ДАЛА-ДҮБІРГЕ ДАЙЫНДЫҚ

71

0

ДАЛА-ДҮБІРГЕ ДАЙЫНДЫҚЕл Президентінің биылғы Жолдауы  шеткі аймақ тұрғындарына да зор серпіліс берді. Алдағы тіршілігіне сенім ұялатты. Ауыл адамдары түрлі саладағы кәсіпкерлікке үйірсектегенімен әлі де атакәсіп – мал шаруашылығы мен егіншілікке арқа сүйейді. 
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев жыл басында ел  алдындағы есебінде индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы саласы жаңаша өріс алатынын айтты. «Евразия АгроХолдинг» ЖШС ауданда «COFCO» компаниясымен бірге агроөнеркәсіптік кешені саласындағы инвестициялық жобаларды, ол «Қызылорда AGROPLus» ЖШС томат пастасын өндіру зауытының құрылысын қолға алды. Көкөніс өнімдерін өсіру мен өндіру үшін 2 995,5 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы табысталды. Томат пастасын және концентраттар өндіру ісі де жалғасады. Жоба құны – 2 млрд 850 млн теңге. Өндіріс орны толық қуаттылықта жұмыс істегенде 600 адам жұмыспен қамтылады. 3 000 гектар жерге тамшылатып суару технологиясымен қызанақ егіледі. Жылына 12 750 тонна томат пастасын шығаратын зауыт салынады. Технологиясы Қытай мемлекетінен әкелінбек. Сыр өңірінің негізгі дақылы – күріштің жаңа сортын пайдалану бағытында бұрыннан пайдаланылып келе жатқан «Ақмаржан» сортын жаңа әрі өнімділігі мол «Лидер» сортымен ауыстырылады. 
Осы тұрғыда ауданда нақты кезеңде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білмек болып аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаевқа хабарласқан едік. «Көктемгі егіске 2 170 тонна күріш тұқымы құйылып, «Маржан» сортының 870 тоннасы І репродукциялы «Лидер» және 28 тонна «Фоварит» сорттарына ауыстырылды. «КазАгроЭкс» компаниясы аудандық филиалының мәліметінше, тексеруге түскен 1 611 тонна күріш тұқымының 787 тоннасы себу дәрежесіне жеткізілді. Бұдан басқа, 16 тонна мақсары тұқымы толық тазаланды. Енді жоңышқа егісі үшін құйылған 13,5 тонна жоңышқа тұқымы тазалануда. 
Биыл аудан бойынша жалпы егіс көлемі 31 617 гектарға межеленіп отыр. Оның ішінде дәндi дақылдар – 10 617, мал азықтық дақылдары – 16 000, картоп, көкөнiс пен бақша дақылдары – 2 555 гектар. Техникалық дақылдар көлемі – 2500 гектар, күріш көлемі – 7 750 гектар. Нарықтағы қымбат бағалы «Лидер» тұқымын аудандастыру бастамасының жүйелі бағыт алғаны құба-құп. Дегенмен, ол күтім мен бапты көбірек керек етеді. Агротехникалық шараларды өте тиімді жүргізіп, қоректік заттарын дер кезінде қолдану шарт. «Ақмаржан» секілді тамыры күшті емес, нәзіктеу. Сондықтан «Лидерге» балаша күтім қажет екенін шама-шарқы шектеулі уақ шаруа қожалық басшыларының қаперіне салған артық емес. 
2017 жылдың егісіне 2 854 тонна минералдық тыңайтқыш керек болса, соның 1 254 тоннасы алынған. 70 пайыз техника дала қосына шығуға әзір. Оның үстіне, биыл аудан әкімшілігінің бастамасына сай жергілікті қаржы есебінен шаруашылықтарға 5 трактор, 7 лазерлі жер тегістегіш, 1 экскаватор, 5 дән сепкіш техника алынуда. 1 990 тонна арзандатылған дизель отыны, 480 тонна бензин, 144 тонна дизель майы қажет болса, осы бағытта тиісті мекемелермен келісімдер жүргізілуде. Оның операторлығына «Қызылорда НефтьТранс» ЖШС бекітілді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз