ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

64

0

ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫЖаңақорған ауданында жылдық қуаттылығы 560 мың тонна болатын цемент зауытының құрылысы басталды.

Құны 30,2 млрд теңгені құрайтын бұл инвестициялық жоба «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы аясында «Мелиоратор» ЖШС мен ресейлік «Глобальная безопасность» ЖАҚ арасында жасалған келісім негізінде жүзеге аспақ.

Зауыттың алғашқы
іргетасын қалау шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен жобаны жүзеге
асырушы «Глобальная безопасность» ЖАҚ, «Мелиоратор» ЖШС басшылары қатысты.
Құрылыс жұмыстары барысында мұнда 250 адам жұмыс істейді. Ал өндіріс орны толық
іске қосылған жағдайда 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

– Озық технологияға
негізделген мұндай жобаның жүзеге асырылуы ең алдымен өңір экономикасы үшін
қажет. Жаңа жұмыс орындары ашылып, салық базасын нығайтуға да септігін
тигізеді. Жаңа технологияның арқасында зауыт экологиялық таза, қоршаған ортаға
зиян келтірмейді. Сондай-ақ, бұл құрылыс саласына пайдаланылатын цемент өндіретін
облыстағы алғашқы зауыт болады, – деді облыс әкімі.

Жобаны жүзеге
асыруға қызығушылық танытып отырған «Глобальная безопасность» ЖАҚ – әлемнің 15
мемлекетінде жұмыс істейтін цемент зауыты құрал-жабдығын шығаруда тәжірибесі
мол компания. ЖАҚ бас директорының орынбасары Эдуард Фельд аймағымыздың
инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған өңір екенін атап өтті.

– Зауытты
Жаңақорған ауданынан салуымыз кездейсоқтық емес. Өндіріс орнына қажет шикізатты
осы ауданнан таптық. Сонымен қатар, инвесторлар үшін бұл аймақта барлық жағдай
жасалған. Жергілікті билік өндіріс орнын саламын деушілерге инфрақұрылымын
жеткізіп, жобаны жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетеді. Оған толық көзіміз
жетті. Осындай үлкен жобаларға инвестор тартуда инвестициялық форумның пайдасы
зор екенін айтқым келеді. Мен де облыста өткізілетін «Байқоңыр» инвестициялық
форумына екі рет қатысып, осы сияқты перспективалық жобаны «Мелиоратор»
компаниясымен бірлесіп жүргізуге шешім қабылдадым, – дейді ол.

Аталған өндіріс
орнының Қазақстандағы басқа цемент зауыттарынан айырмашылығы автоматтандырылған
құрал-жабдыққа жұмсалатын энергошығындардыңаз болғандығы өнім құнының төмен болуына ықпал етеді. Дегенмен, мамандар
бұл өнімнің сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейтінін айтады.

Н.Назымханұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз