ҰБТ СЫНАҒЫНА ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

118

0

ҰБТ СЫНАҒЫНА ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас өркеннің алдағы мүмкіндігін айқындайтын ҰБТ сынағы – биыл да талапкерлердің басым бөлігінің таңдауы. Айталық, осы оқу жылында облыстағы 260 орта мектептен 6196 оқушы орта білім алып шығатын болса, олардың 5697-сі қазақ тілінде, ал 499-ы орыс тілінде білім алуда. Бүгінгі таңда жалпы бітіруші түлектердің 4386-сы, яғни 80 пайызға жуығы ҰБТ сынағына қатысуға ниетті болып отыр. Осы орайда ҰБТ-ға әзірлік барысы жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевқа бірер сауал қойған едік.
 
– Өзіңіз білесіз, ҰБТ сынағының түпкі нәтижесі – түлектеріміздің болашағына басталған қадам, сондықтан оның жауапкершілігі өте зор. Осы орайда облыста қанша Ұлттық бірыңғай тестілеу пункті жұмыс жасайтынын айтып өтсеңіз… 
– Жоғары оқу орнына түсуге ниет білдіріп, ҰБТ тапсыратын түлектеріміз үшін облыста 9 жерде тестілеу пункті жұмыс жасайды. Олардың 7-і аудандарда, 2-і Қызылорда қаласында орналасқан. Бүгінгі таңда бұл орталықтардың барлығы да талапқа сай жабдықталған. ҰБТ пункттері жанында ата-ана¬ларға арналған көлеңкелі орындар, өз балаларының аудиториядағы жағдайын байқап отыру үшін монитор қойылатын болады. Негізінен, аудан мектептерінің бітірушілері емтиханды өз кент орталықтарында орналасқан пункттерде тапсырады. Тек Сырдария ауданының бітіруші түлектері №2 «Мұрагер» мектебінің базасындағы тестілеу орталығын пайдаланатын болады.
Нақты кезеңде әрбір бітірушіге оның білім деңгейі мен қабілетіне қарай кәсіби бағдар беріліп, қай деңгейде, қандай оқу орнында кәсіби білім алуға мүмкіндігі бар екендігі жөнінде түсіндіру, талдау жұмыстары жүргізілуде.  
Мектеп бітірушілерге дәріс беруге  Қор¬қыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тәжірибелі ғалымдары тартылды. Мұның барлығы дайындық сапа¬сына оң әсер етті.
– Биылғы оқу жылында ҰБТ сынағын өткізуде қандай ерекшеліктер бар? Со¬ны¬мен бірге, сынақ нәтижесі неше балдан жоғары бағаланады?
– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде өткізіледі. Біріншісі,  қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. Екіншісі, ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу емтиханы. Нақтырақ айтсақ, бітіруші түлектеріміз 25 мамырда оқу сабақтары аяқталғаннан кейін 29 мамыр-10 маусым аралығында мектеп базасында өтетін бес емтихан түрінде қорытынды аттестаттау тапсырады. Онда ана тілінен (эссе) жазбаша, Қазақстан тарихынан ауызша, алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихандар, оқыту тіліне қарай орыс тілінен (қазақ тілі) және таңдау пәнінен 9 пән ішінен 1 пәннен тест тапсырады. Емтихан материалдары Білім және ғылым министрлігі тарапынан әзірленіп, 27 мамырға дейін әрбір мектепке жеткізілетін болады.
Ал 15 маусымға дейін бітірушілерге орта білім туралы аттестат беріліп, ЖОО-ға түсуге және мемлекеттік грант иеленуге ниетті талапкерлер 20 маусым мен 1 шілде аралығында өздеріне бекітілген тестілеу пункттерінде өтетін ҰБТ сынағына қатысады. Тестілеу 3 міндетті пән және талапкердің таңдауы бойынша 2 бейінді пәннен тұрады. Сынақ тапсырмалары оқушылардың функционалдық сауаттылығын, логикалық ойлау қабілетін, мәтінді оқумен қатар, түсіну және талдау, пәндерді терең меңгеруін анық¬тауға бағытталған. Барлығы 120 сұрақ бо¬йынша мүмкін болған 140 балдан ұлттық уни¬верситеттер үшін – 65, медициналық мамандықтар үшін – 60, басқа мамандықтар үшін төменгі шекті 50 балдан жоғары жинаған талапкерлер университеттерде оқуға мүмкіндік алады. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минутты құрайды. 
– Алдын ала алынған сынама тест нәтижелері бойынша қандай болжам жасап отырсыздар?
– ҰБТ ағымдағы жылы жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын меңгерген білім беру ұйымдарының бітірушілері, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде оқытпайтын, жалпы білім беретін  мектептердің бітірушілері, республикалық музыка мектеп-ин¬тернаттарының бітірушілері үшін өткізіледі. Халықаралық оқушылар алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім бе¬ре¬тін мектеп бітірушілері кешенді тестілеуге қатыса алады. 
Мамыр айында алынған сынама тест қо¬рытындысымен облыс бойынша түлек¬теріміз орта есеппен 97,2 балл жинап отыр. Ол мүмкін болған 140 балдың 69,4 пайызын құрайды. 
Аймақтағы мектеп бітіруші түлектер арасында алдын ала алынған сынама тест нәти¬жесіне сүйенсек, болжам бойынша бітіру¬шілердің 3961-і (63,9 пайыз) уни¬вер¬ситеттерде, ал 2220-сы (35,8 пайыз) кол¬лед-ждерде, тех¬ни¬калық, кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі мамандықтар бойынша білім алады деп кү-тілуде. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Мұнан басқа, сәуір айында РФ-ның 4 университеті келіп өткізген емтиханды сәтті тапсырған 507 бітірушінің жұмыстары  конкурстық комис¬сияға жіберілді. 
– Ал белгіленген шекті балды ала алмаған ҰБТ қатысушылары үшін қандай мүмкіндік қарастырылған?
– Шекті балды ала алмаған ҰБТ қатысушылары, нәтижелері жойылған қаты¬су¬шылар және ҰБТ-ға қатыспаған биылғы мектеп бітірушілер үшін ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу үшін 2017 жылдың 1-8 тамызы аралығында және 2018 жылдың 5-12 қаңтары аралығында ҰБТ сынағы қайта өткізіледі. 
– Шығармашылық емтиханы қай кезде өткізіледі? 
– Шығармашылық мамандықтарға, сон¬дай-ақ құқық қорғау және арнаулы орган¬дарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге таңдаған жоғары оқу орны бекіткен базалық жоғары оқу орнында өтеді. Оқуға түсушілерден шы¬ғар¬машылық емтихан тапсыру үшін өтініштер қабылдау өздері таңдаған жоғары оқу орын¬дары орналасқан жері бойынша 20 маусым мен 7 шілде аралығында жүзеге асырылады. Ал аталған емтихан 8-13 шілде аралығында өткізіледі.  
– Сұхбатыңызға рахмет! Түлектерімізге сәттілік тілейміз! 
Сұхбаттасқан Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз