Әбіш жазушы болмағанда геолог болар еді

168

0

Әбіш жазушы болмағанда геолог болар еді«Болар бала – жасынан». Әбіш Кекілбаевтың әдебиетке құмарлығы мектептен басталған. «Оқуға, мектепке бармай жатып қолына кітап алды. Көп оқитын. Балалардан гөрі үлкен кісілерге үйір болды» дегені бар еді анасының. Иә, ол Маңғыстаудың аядай ауылынан арман арқалап Алматыға аттанды. Небір саңлақтар қабілетін байқап, жігерін қайрады. Сенім ақталды. Ол ел таныған заңғар жазушыға, сұңғыла саясаткерге, қабырғалы қайраткерге айналды. 
Қызылордада абыз Әбіштің қарындасы мен күйеу баласы тұрады. Дүйсен аға мен Тілектес апаға арнайы сәлем бере барып, әдебиет алыбының өмір жолы мен біз білмейтін қырлары туралы сұрадық. 
Тілектес КЕКІЛБАЕВА:
– Анаңыз ұлы туралы «бала болып алысып-жұлысуды, беталды жүгіруді білмейтін» депті бір сұхбатында. Бала Әбіштің басқа қандай қасиеттері еске түседі?
– Әбекең үш қыздың ортасында жалғыз ұл болып ер жетті. Әкеміз соғыста қаза тапқан. Анам жалғыз өзі тағдырдың ауыртпалығына төтеп бере білді, бізді қатарымыздан қалдырмай өсірді. Анам айтқандай, Әбекең тыныш бала болды. Ешкімге ұрынбайды, өзімен-өзі. Әйел затын қатты құрметтейтін. Кітап оқығанды жақсы көрді. Жазған дүниелерінің бала-шағаның қолында жүргенін жаратпайтын. Біздің балалық шағымызда тіршілік жұпынылау еді ғой. Сарғайып кеткен парақтарды далада жатқан жерінен үйге әкеліп, қажетіне пайдаланатын. Әкем соғысқа кеткенде анамның құрсағында қалған екенмін. Ол кісі қан майданнан тірі қайтпады. Әбекең кенже қарындасы болған соң мен үшін әке орнына әке де бола білді. Мектепте жақсы оқыды. Оқушы кезінен бастап газеттерге материалдар жазып тұрды. 
– Әкеңіз өмірден өткесін дүниеге келіпсіз. Ол кісі туралы не білесіз? Анаңыз қандай адам еді?
– Анамның айтуынша, әкем домбыра тартқанды жақсы кө¬ріпті. Мен мінезім жағынан сол кісіге тартқан сияқтымын. Әкемнің қайда қайтыс болғанын біз де, Әбекең де анықтай алмадық. Ал анам ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. Өте қайратты, еңбекқор кісі еді. Колхозшы да болды, жеті қат жердің астына түсіп шахта да қазды. Сондағы бар ойы – біздің қамымыз. Үйге келгесін де күйбең тірліктен қолы бір босамайды. Сөйте тұра, шаршаған кейіп танытқан емес. Төрт баланы жалғыз өзі бағып-қаққанын айтып тағдырына налыған емес. Біздің ғана емес, елдің анасы бола білді. Аллаға шүкір, қызығымызды көріп, тоқсан жеті жасында дүниеден озды. 
Әбіш жазушы болмағанда геолог болар еді– Дүйсен ағамен танысып-табысуыңызға ағаңыз себепші болған деседі…
– Таныстығымыз 1964 жылдан басталды. Әбекеңнің Оразбек Сәрсенбаев деген бірге оқыған жазушы досы болды. Шиелінің жігіті. Оразбек біздің үйге келіп тұратын. Әбекеңнің үйленген кезі. Іссапармен Оразбек досының ауылына барып тұратын. Бір жолы досы менің болашақ қайын жұртыммен кездестірген. Менің Дүйсекеңмен араласып жүргенімді естіген. Үйге келіп ол отбасының көңілінен шыққанын, теңіміз екенін айтты. Келесі жылы біз отау көтердік. Биыл – Сыр еліне келін боп түскеніме жарты ғасыр. Тәуба, жаман емеспіз. Бес баламыз бар, немере-шөберелеріміздің қолынан су ішіп отырмыз. 
– Ағаңызбен кездескенде көбіне не туралы сөйлесуші едіңіздер?
– Амандығымызды, хал-ахуалымызды біліп, соған шүкіршілік етіп отыратын. Ал шығармашылықтағы, саясаттағы өмірі туралы сөз қозғап көрмепті. 
– Бос уақытын қалай өткізетін?
– Қашан көрсең де кітаптан көз ал¬майтын. Үш қызға қарағанда бітімі бөлек жаратылған жан болатын. Бала күнінде мектепте ата-аналар жиналысы өтіп, анамыз соған барған ғой. Әбекең апам екеуі бір сыныпта оқыды. Сөйтcе, мұғалім «Айеке (анасының аты – Айсәуле), ұлыңызды ерекше оқытыпсыз, қызыңызды басқаша. Бұл қалай?» деп жиналысқа салса керек. Анам «өзім таңмен таласа жұмысқа кетем. Қас қарайғанда келем, екеуін оқытатын менің уақытым да, шамам да жоқ. Хал-қадірлерінше өздерінің оқығаны енді» деп жауап беріпті. Әбекеңе Құдай талантты үйіп-төгіп берген ғой. Соны еңбекпен ұштастырып биік дәрежеден көріне білді. 
– Әбіш аға жазу бөлмесінде қанша уақытын өткізетін? Кейбір қаламгер ойын қағазға түсіру үшін қолайлы жағдай іздейді. Кейбірі сарт-сұрт еткізіп қолына ілінген нәрсеге түсіре қояды. Ол кісіде қалай?
– Алматыға көшіп барғанымызда Фурманов көшесіндегі екі бөлмелі үйде тұрдық. Аядай ғана үйдің ішінен орын табылуы қиын. Содан ағам түн жарымында асханаға барып жазады. Біз ұйықтап қаламыз. 
– Әбіш ақсақал Клара апамен ұзақ жыл бір шаңырақ астында өмір сүрді. Жазушының жары болу – екі есе жауапкершілік. Жеңешеңіздің осындай жүкті арқалай білуінің сыры неде?
– Екеуі мектепте қатар оқыды, жақсы араласты. Оныншыны бітірген соң Клара жеңгем Ақтөбедегі мединститутқа түсті, Әбекең Алматыға кетті КазГУ-де оқуға. Оқуды аяқтағасын көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Жеңгеміз – елге сыйлы, отбасына адал адам. Анамызды аса қатты құрметтейтін. Алдынан кесіп өткен, көңіліне қаяу түсірген кезі жоқ. Әбекең үй ішіндегі ұсақ-түйек тірлікке бас қатыратындардың қатарынан емес. Содан да шығар, қандай мәселеде болмасын, Клара жеңгем анамызбен ақылдасады. 
– Ақын-жазушылар іңкәрлікке, әдемілікке құштар боп келеді. Нәзік жандыларға, әлбетте! Жеңгеңіз Әбіш ағаның шығармашылығын қаншалықты түсіне алды?
– Жеңгем Әбекеңді жақсы көргендіктен, шығармашылығын терең түсінгендіктен бар жағдайын жасаудан аянып қалған емес. Қызғанышын сыртқа шығарған жағдайлар болмады. 
– «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес едім» дегені бар екен абыз Әбіштің. Егер ол кісі жазушы болмағанда қандай мамандықты таңдар еді?
– Геолог болатын ба еді деп ойлаймын. Өзі де солай айтатын. Мектепте оқып жүріп-ақ экспедиция орыстарына тілмаш болып ел кезіп кетеді. Тіпті, кино түсірушілерге ілесіп жүрді. Анама абысыны айтатын көрінеді «жалғыз ұлыңды орыстар әкеткелі жүр» деп. Орысша білмегесін олардың не ойы барын қайдан білсін?! Әбекеңнің болайын деп тұрған бала екенін білген-ау деп ойлаймын кейде. Ауылда орыс тілін түсінетін бір соқыр шал бар еді. Сол анамыздың алаңдауы орынсыз екенін айтып, көңілін орнына түсірген. 

Осы кезде әңгімеге Дүйсен аға араласты. Өзі ғалым кісі. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Ә дегеннен Кекілбаевтар отбасымен байланысы қашан басталғанын сөз еттік. 
Дүйсен НҰРЫМОВ:
– Дүйсен аға, жастық шағыңыздан естелік болсын, Тілектес апамен қалай танысып жүрсіз?
– Оразбек Сәрсенбаев үйленіп, аспирантурада оқып жүрген мені тойына шақырды. Той аяқталғасын маған «сен біздің үйге барасың, онда Әбіш болады» деді. Бұған дейін де Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Дүкенбай Досжанов, Жүсіп Қыдыров бар – бәріміз Қазақстан комсомолы орталық комитетінде жұмыс барысында кездесіп, араласып жүретінбіз. Бір күні Жүсіп Әбіштің үйленгенін айтты. Соны естіп үйіне тартып отырдық. Тілекті сол кезде жолықтырдым. Аралас-құраластығымызды жұбайлық өмірге жалғадық.
Әбіш жазушы болмағанда геолог болар еді– Белгілі адамның күйеу баласы болған қалай екен?
– Әбіш те, жеңгем де мені өте жақсы көрді. Қызығатын қасиеті сол, адамдарды алаламайтын. Танымалдығын алға тартып кеуде керген кезі болған емес. Ешқашан бір-бірімізге қарсы келіп, көңілімізді түсіретін сөз айтып көрмедік. 
– Шығармашылық жайында әңгімелесуші ме едіңіздер?
– Қаламгерлік қабілетіміз жоқ енді. Содан да шығар, шығармашылық туралы сөз қозғай бермейді бізге. Бағана «қалай жазатын еді?» деп сұрадыңыз. Ол кісі көп уақытын жазуға жұмсайтын. Кейде үйіне қонақ келіп қалады. Түн жарымында той тарқап, қонақ қайтқан соң бөлмесіне кіріп кетіп, таңғы төрт-беске дейін жұмыс істейді. Сол аралықта бір бетке екі-үш сөйлем ғана түсіруі мүмкін. Бұл оның көп ойланып-толғанып қалам тербейтін азамат екенін көрсетеді. Бір нәрсені екінші рет қайталамайды. Бұрынғының адамдары туралы айта отырып бүгінгінің адамдарына бағыт бергенді мақсат санады. Әбіштің қазақ әдебиетіндегі орны бір төбе. Ол прозадан бөлек, поэзия жанрында да қалам тартты. Саясатқа да араласқанын білесің. Досы туралы Жұмекен ақын «ол – бір сырлы, сегіз қырлы талант. Ол – талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик. Бір кісіге осының біреуі де жетер еді. Оған табиғат үшеуін де берген. «Екі кеменің құйрығы» демекші, бұл жігіт үш кеменің құйрығын ұстап келеді» деп таңданыспен баға берген еді. Жұмекеннен артық не дей алам?! Ол бәріне үлгеретін. 
– Әбіш Кекілбаевқа жол көрсетіп, жөн сілтеген кімдер болды?
– Мұқыр Ниязов деген атадан жалғыз немере ағасы болды. Әбіштің өміріне, тәрбиесіне сол кісі көп ықпал етті. Ағасы мәдениет саласында басшылық етті, ауылдың ақылман ақсақалы еді. Әбішті «білімсіз қалмасын, оқысын» деп, ізіне ертіп, құжаттарын дайындап, мотоциклмен әкеп, ұшаққа отырғызып Алматыға жіберген. Ал Әбіштің отбасымен Алматыға көшіп келуіне оның қарым-қабілетіне, болашағына, сенген Зейнолла Қабдолов көмектесті. Қабдолов Әбішке «ұстаздан озған шәкірт» деп баға берген. «Мен сабақ беретін Қазақ мемлекеттік университетінің аудиториясында бір ерекше ұлан отырды. Жүздеген шәкірттің ішінен өзгешелеу көрінген оның жанары ойға тұнып тұрды. Көмірдей бұйра шашының әрбір талы ән салып, жанарымды еріксіз өзіне бұрды. Мен бұл көрген жаңалығымды жасыра алмай, ұстазым Мұхтар Әуезовке қуана жеткіздім. Заңғар жазушымен жас Әбішті осылай табыстырдым» деп еске алады ол. Әбіш шығармашылықтағы ағаларымен жақсы қарым-қатынаста болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әбу Сәрсенбаев, Тахауи Ақтанов сынды сөз дүлдүлдері үйіне жиі қонаққа келіп тұратын. Жолдастарының арасында да сыйлы болды. Жүсіп Қыдыров, Асқар Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиевтермен аралас-құраластығы кісі қызығарлықтай еді. 
– Әбіш әлемін тағы бір қырынан танытқан тұшымды әңгімелеріңіз үшін рахмет! 
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз