ЧЕЛЯБІДЕН КЕЛГЕН ХАТ

47

0

ЧЕЛЯБІДЕН КЕЛГЕН ХАТКешегі миллиондаған адамдардың өмірін қиып, көптеген отбасыларына қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Сол қасіреттің ауыр болғаны соншалық, міне, Жеңіс туының желбірегеніне 70 жылға жуық уақыт өтсе де, соғыс жаңғырығы оған қатысушылардың бауырларының, балаларының, жақын-жуықтарының құлағында әлі жаңғырып тұр. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Қызылорда облыстық мұрағат мекемесінің директоры Гүлсім Ақтөрееваның атына Ресейдің Челябі қаласының тұрғыны Сергей Николаевтан мына мазмұндағы хат келіп түскен еді:
«Құрметті Гүлсім Игісінқызы! Маған 1914 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы №9 ауылда туған әкем Емберген Маханов туралы қолыңыздағы деректерді беруіңізді сұраймын. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан оралып, 1949 жылға дейін Қызылорда қалалық малдәрігерлік емдеу мекемесінде мал дәргері болып жұмыс істеген. Тұрған мекен- жайы: Қызылорда қаласы, К.Маркс көшесі, 48 үй, 13 пәтер.
1949 жылы Түркістан әскери округінің трибуналы шешімімен тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Ату жазасы соңынан 25 жылға үкім жазасына ауыстырылады. Е.Маханов 1949 жылы 30 шілдеде Қызылорда облыстық ішкі істер бөлімінің №10 түрмесінде қайтыс болған. Әкемнің жерленген жерін облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат құжаттарынан табу мүмкін болмады. Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағаттан алынған анықтама бойынша әкемнің Баймаханова Назапуль есімді апасы  немесе қарындасы болған. Осы кісімен туыстық жағынан байланысты адамдар болса, маған жолдауыңызды өтінемін”.
Сергей Николаев Ресейдің Қорғаныс министрлігіне қарайтын орталық мұрағатынан алған анықтаманы қоса жолдапты. Анықтама бойынша Емберген Маханов әскери саяси жетекшінің орынбасары ретінде соғысқа алғашқы күннен кіріседі. Соғысқа 1941 жылдың 18 шілдесінде Сырдария әскери комиссариатынан шақырылып, Смоленск маңында неміс тұтқынына түсіп, 1941 жылдың 21 қазанынан 1945 жылдың 3 мамырына дейін тұтқында болған. Н.Баймаханова (кейін анықталғандай Назыгүл) Сырдария ауданының «Кооператор” колхозында тұрған. Анықтамада қандай туыстық қатынастары бар екені айтылмайды.
Мұрағат директоры Г.Ақтөреева Ресейден келген осы хатқа байланысты іздестіру жүргізеді. Ең алдымен ол Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Серік Дүйсенбаевқа қатынас хат жолдайды. Там-тұмдап жиналған деректерден мәлім болғаны: «Кооператор” қазіргі Қызылорда қаласының аумағындағы колхоз болатын. Е.Маханов сотталып, ату жазасына кесілгеннен кейін әйелі Нина Николаева 3-5 жастағы екі ұлын және қызын алып Ресейге төркіндеріне көшіп кеткен. Сергейге анасы өлерінің алдында өздерінің туған жері туралы деректерді беріп кеткен көрінеді. Деректерде Баймаханова Назыгүл жөнінде айтылады. Бұл кісінің Сергейге жақындығы қандай? Осы сауалға жауап іздеген қызылордалық Төребек Тәуекелов мұрағат директорының өтініші бойынша көптеген кісілермен жолығады. Ол сол кездегі оқиғаларды біледі деген ақсақалдармен сөйлеседі. Жақын туыстарын білмек болып, аталық, рулық деректерге назар аударады. Тағы бір анықтағаны: Емберген Маханов балалар үйінде тәрбиеленген. Әлгі хатта айтылатын Баймаханова Назыгүл және оның күйеуі Бекпенбетпен Емберген тумалық емес, сыйластық қатынаста болады. Міне, сол Тәуекеловтің іздестіруінің арқасында Назыгүлдің осыдан 30 жыл бұрын Алматыға көшіп кеткені анықталды. Осы деректерді Ақтөреева Сергей Николаевқа жолдайды. Ол өз кезегінде Алматыдағы Назыгүлдің баласы Елғондымен хабарласады. Бірін-бірі таниды. Бұл шын мәнінде 70 жылдан кейінгі жүрек толқытатындай хабар еді.
Г.Ақтөрееваның айтуынша, Сергей Николаев Челябі қаласында тұрады. Қазір зейнетте. Зейнетке шыққанға дейін Челябі облыстық қаржы-бақылау департаментінің бастығы қызметін атқарады. Жоғарыда айтылған деректерге қаныққаннан кейін ол Қызылорда қаласына келіп, облыстық қаржы-бақылау инспекциясының бастығы Рысбек Мәмбетовпен, КГБ полковнигі, зейнеткер Абдат Бапалақовпен жолығады. Мұрағат директорына алғысын жаудырып, өзінің әйелі, балалары үлкен кәсіпкер екенін айтып, атқарған ісі үшін қаржы көмегін көрсеткісі келетінін де сездірген. Гүлсім өзінің қызметтік міндеті екенін айтып, сыйлықтан бас тартады. Міне, Г.Ақтөреева мен Т.Тәуекелов ресейлік С.Николаевқа осындай шын көңілден шыққан риясыз көмегін білдіреді. Азамат деп осыны айт!
С.Николаев қазір Челябінің жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы. Ол алдағы күзде балаларын ертіп өзінің туған жеріне келіп кетпекші. Жерленген жері анықталмаса да, Ресейден анасының қабірінен бір уыс топырақ алып, әкесінің туған ауылына ескерткіш белгі орнатпақшы.
Міне, кешегі соғыстың бір отбасына қатысты тағы бір қасіреті осындай.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз