қалам тербеді; ұмыт оқиғалар мен ұмыт тұлғаларды түгендесуге атсалысты. Қай іске кіріссе де күйіп-жанып жанын салды. Алақол мінез танытпады. Айтқаны естілді, жазғаны оқылды, ең төтесі – бір-бірін бақайдан қаққанды емес, бір-бірін қолтығынан демегенді құп көрді. Тілді ұлықтау, тарихты ұлықтау, белгілі тұлғаны ұлықтау кезінде межеге бірінші болып ұмтылған баяғы өзі суреттеген «бәйгеторыдай” аршыны жазылып, алқымы істі. Мәреге алдымен келді.
Кекілбаев шеберлігін әлем мойындады, замандастары да жоғары бағалады.
Шыңғыс Айтматов: «Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің көркем компоненттері десек те (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) біздің пікірімізше, бұл шығармалардың ішкі мазмұнын байытып қоймай, оның көркем¬дік қасиетін де аспандата түскен”, – деп жазды.
Жазушы саяси аренада әрдайым ішкі ынтымақ пен сыртқы ықпалдастықты көздеді. Жастар алдына шықса, өзіңді-өзің таны, өзіңді-өзің таныт, талпынып бақ, жолыңды тап, «кірпіш боп қалан” деді; тарихшылармен тілдессе, өткеніңді сараптап, ертеңіңді болжай біл деді; қазақ тілі жанашырларына тіліміздің өшу, я өркендеу деңгейін сол тілде қанша адамның сөйлейтіні шешпейді, ол тілдің өмірдің қанша саласында қолданылатыны шешеді деді; Алаш тұлғалары туралы айтса, өткеннен өнеге тану, келешекке құлшынған намысшылдықты ояту, қазақ мінезінен өркениетке лайықты орын иемденуге құқылы тұтас бір әлемнің рухани шежіресін жасау жолындағы жанталасын құптады. Сірә, дегдарлық деген осы болу керек.
Ойды ой оятады. Жүз жасқа тақаған, Әбіштің ғана емес, ел анасы бола білген, үлкейген кезде жалғыз ұлының тілеуін тілеп елордаға – Астанаға келген Айсәуле шешеміз 2002 жылдың басында бақи жалғанға озды. Қайғылы хабарды ести сала – қабырғамыз қайысып қарашаңыраққа көңіл айтуға келдік. Тұқым-тұяғының өзі бір қауым елге айналған шешеміздің алдынан тәңіржарылқасын айтып, соңында қалған қарғаларына қаратып сауал қоймаймыз ба, баяғы. «Асыл ананың соңғы сөзі не болыпты?”, – деп. Сонда көңілі қаяу, ел анасының жарты ғасырға жуық қызметіне жараған келіні – Клараның айтқаны ғой. Айсәуле ананың ақырғы сөзі: «Әбішжанды рен¬жітпеңдер!” – болыпты. Жарықтық-ай десеңші!
Сонда дейміз ғой. Ел анасы артында қалып бара жатқан қалың жұртына, біреуіміз бақ сынасып, біреуіміз ат сынасып жүрген қалың жамиғатына маңдайы жарқыраған жалғыз ұлын аманаттап кеткен екен ғой деп ойладық.
Бір өзі бір дәуірге тұрарлық мазмұны терең кітаптар жазып, санамызға самаладай жарық сәулелі ой салып, қандай жаңа құбылысқа қуансын, қандай жаңа мінезді ашсын, мейлі, сөз төркінін ұлтының өз көкірегіне салған ұлттық сананы ұлықтауға жұмсаған заңғар суреткер, ірі мемлекет, қоғам қайраткері Кекілбаевтың шыққан биігі – ұлт мәртебесі. Ұлт мәртебесі болатыны – ізгілікті, адамгершілікті, ұлт мұраттарын әрдайым басқыш ете білгендігі. Ел мерейі мен Әбіш мерейі әрқашан егіз. Бірінен-бірін ажырата алмайсыз. Ләйім, солай бола бергей!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз